Олимпиада чемпионы 6505 бөлімінің сарбаздарымен кездесті
Қарағанды қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 6505 әскери бөліміне боксшы, Олимпиада чемпионы, халықаралық спорт шебері Серік Сәпиев арнайы келді.

Спорт саңлағының саптық бөлімге жасаған сапары – әскери қызметшілер үшін үлкен мәртебе болды. Кездесу барысында Серік Жұманғалиұлы жеке құраммен жүздесіп, өзінің спорттағы жолы, жеңістері мен өмірлік ұстанымдары туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Ол жастарға адал еңбек пен Отан алдындағы борышты өтеудің маңызын ерекше атап өтті.
Әскери қызметкерлер мен жас сарбаздар Олимпиада чемпионына түрлі сұрақ қойып, оның спорттағы тәжірибесі мен жеке өмірлік көзқарасы туралы көбірек білуге мүмкіндік алды. Кездесу еркін форматта өтті, жылы әрі шынайы әңгімеге ұласты.
Серік Сәпиев әскери бөлімнің спорт залын аралап, сарбаздардың дене дайындығымен танысты. Ол жас жауынгерлердің физикалық деңгейіне оң баға беріп, спортты өмір салтына айналдырудың артықшылықтарын айтты.
Іс-шара соңында әскери бөлім басшылығы атақты спортшыға алғыс білдіріп, арнайы естелік сыйлық табыстады.
Серік Сәпиевтің келуі 6505 әскери бөлімінің рухын көтеріп, жеке құрамға ерекше шабыт сыйлады. Бұл кездесу жауынгерлердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға деген ынтасын еселей түсті.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ баспасөз қызметі