Руханият

Он жетіде от кешкен…

Нағидолла Әлібеков – Нұраның біртуар азаматы, соғыс және еңбек ардагері.  1943-1955 жылдар аралығында әскер қатарында болған запастағы офицер, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және Г.Жуков медальдарымен, бейбіт өмірдегі еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Суреттер ұрпақтарының жеке мұрағатынан

Қара бұлтты сейілтіп, күн шуағын сыйлаған ардагерлер қатары жылдан жылға сиреп қалса да, фашизмге соққы берген аталарымыз болашақ ұрпақтардың жарқын келешегін қамтамасыз ету үшін қасық қандарын аяған жоқ. Арада қанша жыл өтсе де, қан майданда «Отан үшін!» деп алға ұмтылған, қаһармандықпен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлер есімі ешқашан ұмытылмайды.

Нағидолла Әлібеков есім-сойы Нұра, қала берді Қарағанды өңіріне етене таныс. Қан майданға 17 жасында өзі сұранып аттанған, тепсе темір үзетін жас жауынгерге жауды жеңіп, елге аман-есен оралып, еліне ерен еңбегін сіңіріп қана қоймай,  ұрпақ сүю бақыты бұйырған екен. Нағидолла ағамызды бір көрген адамның көз алдына қазақ батырларының ұлттық кейпі келетін еді. Еңселі, жауырыны қақпақтай, екі иығына екі кісі мінгендей жаратылысы, сыртқы келбетіне ішкі дүниесі де кеңдігімен сәйкестеніп тұратын. Сондықтан да болар,  неміс басқыншылығымен өткен талай  шайқаста  үш рет оққа ұшып контузияға ұшыраса да, дала госпитальдарында емделген соң  майдан шебіне қайта орала беріпті. Бұл туралы Кеңес Одағының Қорғаныс Министрлігінің әскери медициналық  құжаттамалар мұрағатының 1943-1944 жылдардағы анықтамалары сақталған. Жас жауынгердің  өзінің жасын өзгертіп, 17 жасында қан майданға аттануы да оның батылдығы мен ержүректігін білдірмей ме?!

Енді жауынгердің майдан жолына тоқталсақ дейміз.  1943 жылдың 30 қаңтарында Нұра аудандық әскери комиссариатынан аттанған жас жауынгердің от кешіп, сынға түскен жері Ленинград майданы бопты. Бұл кезең қаланы жаудан босату операциясына тұспа-тұс келген.  Забайкальск әскери округінде атқыштар бригадасында курсант боп, оқу-жаттығудан өтіп, мергендіктің қырсырын меңгерген алғыр жас Ленинград әскери округінің 268-атқыштар дивизиясының бөлім командирі болып алғы шепке аттанған. Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқас елдің бүкіл солтүстік-батыс бөлігін қамтыды. Барлық ұлттардың жауынгерлерімен бірге қазақ жауынгерлері де Ленинградты табан тіреп қорғады. Ленинград маңындағы фашистерді талқандауды қолбасшы генерал-полковник Говоровтың басшылығымен Кеңес командованиесі жедел қарқынмен жүзеге асыра бастады. Ақыры, 18 қаңтарда қоршау бұзылды. 1943 жылдың тамызына дейін созылған Ленинград  шабуылы  нәтижесінде Ленинград облысы тегіс жаудан азат етілді. Одан соң ағамыз Псков түбіндегі қанды шайқасқа қатысып, әрі қарай жауынгер жолы Прибалтика елдерінде жалғасты.

Шайқастарда шыныққан сержантқа енді Кенисберг бағытында жау күшін барлау тапсырмасы жүктелді. Сөйтіп, ол енді өзіне бекітілген топпен барлауға шықты. Барлау кезінде алдыңда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді, жау аумағына еніп оның күшін, қару-жарағының мөлшерін, әскери техникасының шоғырланған орнын анықтап, деректер әкелу міндеті тұрды. Жолда кездескен көптеген қайшылықтарға қарамастан сержант Нағидолла Әлібеков бұл тапсырманы абыроймен орындап шықты және Бас қолбасшыдан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл 1943 жылдың аяғы болатын. Оның әкелген деректері келешекте батыс аймақты Прибалтиканы жаудан азат етуде өте маңызды болып шықты.

…1944 жылдың қаңтарында Нарва қаласын жаудан азат ету барысында ешқандай бұйрықсыз-ақ,  жүрегі, өз байламы арқылы жасаған көзсіз батырлығы үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл медаль жауынгерге жеке ерлігі үшін беріледі екен. Нағидолла Әлібеков осы медальмен төрт мәрте марапатталыпты. Яғни, ол ұрыс даласында батырлық пен ерлік көрсеткенінің айқын дәлелі.  Одан соң соғыстың сұрапыл шайқасындағы жанқиярлық ерліктері үшін Нағидолла Әлібеков  «Қызыл Жұлдыз»  орде­німен марапатталады.

Қанды қырғында жас жауынгердің әскери қабілетін байқаған қолбасшылары оны Вильнюс жаяу әскери училищесіне оқуға жібереді. Бұл дегеніміз, ол енді «кад­ровый офицер» болып, 25 жыл әскери қызметке енгендігін білдіреді.

Бұл  оқу орнын да жақсы аяқтап,  Нағи­долла Бәстенұлы әскери қызметін әрі қарай жалғастыра берді. Соғыс аяқталды, бірақ әскери міндет жалғасты. Енді жауынгер қызметі №344 ерекше авиация­лық техникалық батальонында  ұласты. Рота старшинасы, взвод командирінің көмекшісі, оқу взводының командирі. Әуе атқыштарының авиация техникалық базасында командир, бәрі өз ретімен жүріп жатты, шен де шекпен де қызметке лайық. Бірақ,  елде қалған әке-шешенің жағдайы алаңдата бастады. Себебі, екі үйдің ортасындағы арқа сүйер азамат бір өзі болатын. Бұл кезде елдегі ата-анасы да зейнет­керлік жасқа келіп қалған еді. Ол кісілер де қол қусырып отырмай, жалғызымызды көре алмай қаламыз ба деп, жалғыз асырау­шымыз деп жоғарғы жаққа өтініш түсіре берді. Өтініштері орындалып,  Нағидолла ағамыз әскери қызметтен,  Түркмения Әскери округі құрамында Қытай Халық Республикасында міндетін атқарып жүрген жерінен,  «Соғыс кезінде батальон командирі лауазымына пайдаланылады» деген бұйрықпен босап, елге оралды.

 Бұл 1955 жыл еді. Жалындаған жас­тық шағының 12 жылы соғыс деген жалмауызды ауыздықтауға кеткен-ді. Елге келген соң білімді, алғыр жасқа бірден қызмет беріліп, партия, кеңес органдарында еңбек етті. Сырттай Талғар ауылшаруашылық техникумын бітірді. Оның талабын, ұйымдастырушылық қасиетін байқаған аудан, облыс басшылары Нағидолла ағамызды Алматы жоғарғы партия мектебіне оқуға жіберді. Ол оқуды да ағамыз үздік бітіріп, елге оралды. Ал 1966 жылы ағамыз «Нұра» совхозына директор болып тағайындалды. Ол кезде ол кісінің білімі де тәжірибесі де ұйымдастырушылық қабілеті де зор болатын. Осы шаруашылықты Нағидолла Әлібеков 20 жылға жуық басқарып, сол бір қиын-қыс­тау заманда шаруашылықты құлдыратпай, оның дамуына ерен еңбегін сіңірді. Еңбегі еленіп, үкімет тарапынан 1966 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 1973 жылы  «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Қандай лауазымда болмасын, өзіне жүктелген міндеттерді асқан жауап­кершілікпен, еңбекқорлықпен орындап отырды.  Елінің  қошеметіне  бөленді.

Туған халқының жүрегінен орын тепкен адамның ғұмыры қашан да мәңгілік. Нағидолла Әлібеков – ел намысын жанымен сезген жауынгер. Оның  жауынгерлік жолы, сұрапыл соғыстағы теңдесі жоқ ерліктері мен алған марапаттарын  бір мақалаға сыйғызып жеткізу де мүмкін емес. Бір ерекше атап өтетін жайт, оның жауынгерлік ерліктерін айғақтайтын марапаттар соғыс аяқталған соң да өз иесін тапқан екен. 1951 жылы Кеңес Одағының Маршалы Гречконың өзі қол қойған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі, Жеңістің 40 жылдығына орай Жоғарғы Кеңес Президиумы Жарлығымен 11.03.1985 жылы «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені», көптеген мерейтойлық медальдар, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес, Кеңес Одағының Маршалы Г. Жуков медалі тағы басқа көптеген марапаттар өмірінің соңына дейін жалғаса беріпті.

1999 жылы өмірден озған батыр атамыз өмірінің соңына дейін  өзінің жауынгерлік кейпін жоғалтқан жоқ. Сол әскери адамға тән тіп-тік, жүріс-тұрысы да әскери қалыпта сақталды.

Бірақ сол сұрапыл соғыста алған жаралар тепсе темір үзетін жастың денсаулығына кері әсерін тигізгені һақ. 1986 жылдан ол кісі ІІ топтағы соғыс мүгедегі болып танылды. Құжатында «Ранения полученные при защите СССР» деп жазылған.

Еліне елеулі, халқына қалаулы болған, ар мен намысты ту еткен, қан майданда жан беріп жан алысқан, елі үшін отқа түскен Нұраның біртуары Нағидолла Әлібеков  нағыз жаужүрек жауынгер еді. Ол ел басына күн туғанда адам төзгісіз қиындықтарды басынан өткере отырып, ұрпаққа  шынайы отансүйгіштіктің, ерліктің, патриотизмнің үлгісін көрсетті. Ал біздік қастерлі парыз – Алаштың осы бір қаһарманының есімін мәңгі сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу.

Бикен АХМЕТОВА,
Қазақстанның Құрметті Журналисі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button