Бас тақырып

Қолдау бар жерде самғау бар

Былтыр облыста жер­гілікті бюд­жеттен 1276 жаңа бизнес-жоба қаржы­ландырыл­ған. Одан бөлек, жұмыс істеп тұрған компаниялар да мемлекет қолда­уынан құралақан емес. «Кә­сіпкер» бағдарламасы мен Кә­сіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арнал­ған ұлттық жо­басы­ның арқа­сында ортопедиялық мат­рас және бөлмеаралық есік шы­ға­ратын кәсіпорындар өн­діріс көлемін кеңейтумен қатар, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды жолға қойған.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Этап айтсақ, 2016 жылы құрылған «Фламинго KZ» ЖШС ортопедиялық матрастар шығарады. Компанияда өндірістің толық циклі ортопедиялық серіппелі блокты дайындаудан бастап, дайын өнімді орауға дейінгі процесс қамтылған.

Қазірде жетекші өндірушілердің сапалы материалын пайдалану көптеген импорттық аналогтардан кем түспейтін өнім жасауға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде фабрикада 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Жыл сайын кәсіпорынның салықтық аударымдары да ұлғаюда. «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша алынған қаражат компанияға өндірісті кеңейтуге, жаңа жабдықтар сатып алуға және өнімділікті арттыруға көмектескен.

– Мақсатымыз – аймақта ғана емес, еліміз бойынша танымал брендке айналу. Мемлекеттік қолдаудың тұрақты дамуымызға көмегі мол, – дейді «Фламинго KZ» ЖШС сату бөлімінің бастығы Екатерина Нұрахметова.

Ал, İsmail Doors – ірі тапсырыстарды орындауға әлеуеті жететін облыстағы бөлмеаралық есік шығаратын санаулы компаниялардың бірі.

Бұл кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 10-12 мың есік. Бөлмеаралық есіктердің сертификатталған сапалы материалдардан жасалатынын атап өткен жөн.

Аталған компанияда қазір 20 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын бизнесті кеңейтуге және қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша қолдауға қол жеткізіп отыр.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдау – экономиканың болашағына салынатын инвестиция. 2024 жылы облыстық бюджеттен 1276 жаңа жоба қаржыландырылған. Сонымен қатар, бұрын қабылданған міндеттемелерді субсидиялау да жалғасып жатыр.

– Бизнестің іскерлік белсенділігінің артқаны көз қуантады. Аймақ экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 43,2%-ды құрайды. Қолдаудың маңызды шараларының бірі бөлшек салық мөлшерлемесін екі есеге – 4%-дан 2%-ға дейін төмендету болды. Бұл салық төлеушілер санын 20 есе, ал, салық түсімдерінің сомасын 250 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді, – дейді Ирина Любарская.

Облыс аумағындағы шағын және орта бизнестi дамытудың басым бағыттары өңдеушi және туристiк салалар болып отыр­ғанын да атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button