Қолдау жастарды қанаттандырады
Кеше Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде VIII халықаралық студенттер слеті қорытындыланды. Екі күн бойы қазақстандық және көршілес елдердің студенттері, магистранттары мен докторанттары түрлі тақырыптағы ғылыми жобаларды талдап, пікірталас құрды. Жыл сайынғы шара биыл «Заманауи жастар: инновацияны қалыптастырып, болашаққа ұмтылу» тақырыбымен өтті. Жастарға білім алу, жұмысқа орналасу, табыс табу, бизнес ашуға жаңа мүмкіндіктер беру туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып жүр. Былтыр ғана Президент: «Мен бұған дейін Адал азамат ұғымын ұсындым. Осы орайда жастарымызға арнайы үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, Сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – Сіздер», – деп жастарға сенім білдірді. Ол сенімді білімді, талапты жастар ақтайды. Студенттерді жан-жақты қолдау сол жолда аса маңызды. Халықаралық деңгейдегі шаралар мол мүмкіндік береді.
Шараның ашылу салтанатында оқу орнының ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректоры Мұратбай Сихимбаев, «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы Бекзат Алтынбеков, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Акежан Кутваров, Н.Чернышевский атындағы Саратов ұлттық зерттеу мемлекеттік университетінің доценті Зульфия Байниязова сөз сөйледі. Олардың барлығы да жастардың ізденіске ден қойып, ғылыммен айналысуы елдің жарқын болашағы үшін маңызды екенін тілге тиек етті. Оның ішінде, Бекзат Қомарұлы жастарды Президент Ұлттық Құрылтайда айтқан бес әлеуметтік кеселден алыс болуға шақырды. Отбасындағы құндылық, ұлттық тәрбие мәселелеріне тоқталды.
– Статистикалық деректер Қазақстан әлем бойынша ажырасу бойынша екінші, оның ішінде, елде Қарағанды облысы бірінші орында екенін көрсетіп тұр. Бұл – ұлтымыз үшін үлкен қауіп. Ажырасқанда бір әйел – жесір, балалар – жетім қалады. Алимент ретінде төленетін әке табысының 25 пайызы балаға ана мен әкенің орнын баса алмайды. Мен Парламент депутаттарының алдында ажырасатын адам айыппұл төлесін деген ұсыныс айттым. Біздің халық қалтасынан қағылмайынша, ойланбайтынын уақыт көрсетті. Айыппұл төлемейін деп жол жүру ережесін сақтайды, беталды түкірмейді, камераға түсіп қалғысы келмейді. Ал, қоғам алдында, ұрпақ алдында үлкен қылмыс жасап тұрған кезде неге айыппұл төлемейміз? Мәселе – осында, – деді Бекзат Алтынбеков.
Сонымен қатар, ол жастарды денсаулыққа зиянды заттардан аулақ болуға шақырды.
– Вейп, насыбайға, ішімдікке тыйым салынған. Мұның барлығы ұлт болашағы үшін жасалып жатыр. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену керек. Мына жерде менің балаларымдай қыздар мен ұлдар отыр. Сендерді ғылым мен білім жолына қадам басқан ақылды жастар деп білемін. Армандарың аласармасын! – деді Бекзат Қомарұлы.
Бұл күні пленарлық отырыс пен секциялардың жұмысы өтті. Мұнда өз ғылыми-зерттеуін ұсынғандардың бірі осы оқу орнының 3 курс студенті – Айзат Жақсылықов. Оның зерттеуі жасанды интеллектіні елде және шет елдерде құқықтық реттеу турасында.
– Бізге жыл басында айтылды. Содан бері ғылыми жетекшім екеуміз осы мәселені зерттеп көрдік. Мұнда айта кетерлігі, жасанды интеллектіге қатысты заң АҚШ, Еуроодақ елдерінің кейбірінде ғана бар. Біздің елде заң жобасы ретінде әлі де қарастырылып жатыр. Дегенмен, жасанды интеллект мысалдары денсаулық сақтау, сот жүйесінде, мемлекеттік аппаратта, еңбек нарығында былтырдан бері белсенді түрде қолданылуда. Бұл тақырып өзіме ұнайды, оны ағылшын тілінде таныстырамын, – дейді ол.
Экономикалық және құқықтық ілімдер ғылыми-зерттеу институтының директоры Талғат Хановтың айтуынша, шара жастарды ғылымға, зерттеу ісіне тартуды көздейді.
– Слетке қатысуға Ресей Федерациясының бірнеше университетінен, Түркиядан өтінім келіп түсті. Инновациялық жобалар конкурсына да бірқатар өтініштер түскен. Оның жеңімпаздары арнайы дипломмен марапатталады, – дейді Талғат Ханов.
Басты мақсат – жас зерттеушілердің өзін-өзі кәсіби және шығармашылық тұрғыдан дамуы үшін жағдай жасау, цифрлық трансформация жағдайында дарынды жастарды анықтау және қолдау.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz