Жаңалықтар

Қолдау бар жерде самғау бар

Агроөнеркәсібі өркендеген Арқа өңірінің ауыл шаруашылығы саласындағы та­бысында өсім бар. Кешенді мемлекеттік бағдарламалар, техника паркін жаңартуға берілетін субсидиялар, арзандатылған жанармай қо­ры, тамшылатып суару технологиясы, жалпы агросаладағы цифрлы жаңалықтар Арқа аграрларына айтарлықтай серпін беріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агросаланы дамыту – жалпы елді дамытуға жол ашатынын айтып, ауыл шаруашылығы саласында өндірісті ұлғайту мен инфрақұрылымды да­мыту қажеттігі жөнінде тап­сырма жүктеп келеді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ауқымды жоспар, көшелі көрсеткіш

Қарағанды өңірінің агроөнеркәсіп кешені соңғы жылдары тың серпін алып, даму траекториясын айқындап келеді. Мемлекеттік қолдаудың жүйелі тетіктері, озық технологиялардың өндіріс үдерісіне батыл енгізілуі салаға жаңа тыныс, кең өріс ашты. Биылғы межелер де осы қарқынның үдей түсетінін көрсетеді.

Алдын ала жоспарға сәйкес, 2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 559,6 млрд теңгеге жетпек. Өткен жылы бұл көрсеткіш 531,1 млрд теңгені құрап, сала мамандары күткен межеден жоғары нәтиже көрсеткен еді. Демек, агросектордағы өсім – кездейсоқ құбылыс емес, жүйелі жұмыстың жемісі. Негізгі серпін көзі – дәстүрлі түрдегі өсімдік және мал шаруашылығы.

Өсімдік шаруашылығы бүгінде өңір экономикасының тірегіне айналды. Биыл бұл саладағы өнім көлемі 306 млрд теңгеден асады деп күтілуде. Диқандар ескі сүрлеумен шектелмей, егіс құрылымын жаңғыртып, нарық сұранысына бейім дақылдарға басымдық бере бастады. Соның нәтижесінде көктемгі егіс көлемі 1 млн гектардан асып, 1 082,4 мың гектарға дейін ұлғайтылады.

Дәнді дақылдармен қатар майлы дақылдардың алқабы да кеңейіп келеді. Бұл қадам бір жағынан агросаланы әртараптандыруға жол ашса, екінші жағынан өңдеу өнеркәсібінің жандануына серпін бермек. Картоп пен көкөніс алқаптарының ұлғаюы да ішкі нарықты қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, бүгінгі таңда басты басымдық – өнім көлемінен бұрын оның сапасы мен тиімділігіне ден қою.

– Су ресурстарын ұтымды пайдалану – уақыт талабы. Осы бағытта суармалы жер көлемін 52,7 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Әсіресе Нұра, Осакаров және Шет аудандарында бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Су үнемдеу технологиялары өнімділікті арттыруға ғана емес, табиғи ресурстарды тиімді игеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, майлы дақылдар өндірісін дамыту – стратегиялық міндеттердің бірі. Өңдеу­ші кәсіпорындарды қолдау арқылы біз шикізаттың тұрақты өткізілуін қамтамасыз етіп, ішкі өндірістің қуатын арттыруды көздейміз. Жалпы, мақсат – сан емес, сапа. Сондықтан, барлық бағыттағы жұмыстар өзара сабақтастықта жүргізіліп жатыр, – дейді ол.

Мал шаруашылығы да жүйелі дамуда. Бұл салада да тұрақты өсім бар. Биыл ірі қара саны 432,6 мың басқа жетсе, қой-ешкі 703,6 мың басқа дейін ұлғаяды деп күтілуде. Жылқы шаруашылығының да өрісі кеңейіп, мал басы 412 мыңнан асады.

Соған сәйкес өндіріс көлемі де артуда. Ет өндіру 110 мың тоннаға дейін жетсе, сүт өндірісінің көлемі 225 мың тоннадан асады. Ал, жұмыртқа өндірісі 638 млн данаға дейін ұлғайтылмақ. Мұндай нәтижеге қол жеткізу селекция­лық жұмыстарды жандандыру, асыл тұқымды мал үлесін арттыру және жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы көзделіп отыр.

Өңдеу саласы да кезең-кезеңімен жаңғырып келеді. Қолданыстағы кәсіпорындарды модернизациялау және жаңа өндірістер ашу нәтижесінде азықтүлік өндірісінің көлемі 215,1 млрд теңгеге дейін жетеді деп болжануда.

Агроөнеркәсіп кешеніне тартылатын инвестиция көлемі де көңіл қуантады. Биыл бұл көрсеткіш 61,4 млрд теңгені құрайды. Қаржының басым бөлігі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына бағытталады.

– Жалпы сомасы 63,3 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Олардың қатарында тауарлы-сүт фермаларын салу, суармалы жерлерді айналымға енгізу және өндірістік инфрақұрылымды дамыту бар. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау шаралары да ауқымды. Биыл субсидия көлемі 24,4 млрд теңгеге жетеді. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарын қолдауға 4,8 млрд теңге қарас­тырылған, – дейді Сырым Бейсебайұлы.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Пайдаланылмай жатқан 130 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, қайта айналымға енгізілмек. Бұған қоса, бұған дейін қайтарылған 2 млн гектарға жуық жерді игеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Тұтастай алғанда, Қарағанды өңірінің агроөнеркәсіп кешені жүйелі дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Нақты жоспар, тиімді қолдау және еңбекқор шаруаның үйлесімі – Арқа агросекторының алдағы уақыттағы да еңселі өсіміне кепіл болмақ.

Көктемгі егіс: дайындық пен болжам

Ауыл шаруашылығында жыл он екі айдың ішіндегі ең жауапты кезеңнің бірі – көктемгі дала жұмыстары. Бұл науқанның дер кезінде әрі сапалы жүргізілуі – жыл бойғы еңбектің нәтижесін айқындайды. Сондықтан, Қарағанды облысында бұл бағыттағы дайындық жұмыстары қазірдің өзінде жүйелі қолға алынған.

Бүгінде өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс науқанына қызу әзірлік үстінде. Алдын ала қаржыландыру тетіктерінің арқасында шаруалар тұқым, тыңайтқыш, жанармай сатып алу мен техника жөндеу жұмыстарын ертерек бастап, уақыт ұтуды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде көктемгі жұмысты кідіріссіз өткізуге мүмкіндік береді.

– Биыл минералды тыңайтқыштарды қолдану ауқымы да кеңеймек. Жалпы көлемі 111,6 мың тоннаға жеткізіліп, егіс алқаптарының 44 пайызына, яғни 448,6 мың гектарға енгізу жоспарланған. Бұл – топырақ құнарын арттырып, өнімділікті көбейтеді. Айта кету керек, өткен жылы 80,2 мың тонна тыңайтқыш сатып алынып, ғылыми негізделген қажеттіліктің 86 пайыздан астамы қамтамасыз етілген болатын. Биылғы жоспар бұдан да ауқымды. Нарықта кеңінен қолданылатын аммоний нитраты, аммофос, карбамид, аммоний сульфаты мен кешенді тыңайтқыштар ішінде ең жоғары үлес аммоний нитраты мен аммофосқа тиесілі. Қазіргі уақытта 12,5 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға келісімшарттар жасалып, оның басым бөлігі жеткізіле бастады. Сонымен қатар, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында арнайы қаржыландыру да қарастырылған. Бұл шаралар шаруалардың шығынын азайтып, қажетті ресурстарға қолжетімділікті арттыруға бағытталған, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Тұқым қоры да толық қамтылып отыр. Көктемгі егіске қажетті 109,5 мың тонна тұқым дайындалып, оның сапасын тексеру жұмыстары басталды.

Техника дайындығы да жоғары деңгейде. Биылғы науқанға 11 мыңнан астам трактор, жүздеген егіс кешені мен мыңдаған тұқым сепкіш және топырақ өңдеу агрегаттары жұмылдырылады. Қазіргі таңда техниканың жалпы дайындығы 98 пайызға жуық. Шаруалар көктемгі науқанға толық әзір.

Соңғы жылдары техника паркін жаңарту жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Өткен жылы жүздеген жаңа трактор мен комбайн сатып алынса, биыл да ескі техникаларды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған.

Жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі де – бақылауда. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 17,5 мың тонна дизель отыны бөлінген. Ол айлар бойынша кезең-кезеңімен жеткізілмек.

Қаржыландыру бағытында да нақты қолдау бар. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында ондаған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге миллиардтаған теңге көлемінде несие берілген. Сонымен қатар, «КазАгроҚаржы» арқылы шаруашылықтарға жаңа техника лизингке ұсынылуда.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары «Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы облыстық жедел штабтың тұрақты бақылауында, барлық шаралар нақты жоспарға сәйкес жүргізілуде», – дейді.

Түйіндей айтқанда, уақытылы әрі сапалы дайындық – мол өнімнің алғышарты. Арқа диқандары биыл да осы үдеден шығуға ниетті.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button