Олкоттың ойлы туындысы
Кітап оқудың пайдасы зор екені көзі ашық жанның бәріне мәлім. Кітап – өмірдің маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы. Оны оқи отырып, адам өзін-өзі жетілдіреді, ой-өрісі, логикасы дамиды. Көптеген кітап адамға идея мен шабыт береді. Сонымен қатар, адамдар өмірде міндетті түрде пайдалы болатын баға жетпес тәжірибе алады. Өзіме әсер еткен тәрбиелік мәні зор кітаптардың бірі – шет ел жазушысы Луииза Мэй Олкоттың «Кішкентай ханымдар» романы туралы айтып беруді жөн көрдім.
Роман бірден өзіне баурап алады. Кітаптың сюжетінде ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы төрт әпкелі-сіңілілердің өмірі баяндалады. Олар – Марч Маргарет, Джо, Бет және Эми. Бұл сюжет кітап авторының балалық шағына ұқсас, өйткені Луииза Мэйдің де үш әпкесі болған.
Төрт түрлі кейіпкер – төрт түрлі психология. Бір үйдің тәрбиесін алса да, әрқайсысы өзгеше әлем. Үлкені отбасының абыройын бірінші орынға қойды, екіншісі еркіндікті жаны қалайды, кейінгі қызы талантты әрі ұялшақ, ал кіші қызына еркелік пен эгоизм тән. Кітапты оқып отырып, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен мейірімділігін байқай аласыз. Үйдің отағасы соғысқа кетіп, бала тәрбиесіне араласа алмайды. Бірақ аналары Марч ханыммен қыздары арасында тығыз қарым-қатынас орнайды. Ана ретінде ол – адалдық пен мейірімділіктің үлгісі. Кейде олар қиындықтарға кезігеді, бірақ Марч ханым әрқашан сүйікті қыздарына қиындыққа мойымауға, жақсылыққа үйретеді.
Оқырман ретінде маған кітаптың ең ұнаған тұсы – феминистік көзқарас. Үйдің екіншісі Джо – қазіргі қыздардың жинақтық образы. Әйелдердің сұлулығы, ақыл-ойы, жан қалауы, өзіне тән қабілеті бар. Мен әйелдер тек махаббатты қалайды дегенге келіспеймін. Джо да тік мінезді және әйел адамның міндеті тұрмысқа шығып, балалы болу деген қоғамдағы таптаурынмен келіспейді. Осы образы арқылы автор қыз баласының жеке тұлға екенін, еркіндікке лайық екенін жеткізеді.
Үйдің үшінші қызы – Бет. Ол – сондай ғажап жан. Біреуге қатты жауап қайтармас бұрын немесе болмашы нәрсеге ашуланбас бұрын ойланады. Ол өшпенділік танытпайды, адамды бір әрекетіне бола бағаламай, әрқашан қолдайды. Әрине, Бет – 11 жастағы кішкентай қыз. Бірақ ол – аға-әпкелерге үлгі жан. Оқиға бойы басты кейіпкерлер өз бойындағы жағымсыз мінезімен күресті. Мег дұрыс жол таңдай алды, Джо енді ашуға булығуды доғарды, Бет батыл бола бастады, ал Эми өзінің өзімшілдігінен арылды.
Бұл шығармада отбасымен дұрыс қарым-қатынас, достық, соғыс кезіндегі жастардың өмірі керемет жазылған. Махаббат та бар. Өзінің әпкелеріне, достарына, айналадағы адамдарға махаббатпен қарауды үйретеді. Ана мен қыздың арасында жылылық пен мейірімнен тұратын әңгіме бар, сондықтан мен осы кітапты жасөспірім қыздарға және аналарына оқуға кеңес беремін. Қорытындылай келе, бұл кітапты оқу арқылы төрт түрлі кейіпкерлердің мінездерінен сабақ алдым және сүйіспеншілікпен өмір сүру керек екенін ұқтым.
Әлемдік классикаға айналған Л.Олкоттың «Кішкентай ханымдар» туындысын оқуға себепкер болған ұстазым, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Марал Ибышеваға алғыс айтамын.
Шырайлым ТӨКЕН,
Б.Момышұлы атындағы ЖББ мектебінің 11-сынып оқушысы
БАЛҚАШ