Ресми

Қолдау экономикаға екпін береді

2050 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесін 50%-ға дейін арттыру – стратегиялық міндет. Ел экономикасының барлық салаларында шағын нарықтық құрылымдардың қалыптасуы экономикалық процестердің жаһандық экономикалық тенденцияларына сай етеді. Биыл бизнесті қаржылай қолдауға республикалық, облыстық бюджеттен 23 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл бес мыңнан астам бизнес-жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берген. Сәрсенбі күні қоғамдық кеңес мүшелері кезекті отырыс аясында өңірдегі бизнес ахуал төңірегінде сөз өрбітті.

Алдымен сөз алған облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Дастан Құдабаев:

Өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлерді қолдау назарымызда. Айталық, осы жылы 8,5 млрд. теңге инвестиция сомасына экономиканың өңдеуші секторының 87 жобасы субсидия алды. Атаулы субсидиялау құралымен барлық инвестициялық портфельдің 35%-ы қамтылды. Осы тұста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірде жеңіл өнеркәсіпті дамыту міндеті қойылғанын атап өткім келеді. Биыл біздің жетекші өндірушілер «Даму» қорының субсидиялауы мен кепілдігін пайдаланды. Атап айтсақ, «Тэгам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Абай тігін фабрикасы» айналым қаражатын толықтыру үшін мүмкіндікті сәтімен пайдаланды, – деген мәліметті алға тартты.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнесті қолдаудың тағы бір маңызды құралы болып, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу екендігін біреу білсе, біреу білмес. Осы жылы өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында 26,8 млрд. теңге инвестиция сомасына төрт жоба бақылауға алынған. Нұра, Қарқаралы аудандары мен Саран қаласында су тарту құрылыстары, су құбыры мен кәріз желілері, электрмен жабдықтау және газ құбырын жүргізу жобалары кезекте тұр. Жоғарыда аталған қаржылық қолдау шаралары негізінен жұмыс істеп тұрған бизнеске бағытталған. Ал, тың бизнес-идея, соны стартап жобасын іске асыру үшін әрқайсысы бес млн. теңгеге дейін гранттық қаржыландыру құралының пайдасы көл-көсір. Биыл бұл бастаманы іске асыруға 146 млн. теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырсақ, бұл сома – бес есе артық. Конкурс­қа қатысуға барлығы 610 өтінім түскенімен, қатысуға 410 өтінімге рұқсат етілген. Конкурстық комиссия қорытындысы бойынша облыстың 11 өңірінен 30 жеңімпаз анықталған. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жоба иелерінің көбісі экономиканың өңдеуші секторын дамытуға мүдделі.

Енді аймақтық деңгейдегі қар­жылық қолдау амалдарына тоқталып өтсек, бизнесті қаржы­лық қол­дауды кеңейту мақсатында «Даму» қорымен бірлесіп, «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылғанын былайғы ел біледі. Бағдарлама облыс орталығы мен моноқалаларда экономиканың басым секторларын қолдау үшін әзірленген. Бизнес үшін түпкілікті мөлшерлеме 7%-ды құрайды. Бір қарыз алушыға ең жоғары лимит – бес жылға дейінгі мерзімге 50 млн. теңгеге дейін. Өткен жылдың ауыспалы қаражатын ескере отырып, жалпы инвестиция­лық портфель 1,5 млрд. теңгені құрайды. Бүгінде 1,1 млрд. теңге сомасына 33 жоба қолдау тапты. Өңірлік қолдаудың арқасында Қарағандыда жаңадан инвиктус фитнес клубы, фотосалон Балқашта мейрамхана ісін жолға қойған. Сондай-ақ, қабырға блогы, құрғақ қоспалар, бояу, құрама темірбетон конструкцияларын, кондиционер, матрас және тамақ өнімдерін өндіру ісі қайта жаңғыртылды.

Қаржылық қолдау шараларының нәтижесінде бизнестің іскерлік белсенділігінің өсуі байқалады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,2%-ға артып, бүгінде 100,5 мың бірлікке жеткен. Биыл 11 мыңнан астам жаңа компания ашылды. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны 8,9%-ға (242256 адам) өсіп, облыстың барлық жұмыспен қамтылған халқының 45%-ын құрайды.

Шағын және орта бизнес өнімдерінің өндірісі 3,4%-ға артып, шамамен 1,2 трлн. теңгеге жетіп жығылды. Бағдарламаны іске асырудың әлеуметтік әсері 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру деген сөз. Жалпы, мемлекеттік деңгейде шағын және орта кәсіпкерлікті сапалы қолдау өте маңызды. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес бұл өз өндірісін, халықты жұмыспен қамтуды, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыруды және бәсекелестік ортаны қалыптастыруды қамтамасыз ететін облыс пен елдің экономикалық дамуының тірегі.

Қоғамдық кеңес мүшелері спикер мәлімдемесін қызу талқылады.

Мемлекет жұмыс істеп тұрған бизнесті де, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді де барынша қолдайды. Қоғам белсенділері мемлекеттік органдардан барлық істерде мүмкіндігінше ашық болуына мүдделі. Алайда, грант ала алмаған кейбір жас кәсіпкерлер шағымданып жататынын да жасырмады. Жастар «Грантты тек пара бергендер ғана алады» деген тосын уәжге Дастан Амангелдіұлының берер жауабы даяр болып шықты.

– Олар бетпе-бет келіп, кімге жалпы қанша бергенін айтсын. Сосын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке бірге барайық. Грантты саралау кезінде комиссия құрамына елге белгілі құрметті азаматтар енді. Бұған қоса, алқа ісін бақылаушылар да қатысты. Әр жоба кворум шегінде хаттамаға толтырылды. Мұндай мөлдір шартқа келіспей жататын кез келген кәсіпкер, тіпті, өз көзқарасын сотта қорғауға құқылы, – деп түйіндеді сөзін өңірдің бас кәсіпкері.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Суретті түсірген автор
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button