Олжас Бектенов «Қарағанды – Балқаш – Алматы» автожолын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында, «Қарағанды – Балқаш – Алматы» автожолын реконструкциялау барысы туралы баяндамаларды тыңдады, деп хабарлайды ortalyq.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда жаңа асфальт бойынша жол қозғалысы қамтамасыз етілген, айналма жолдар тек жол өтпелері салынып жатқан учаскелерде ғана қалып отыр.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының басшысы Дархан Иманашевтың айтуынша, 11 көпір мен нысан бойынша жұмыстар аяқталып, Балқаш қаласын айналып өтетін жерде теміржол көпірі арқылы өтпе жол салынды. Оған қоса тасжол бойында 18 демалыс алаңы, оның ішінде санитариялық-гигиеналық тораптар салынбақ. Жобаны аяқтау үшін қазір жол құрылысы материалдары мен қажетті жайластыру элементтері белсенді түрде дайындалып жатыр.
Үкімет басшысы барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте ол қосымша арнайы техниканы бөлу және ұзын-сонар кептелістерді болдырмау үшін автожолдардағы қар тазалау шараларын күшейтуді талап етті.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА