Қолдау бар жерде самғау бар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде «Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен, кəсіпкерліктің даму қарқыны əлі де болса бəсең, өз əлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мəнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс» деген болатын. Ал, облысымызда кəсіпкерлік саласы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Мəселен, аймағымызда 99 мыңға жуық шағын жəне орта кəсіпкерлік субъектісі бар. Олардың барлығы өңір экономикасының дамуына жəне жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы кадр саясатын табысты іске асыруға үлес қосуда. Бұл тақырыпты өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте облыстық кəсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов пен «Даму» қорының директоры Əсет Тілемісов айтып берді.
Кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде облыстық кəсіпкерлер палатасы 3 негізгі бағыт бойынша оператор болып табылады. Бұл – кəсіпкерлік қыз метке сервистік қолдау көрсету. Екіншісі – кəсіпкерлер мен идеясы бар азаматтарға арналған ақпараттық-консультациялық қызметтер ұсыну. Үшіншісі – «Мен кəсіпкер» бағдарламасының əлеуетін арттыру.
– 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асатын кəсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұлттық жобаның шеңберінде 2723 тұрғынға 9520 офлайн қызмет көрсетілді. Біз ақпараттық қолдауды айтып отырмыз. Бұл – былтырғы жылдың соңғы күндерінде жасалған қорытынды. Мəселен, «Кəсіпкер» жобасы аясында жалпы сомасы 0,3 млрд. теңгеге 9 жоба іске асырылды, 11 жұмыс орны құрылды. Олардың барлығы аудан орталықтары мен моноқалаларда іске асырылды. Ал, ұлттық жоба 4,5 млрд. теңгеге 912 жобаны іске асыруға мүмкіндік берді. Онда 1100-ден астам жұмыс орны ашылды, – деді облыстық кəсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.
Экономиканың барлық секторларында жұмыс істейтін шағын жəне орта бизнес субъектілеріне сервистік қолдау шеңберінде қызметтердің бірнеше түрі ұсынылыпы. Бухгалтерлік жəне салықтық есепті жүргізуге, сондай-ақ, статистикалық есепті жасауға байланысты жəне заң мəселелері мен конкурстық (тендерлік) рəсімдер жөніндегі қызметтер. Қаржыландыру жəне мемлекеттік қолдау шараларын алу мəселелерін қамтитын қызметтер де тізімде. Бизнес-жоспарды əзірлеуге қажеттілері де бар. Бұлардың барлығы Қарағанды облысының Кəсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында өтеусіз негізде көрсетіледі.
«Кəсіпкер» жобасы аясында жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгеге 32 жоба іске асырылып, 41 жұмыс орны құрылды. Ал, ұлттық жоба 2 млрд. теңгеге 415 жобаны іске асыруға мүмкіндік берген. Мұнда 487 жұмыс орны құрылыпты.
Ұлттық жоба аясында палата кəсіпкерліктің əлеуетін арттыру бағыты бойынша ақпараттандыру жұмыстарын қолға алған. Анығырақ айтсақ, шағын жəне орта бизнес өкілдерінің қарым-қабілетін, тəжірибесін дамыту үшін олар қосымша білім алады. Биыл төрт бағыт бекітілген. Мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жəне жиһаз өндірісі. Курстарда сарапшылар мен тəжірибелі мамандар өз білгендерімен бөліседі. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.
Курстарға өтініштерді қабылдау шаралары басталды. Өтінішті жұмыс күндері Тəттімбет көшесіндегі 709-шы үйге 09:00-ден 18:00-ге дейін тапсыра аласыз. Байланыс телефондары – 8-775-104-90-44 (Саят Мұхтаров), 8-771-271-33-66 (Жанар Киштаева). Сондай-ақ, 2022 жылдың наурыз айынан бастап Қарағанды облысының кəсіпкерлер палатасы жанынан Əйелдер кəсіпкерлігін дамыту орталығы ашылған еді. Мұнда кəсібін дөңгелеткен кəсіпкер əйелдер мен кəсіпкерлікті бастағысы келетіндер үшін жеті қызмет түрі көрсетіледі. Орталық жұмысының нəтижесінде 26 əйел өз бизнесін ашып, 17 жұмыс орнын ашқан.
Облыста алғаш рет «Бір ауыл – бір өнім» жобасы сəтті іске асырылған. Оған 50-ге жуық жергілікті кəсіпкер қатысыпты. Жоба қорытындысы бойынша 3 үздік өндіруші анықталған.
Бизнестің құқықтары мен мүдделерін жан-жақты қорғау – облыстық кəсіпкерлер палатасының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Шағымды жан-жақты қарау жəне сындарлы ұсыныстар əзірлеу үшін кəсіпкерлік қызметтің əрбір саласында комитеттер, кəсіпкерлердің құқықтарын қорғау жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылған. Келісімдер шеңберінде бизнес субъектілерінің проблемаларын шешу жөніндегі жол карталары прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен жəне сотпен бірлесіп іске асырылады. Тексеруге мораторийдің аяқталуын ескере отырып, кəсіпкерлер уəкілетті жəне фискалдық органдар тарапынан алдағы тексерулер туралы түсініктемелер мен консультациялар алады. Кеңес отырыстарында проблемалық мəселелер пысықталады. Мобильді аударымдардың, декларациялаудың жəне тексерулердің өзекті мəселелері есепшілер клубының отырысында талқыланады екен. Негізгі мақсат – кəсіпкерлерге жаңа жағдайда қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіру жəне заң бұзушылықтарды болдырмау.
Іс-шаралардың барлық анонстары «Instagram» жəне «Facebook» əлеуметтік желісіндегі палатаның парақшасына жарияланған.
«Даму» қорының директоры атқарған қызметтер жөнінде кеңінен тарқатты. 2023 жылы берілген қарыздың жалпы сомасы 42 741 млн. теңгеге жетіпті. 545 жоба субсидияланған. Кəсіпкер 220 əйелге 11 млрд. теңге сомасына, 32 млрд. теңге сомасына 325 ер кəсіпкерге қолдау көрсетілген.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz