Спорт

Олжалы оралды

Балқаштық кикбоксшылар Венгрия астанасы Будапештте өткен Әлем чемпионатынан бір алтын, бір қола жүлдемен оралды. 53 мемлекет қатысқан дүбірлі додада 812 спортшы күш сынаған. Жеңіс тұғырына көтерілген жерлесіміз Нұрали Ғалым жасөспірімдер арасында 81 келі салмақта чемпион атанып, ал, жастар арасында Гаухар Сайлаубек 48 келі салмақта екінші қарсыласына ғана есе жіберіп, үшінші орынға тұрақтады. Жарыс жеңімпаздарын жерлестері мен туған-туысқандары Балқаштың автобекетінен зор қошеметпен қарсы алды.

Әжелер шашуын шашып, өнерпаздар қауышу сәтін әнмен әрледі. Құттықтау сөзін арнаған Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов, Шашубай кентінің әкімі Нариман Маңғышев, Балқаш қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әбіш Балжігітов, «Балқаш» спорт клубының басшысы Амангелді Маканалин айтулы бәсекеде спортшылардың ел үмітін ақтағанына тоқталып, алдағы дүбірлі додаларда одан да жоғары жетістіктерге жетуіне сәттілік тіледі. Өз кезегінде сайыпқыран спортшылардың аға жаттықтырушысы Дулат Сәметов Балқаш қаласы әкімдігі мен жанкүйерлер тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдауға алғыс білдіріп, еліміз бен облысымыздың абыройын асқақтатуда аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.

– Біз бұл жарысқа екі жыл дайындық жүргіздік. Әр жар­ыстағы кеткен кемшіліктерді түзедік. Жарыс алдында бір ай көлемінде жаттығу орталығында дайындығымызды пысықтадық. Оңай болған жоқ. Қарсыластар тәжірибелі спортшылар. Гаухар бізде жеті жыл, Нұрали бес жыл жаттығып келеді. Алдағы уақытта Азия, Әлем чемпионатына әзірлік жасаймыз, – дейді кикбокстан аға жаттықтырушы Дулат Сәметов.

Сонымен қатар, кикбоксшылар қолдау көрсеткен халыққа алғыс айтты.

– Үш кездесуде қарсыластарымды басымдықпен жеңдім. Үшінші қарсыласым Польшаның спортшысымен финалда кездесіп, ұпай санымен жеңісті жолды жалғастырдым. Ол – бұған дейін де талай додаларда топ жарып, ысылған спортшы. Тәжірибе мен жаттығу, төгілген тер жеңіске жетеледі. Балқаш қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне, Балқаш көпсалалы колледжіне, бапкерлеріме, ата-анама алғысым шексіз. Және жарыс барысында оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қолдау білдірген Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне рахмет айтамын, – дейді кикбоксшы Нұрали Ғалым.

Айта кетейік, бұған дейін Италияның Венеция ривьерасындағы Лидо-ди-Езоло курорттық қаласында кикбоксингтен өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатынан Гау­хар Сайлаубек олжамен оралған болатын. Бұл жолы бір қарсыласына ұпай санымен ұтылған Гау­хар кеткен есені қайтаруға әзір екендігін айтты. Келесі жарыста ересектер арасында өнер көрсететіндігін тілге тиек етті.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ
Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button