Онлайн ойын опық жегізбесін
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын. Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ, өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді», – деген болатын.
Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол салу фактісі жиілеп кетті. Интернетте балаларды суицидке итермелейтін 43 топ анықталды. Ата-аналар балаларды компьютерлік ойынмен баурап, өлімге итермелейтін топтар әлі де көп екенін айтуда. Бұған ресми органдар не дейді? Қоғам қауіпті ойындардан қалай сақтанғаны дұрыс?
Қатаң қадағалау қажет
– Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет, – деп атап өтті Президент.
Алайда, ата-аналар балалардың ұялы телефонын қадағалауды назардан тыс қылдыруда. Жақында оқыс оқиғаға тап болған баланың анасынан WhatsApp мессенджерінде түрлі ойындардың қауіптілігі жөнінде айтқан хабарлама тарады. Хабарламада белгісіз әйел дауысы оқушылардың өзіне-өзі қол жұмсайтынын айтады. Балалары ойнайтын SchoolBoy Runaway (мектеп оқушысының қашуы) ойынын тексеруге кеңес береді. Хабарламада ойын балалар арасында дау тудырып, суицидке баруға мәжбүрлейтіні де айтылған. Белгісіз әйел аудио жазбада ата-аналардан балаларымен сөйлесуді және ойынды гаджеттерден дереу жоюды сұрайды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде кең тараған Among Us ойыны жайлы да ата-аналардың өтінішін ескерген Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жедел түрде Мәдениет және ақпарат министрлігінен балаға зиян келтіруі мүмкін Among Us ойынына қатысты жедел тексеру жұмыстарын жүргізуді сұраған. Бұл жөнінде ведомствоның баспасөз қызметі «Ақпарат «Киберқадағалау» порталында орналастырылған, ойынның қауіптілік дәрежесі тексеріледі» деп хабарлады.
Жақында Bilimger сайты балаларға арналған интернеттегі қауіпті ойындардың тізімін ұсынды. Кейбірінің балалардың психологиялық денсаулығына, физикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретінін атады.
Олардың қатарында «Көк кит» (Blue Whale Challenge), «Момо» (Momo Challenge), «Балконнан секіру», «24 сағаттық жоғалу», «Құрғақ түрде тұншықтыру» секілді ойындар бар.
Мәселен, «Көк кит» қауіпті ойыны қатысушылардан 50 күн ішінде күн сайын бір тапсырманы орындауды талап етеді. Тапсырмалар бірінші күндері жеңіл болып көрінгенімен, соңғы тапсырмалар өзін-өзі зақымдау және өз-өзіне қол жұмсау сияқты қауіпті әрекеттерге жетелейді.
Балам аман болсын десеңіз…
Сондай-ақ, баланың психикасына әсер етер деп дабыл қағатын SchoolBoy Runaway ойынының іске қосылғанына екі ай болды. iOS және Android платформаларында оңай жүктеп алуға болатын ойын барысында телеграм мессенджеріне және YouTube каналына тікелей сілтеме көрсетілген. Балаға да керегі сол – кез келген қосымшадан оңай жүктеп алуға деген мүмкіндік.
«Оқушының қашуын» көздейтін ойын жасөспірімдерді үйден, ата-анасынан қашуға үгіттейді. Ойынның бас кейіпкері – Андрей есімді оқушының әрекеттеріне психологтар да бүгінде алаңдаушылық танытып отыр. Ойын сюжеті бала мен ата-ананың қарым-қатынасын алшақтатуға негізделген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері және бар. Психологтардың айтуынша ойынның ережесі бойынша тапсырмаларды орындау барысында әкесіне дәрі беріп ұйықтатуға болатын шарттар бар. Ойын арқылы осы әрекетті көрген бала өмірде де солай істеуі мүмкін. Алайда, қоғамда бұл ойынды сүйсініп ойнайтындар да жоқ емес…
– Егер бұл ойын өте қауіпті болса, оны Play Market қосымшасында мыңдаған адам «тегін» жүктеп алмас еді. Бұл ойынды мектеп жасындағы балалар ғана емес, ересектер де ұнатады, – деп жазыпты Марина есімді әлеуметтік желі пайдаланушысы.
Сондай-ақ, ұлының аталған ойынды ойнайтынына қарсы емес Гүлжазира есімді ана «Менің ұлым мафия ойынына ұқсас Among Us-ты ойнаған. Онда ойыншылар арасындағы бір сатқынды анықтайды. Өздерінің болжамдары арқылы сатқынның кім екендігін хабарлай отырып, бір-бірімен сөйлеседі. Көпшілік дауыс берген адам ойыннан шығады. Қазіргі таңда оқушылар арасында ойындар өлімге апарады дегенге сенбеймін. Мектеп оқушыларының бәрінде смартфон бар», – дейді.
Психологтардың пікірінше, көптеген ойындар алаяқтарды өлтіріп, сатқынды анықтауға арналғандықтан, ойыннан хабары жоқтар оның мағынасын «өліммен» байланыстыратын секілді. Ойын жанкүйерлері кейінде әлеуметтік желілерде оны талқылап, қызықты сәттерін бөлісе отырып, мемуарлар жасауға кіріскен. Мәселен, осы уақытқа дейін қоғам қауіпті санаған Among Us ойынының қызықты мемуарлары әлі бар. Бұл бір жағынан ойынның қоғамда кең қолдауына ие болғанын айғақтап тұрғандай…
Ресми органдар не дейді?
Ресми деректерге сүйенсек, биыл желіде жалған 150-ден астам ақпарат тараған. Оның 50-і бұғатталыпты. 2023 жылы министрлік өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау белгілері бар 16 материалды анықтады. 40 заңсыз материалды жою бойынша шаралар қабылданған. Олардың он алтысында «Қызыл дельфин» және Schoolboy Runaway ойындары туралы ақпарат бар. Олардың он үші жойылған.
Дегенмен, қоғам дүрліккеннен кейін Ішкі істер министрлігі қосымша арнайы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде ешқандай ойыннан баланы өлімге итермелейтін элементтер табылмады. Бірақ, ата- анаға қарсы шық, үйден қашып кет деп жол сілтеп, психикаға кері әсерін тигізеді. Суицидке барған жасөспірімдердің көбі өзіне-өзі мас күйінде қол жұмсаған. Олар шамамен 15-17 жаста еді…
– Қазіргі таңда интернетте бала денсаулығына зиян тигізетін ойындар, видеороликтер таралуда. «WhatsApp» әлеуметтік желісінде «Minecraft» (майнкрафт) секілді кәмелетке толмаған баланың қатысуымен балаларға қауіпті неше түрлі бейнеролик көп. Аталған ойынның ережесі бойынша балалар алақандарын үш рет соғып, кейін терезеден секіріп кетуі тиіс. Ата- аналарға балалардың телефонын қадағалауды тапсырдық, – деді қарағандылық мектеп директоры.
Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртазаның айтуынша, бірде-бір заң адамды сен мынаны істеме, мынаны қарама деп шектей алмайды.
– Мемлекеттің, Үкіметтің парызы – жақсы жолды ұсыну. Негативті жаққа бала бара ма, бармай ма, ол жақындарына, қоршаған ортасына байланысты, – дейді Самат Нұртаза.
Осы жағдайдан кейін Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер министрлігіне қауіпті ойындарды бұғаттау жөнінде хат жолдады.
Цифрлық гигиенаның қарапайым ережелері
Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне байланысты мәселе көтеріп, ата-аналарға үндеу жасаған болатын. Оқу-ағарту министрлігі де баланың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше ереже ұсынды. Сонымен балаңыздың осындай ойын ойнап жүргенін білсеңіз не істеу керек?
Психологтардың сөзіне сүйенсек, мұндай жағдайда баланың сеніміне кіре отырып, оны ойыннан алшақтатуға болады. Алдымен, балаңызға жаңа телефон алып берген кезде телефонға бірге құпиясөз орнатып, геолокация және іздеу қызметін қосыңыз.
Мамандар баланың телефонмен қандай қосымшаны көргенін біліп отыру үшін ата-аналарға бақылау бағдарламасын жүктеуге кеңес береді. Смартфонындағы ата-ана бақылауы қызметін қолданып, балаңыздың онлайн белсенділігін, жүрген жолын бақылаған дұрыс. Жасөспіріммен оның онлайн өмірі жайлы әңгімелесу де маңызды. Осы орайда желідегі кибербуллинг қаупі туралы айтып берген жөн.
Жоғарыда атап өткендей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналғанын атап өтті.
– Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн. Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады, – деді Мемлекет басшысы.
Психологтар да балалардың көруіне тыйым салынған және жағымсыз контентті неліктен көруге болмайтынын түсіндіруді ұсынады. Президент тапсырған үдеден шыға аламыз ба? Не десек те, балаға мөлшерден асқанның бәрі зиян.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz