Онлайн-кеңес: Пікір алаңында – жастар мәселесі

Жастар қауымын алаңдатқан мәселе көп. Қос дипломы бар азаматтардың өзі жұмысқа тұруда біраз қиындық көреді. Лайықты жұмыс болмағандықтан, олардың әлеуметтік ахуалы да мәз еместігі түсінікті. Сондықтан да, жастар мәселесіне ерекше ден қойылуы керек. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ төрағалығымен өткен онлайн-жиында айтылды.

Кеңеске облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қала және аудан  әкімдерінің орынбасарлары, жоғарғы оқу орындарының проректорлары, жастар ресурстық орталықтарының директорлары қатысты.

Онлайн-жиналыс барысында жастарды жұмысқа орналастыру, студенттердің құрылыс жасақтарының және «Серпін» бағдарламасының қызметін ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, волонтерлер жылын ойдағыдай өткізудің жоспарлары пысықталды.

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев өз баяндамасында жастарды толғандырған ең өзекті дүниелерге айрықша тоқталып өтті. Атап айтқанда, жұмыссыздық пен оқуды жаңа тәмамдаған азаматтардың жұмысқа тұрудағы қиындықтары және баспана баспана мәселесі.

Жиынға қатысушылар жастарды толғандырған мәселені оңтайлы шешу жолдарын ұсынды. Ол бойынша, аймағымызда жақында  NEET жастардың мәліметтер базасы әзірленуі мүмкін. Сондай-ақ, жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар көп жағдайда дәл соған мұқтаж жандарға жетпей қалып жатады. Өйткені, тұрғындар арасында ондай бағдарламаның барын білмейтін азаматтар кездесуі мүмкін. Сондықтан да, бағдарламаларды түсіндіруге қоғамдық ұйымдар тартылады. Бұдан бөлек, моноқалалардағы жұмысшы жастар үшін жатақханалар салу ұсынылды. Сондай-ақ, еңбек нарығындағы мамандықтардың қажеттілігін саралай отырып, кәсіби бағдарлау жұмыстарының мақсатын қайта қарау қажеттігі айтылды.

Қазіргі таңда аймағымызда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – жаңа жұмыс орындарын құру. Мұнда, әсіресе, жастардың жұмысқа орналасуына ерекше назар аударылады. Әрине, бұл уақытша жұмыс. Дей тұрғанмен, өзін жақсы қырынан көрсете білген азаматтардың әрі қарай сол компанияда тұрақты жұмысқа қалып қою мүмкіндігі жоғары екенін айта кеткен жөн.

Онлайн-жиналысты қорытындылаған Абзал Нүкенов  қала және аудан әкімдерінің орынбасарларына, мемлекеттік органдардың басшыларына мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыруға бағытталған бірқатар міндеттер қойды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»