Олимпиада жолдамасы – Елдос Сметовте
Бүгін Алматыда Олимпиада ойындарына дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасынан қатысатын спортшы анықталды. Бұл бәсекеде Елдос Сметов үздік атанып, Олимпиада жолдамасын иеленді.
Елдос Сметов өз кезегінде командаластары Мағжан Шамшадин мен Нұрқанат Серікбаевпен қатар тұрған еді. Ал, Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық дзюдо федерациясының ережесі бойынша дюдодан Олимпиада ойындарына әр елден әр салмақ бойынша тек бір спортшыдан қатыса алады. Осы ережеге сәйкес 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үш қазақстандық дзюдошы өзара іріктеу белдесуін өткізді. Осылайша тәжірибелі Елдос Сметов өз мансабында үшінші мәрте Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.
Айта кетейік, Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы Олимпиада ойындарына дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасынан 8 дзюдошы қатысады. Оның жетеуі – өз салмақ дәрежелерінде жекелей сайысқа қатысса, бір спортшы аралас-командалық жарыстың лицензиясына ие болды.
Одан бөлек, Олимпиадаға Қазақстан атынан шығатын спортшылардың қатарында Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Нұрлыхан Шархан (-100 кг) сынды тәжірибелі палуандар бар. Әйелдер арасында өтетін белдесуде Абиба Абужақынова (48 кг), Камила Берліқаш (+78 кг), Эсмигүл Куюлова (аралас-командалық жарыс) ел намысын қорғайды.
Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы Олимпиада ойындарында дзюдо бойынша жарыстар 27 шілде мен 3 тамыз аралығына жоспарланған.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.