Қолдау барда өрлеу бар
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш қаласының экономикалық жағдайымен, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан құрылыстармен танысып, бірқатар нысандардың ашылуына куәгер болды.
Алдымен облыс басшысы Балқаштағы кәріз желілерін, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Жыл басында жөндеу жұмыстарын қолға алу туралы шешім қабылданған. Өйткені, құбырлардың тозығы жеткен. Сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту – Балқашта басым бағытқа ие болып отыр. Себебі, бүгінде қаланың кейбір учаскелерінде коммуналдық желілердің тозуы 75 пайызға дейін жеткен. Бүгінде қалада магистральдық жылу желілерін қалыпқа келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, магистраль ішіндегі және орамішілік жылу желілерін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл 25 шақырым жөнделді. Осылайша, қаладағы желілердің тозуы 75 пайыздан 65 пайызға дейін төмендеді. Жаңарту жұмыстары жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға және жүйеде қысымды арттыруға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, қаланың шалғай аудандары үшін өте маңызды. Қала әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, су құбыры және кәріз желілерін жөндеу кестеге сай жүргізілуде.
– Қаланың 90-шы орамында 320 метр су құбыры ауыстырылды. Ұзындығы 850 метр болатын 8 Наурыз көшесіндегі құбырларды ауыстыру үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Тоқырау – Саяқ су құбыры бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда 160 шақырым апатты учаскелердің 72 шақырымы ауыстырылды. Келесі жылы осы су ағардың шамамен 20 шақырымын жаңарту жоспарлануда. Бұл ауыз су жүйесіндегі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – деді Сапар Сатаев.
Сонымен қатар, Ермағанбет Бөлекпаев көл жағалауына барып, абаттандыру жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көрді. Мұнда жоба екі кезеңге бөлінген. Әзірге, бірінші кезең 80%-ға аяқталған. Сондай-ақ, жаяу жүргінші жолы, субұрқағын салу, аумақты абаттандыру және жарықтандыру орнату жұмыстары жалғасуда. Екінші кезеңде тренажерлар және скейт-паркі бар спорт аймақтарын, балалар алаңдары мен демалыс орыны салынады. Алдағы кезеңде абаттандырылған жағалау қалалықтар үшін және қала қонақтары үшін қаланың символы болмақ. Туризмді дамыту үшін де маңызды. Жағалауды абаттандыру аясында көк, ақшыл көк, ақшыл сары және жасыл түсті резеңке-каучук жабыны бар балалар ойыны және спорт алаңдарын жабдықтау жоспарлануда. Балалардың ойын кешендері әр түрлі жас топтарына арналған. Боялған асфальтбетон жабыны мен велосипед тұрағы бар ені үш метр заманауи велосипед жолы салынбақшы. Сондай-ақ, жағалауда желкенді қайық тәрізді жеті субұрқақтан тұратын ерекше кешен болады. Облыс басшысы мердігерлердің есептерін тыңдап, жобаға сәйкес барлық жұмыстарды орындауды және жоспарланған мерзімдерден қалыс қалмауды тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімі шағын шаһардағы жаңа жедел жәрдем бекетінің ашылуына қатысты. Сала мамандары тұрғындардың шақырулары мен шағымдарды саралай келе, Балқашта жедел жәрдем бекетінің құрылысы басталған болатын. Бүгінде сол бекеттің құрылысы аяқталып, жұмысын бастап кетті. 30 жыл бойы орталық аурухананың мекемесінде жүрген жедел жәрдем қызметкерлерінің жаңа ғимаратқа қолдары енді жетті. Орталық аурухананың жанындағы жеке ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілген. Тіпті, инженерлік жүйелері де жаңартылған. Төбесі ауыстырылып, өртке қарсы қауіпсіздік және бейнебақылау жүйесі орнатылған.
– Бұрын Балқаштың жедел медициналық жәрдем бригадалары стационар жанындағы жеке бөлінген үй-жайларға орналасқан болатын. Кейінде жедел жәрдем бригадаларының еңбек жағдайларын жақсарту қажеттілігі ерекше байқалды. Осыған байланысты, ескі ғимаратты қайта құру туралы шешім қабылданды. Қосалқы станцияда алты жедел жәрдем бригадасы бар. Олар бір жыл аралығында 30 мыңға дейін шақыруға шығып, медициналық қызмет көрсетеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін екі диспетчерлік бекет бар. Демалыс бөлмелері, көліктерге арналған жуу, тұрақ және жөндеу секілді үш бокс қарастырылған, – деді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы Ақылбек Сарбаев.
Мамандардың мәлімдеуінше, стансаның іске қосылуы, қоңыраулар санын азайтып, мамандандырылған медициналық көмекті қолжетімді етеді. Науқастарға неғұрлым жылдам және тиімді көмек көрсетуге ықпал ететін болады.
Сонымен қоса, облыс әкімі алғашқы медициналық және әлеуметтік көмектің үздік тәжірибе орталығының ашылуына қатысты. Балқаш өңірінің 80 мың тұрғынына медициналық көмек көрсету сапасын жақсартатынын атап өтті.
– Сіздер Мемлекет басшысының медицинаны қолдау, осы бағытты жаңғырту және халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі бастамасы туралы білесіздер. Біз осы тапсырма аясында медициналық нысандарды ашып, инновациялар енгізіп жатырмыз – мұның бәрі халыққа сапалы қызмет көрсету үшін. Біз өз тарапымыздан бастамаларды қаржылай қолдаймыз. Біз үшін бірінші кезектегі міндет – осындай нысандарды мүмкіндігінше ашу. Ол үшін біз тұрғын үй саламыз, мамандарға осы медициналық мекемелерде жұмыс істеу үшін көтерме жәрдемақы береміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Балқаш көпсалалы ауруханасы емханасының базасында орналасқан орталық медициналық заманауи диагностикалық жабдықтармен жабдықталған. Орталықта кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек алуға болады. Сондай-ақ, «Халық кеңесі» қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Онда тұрғындар өз өтініштерін қалдыра алады. Саламатты өмір салты кабинеті барлық тілек білдірушілер үшін пайдалы болмақ.
– Мұнда медициналық, әлеуметтік және психологиялық қызметтердің симбиозы – отбасылық медицина принципі қарастырылған. Отбасылық дәрігер, қамқоршы медбике, акушер, психолог және әлеуметтік қызметкерден тұратын көпсалалы топ белгілі бір отбасымен айналысады. Және ауруларға әкелетін себептерді анықтайды. Орталық «Науқастың 5 минутта байқағаны» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Тіркеуден бастап-ақ, пациент 5 минут ішінде өзіне қажетті ақпаратты алуы керек. Кіреберісте екі инфотабло бар, сұрақтарға жауап беретін жүйелік әкімші бар. Биыл біздің мемлекетіміз Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындарының бес отбасылық дәрігерлерімен толықты, – дейді Балқаш көпсалалы ауруханасының директоры Серікбол Түсіпбеков.
Сондай-ақ, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, академик Төлебай Рахыпбеков мұндай орталықтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үздік әдістемесі бойынша іске асырылып жатқанын айтып, қала жұртшылығын құттықтап, дәрігерлер жұмысына сәттілік тіледі. Оның айтуынша, орталықтың ашылуы емхана құрылымына көптеген оң өзгеріс әкеледі. Атап айтқанда, емханада өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, халық кеңесі, тренинг орталықтары, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті модель бөлмесі, денсаулық мектептері және отбасылық медицинаның жаңа моделі өз жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Орталық жұмысының нәтижесінде жаңа медициналық-әлеуметтік көмектің қолжетімділігі мен сапасы жақсармақ. Сонымен қатар, қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануын арттыруға зор ықпал етеді.
Биылдың өзінде Балқашта денсаулық сақтау саласында біраз жетістіктер мен ауқымды жобалар жүзеге асқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жас маман дәрігерлерді қызметтік тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мақсатында қалалық аурухана аумағында 30 пәтерлі үш қабатты ғимарат жөнделген болатын. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ақ халатты абзал жандарды құттықтап, бірнеше жас дәрігерге баспана кiлтiн табыс етті.
Жаңа қонысқа көшіп келген мамандар жұмыспен қамтамасыз етіліп, тұрғын үй мәселесі шешілгендігін қуанышпен жеткізді. Жиһаз және тұрмыстық техникамен жабдықталған пәтерлеріне кіріп қуанышқа бөленді. Қоныстойын тойлап жатқан дәрігерлер қатарында Қарағанды облысынан келген жас маман, дәрігер-гинеколог Хажай Орал да бар. Жас маман қолдау білдірген жандарға алғысын айтты.
– Мен отбасыммен бірге көшіп келдім. Келген уақытта баспана мәселесі қиын болып, пәтер жалдауға тура келді. Тұрған пәтеріміз қолайсыздық туғызды. Мәселені оңынан шешіп, жаңа үй берген, қалаға келген мамандарды қолдап жатқан басшыларға алғыс білдіремін. Алдағы уақытта қала халқының денсаулығын жақсартуға аянбай еңбек етуге дайынмын, – деді Хажай Орал.
Жас мамандардың шаңырағына кіріп, қоныстарына құтты болсын айтқан облыс басшысы балқаштықтардың облыс орталығына бармай-ақ уақытылы медициналық көмек алуы үшін ауданаралық ауруханаға 25 жас маман тартылғандығын жеткізді. Олардың арасында анестезиолог-реаниматолог, травматологтар, невропатологтар, акушер-гинекологтар, неонатологтар, педиатрлар, жалпы тәжірибе дәрігерлер бар. Қазіргі уақытта 12 дәрігер резидентурада оқуын жалғастыруда. Келесі жылы ол мамандар Балқашқа жұмысқа орналастырылмақшы. Облыс бойынша биыл барлығы 130 пәтер берілді. Ал, қалалар мен аудандарға дәрігерлерді тарту үшін көтерме сомасы 1,5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz