Медицина

Қолдауға зәру қоғам бар

Облыстық мәслихаттың депутаттары облыстық психикалық денсаулық орталығына арнайы ат басын бұрды. Олардың назарына орталық жағдайы мен ондағы науқастардың жай-күйі, жалпы, аймақтың наркологиялық эпидемиологиялық ахуалы ұсынылды. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеу­меттік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова кездесу барысында айтылған мәселелердің назардан тыс қалмайтынын және оларды шешуде депутаттар тарапынан қолдау болатынын жеткізді.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Тұрғындардың менталдық денсаулығы әрі психикалық жай-күйі – маңызды көрсеткіш. Одан бөлек, есірткі және психотропты заттардың таралуы да алаңдатарлық мәселе. Ол күн тәртібінен түскен емес, себебі, ұлттық қауіпсіздік негізі саналады. Сондықтан да, депутаттар облыс­тық психикалық орталық жұмысымен танысты. Шешімін табуға тиіс мәселелерді ұсыныс ретінде қарастыру үшін жазып алды.

Орталық директоры Зулфикар Әбілқасымовтың айтуынша, тұрғындарға наркологиялық көмек бірнеше бағыт бойынша жасалады.

– Ерікті түрде ем жүргізуге арналған 92 орын бар. Оның көбі Қарағандыда, Теміртау мен Балқаш қаласында бес орыннан. Сондай-ақ, сот шешімімен мүжбүрлі түрде емдеуге 200 орын жабдықталған. Ол орталық Саран қаласында. Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларында 24 адамға шақталған күндізгі стационар, диспансерлік бөлім бар. Одан бөлек, ішімдіктен орташа және ауыр деңгейде уланған адамдарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары бар. Облыс орталығында – 40 адамға, Балқашта – 20 және Теміртауда 17 адамға шақталған. Екі химиялық-токсикологиялық орталық жұмыс істейді. Осының барлығы психикалық және наркологиялық қызметті қамтамасыз етеді, – деді Зулфикар Ерденбайұлы.

Орталықта 25 мыңға жуық адам есепте тұр. Оның ішінде, есірткі қолданатын – 7 407 адам, ішімдікке салынған 6 208 адам бар. Мамандардың айтуынша, есірткімен есепте тұрғандар былтыр 7 344 адам болса, биыл – 7 407 адам. Десе де, есірткі мен психотропты заттардың жастар арасында кең таралып, өскелең ұрпақ санасын улап жатқанын қанша айтсақ та, сүйенер нақты деректер жоқ. Себебі, аймақта психотропты заттардың эпидемиологиялық ахуалы туралы толымды дерек болмай отыр. Статистика тыйым салынған заттарды қолданушылар қатарының айтарлықтай артпағанын көрсетсе де, орталық мамандары «эпидемиологиялық ахуал қалыпты» деуге келмейтінін айтады.

– Аймақтың тұтастай эпидемиологиялық ахуалы туралы айта алмаймыз, – деді кездесуде Зулфикар Ерденбайұлы. – Себебі, біздің орталықта тіркеуде тұрғандармен ғана шектеліп отырмыз. Жағдайдың нақты масштабын көре алмаймыз. Сол себепті де, мамырдан мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында сауалнама өткізу жоспары бар. Оның мақсаты – жастар арасында есірткі заттарының таралу жағдайын анықтау. Бұл шешім қабылдап, келесі қадам жасау үшін қажет. Алайда, кең көлемде сауалнама алу үшін Оқу-ағарту министрлігінің арнайы рұқсаты керек. Себебі, баланың сауалнамаға қатысуы ата-анасының келісімімен ғана жүргізіледі. Бұл мәселені күрделендіре түсуде.
Айтылған мәселені мектеп оқушыларының ата-аналарымен өтетін кездесулерде тілге тиек ететінін жеткізді Қадиша Базарбайқызы.

– Мәселенің шешімін іздеу үшін оның мәнін терең түсіну керек. Ата-аналармен кездесу ұйымдастырып, білім, денсаулық сақтау басқармасы мамандарын, жастар мен еріктілерді, құқық қорғау органдары өкілдерін шақырған дұрыс. Бұл жағынан біз қолдауға әзірміз, – деді Қадиша Оспанова.

Мұндағы мәселе – мектептердің әлеуетті нашақорларды жасыруы.

– Ақпараттың таралып кетуінен қор­қады. «Нашақор шыққан мектеп» деген аттан білім ордасы да, ата-аналар да қашады. Сондықтан, сіздердің тараптан құпиялылық сақталуы тиіс, – деді облыс­тық Қоғамдық кеңес төрағасы Серікжан Байбосынов.

Бұл ретте мамандар сауалнаманың анонимді түрде және тек орталық мамандарымен жүргізілетінін атап өтті.

Жалпы, сауалнамалар – ақпарат жинақтаудың негізгі амалы. Сонымен қатар, ақпарат мақсатты топтарды тексеру, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің скринингі, медициналық куәландыру кабинеттерінің, сот сараптамасы институтының, сондай-ақ, ауруханалардан түсетін деректері негізінде қалыптасады. Орталықтың аналитикалық-мониторингтік орталығына түскен статистикалық мәлімет тиісті министрліктерге, жергілікті әкімдіктер мен денсаулық сақтау басқармасына жіберіледі.

Сонымен қатар, аймақта заманауи ESPAD зерттеу жұмысы жүргізілетіні туралы айтылды. Наркологиялық қызмет жетекшісі Динара Мажитованың айтуынша, халықаралық зерттеу жобасы жасөспірімдердің психоактивті заттарды қолдану туралы деректерді қамтиды.

– Жобаны Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері қолға алған. Бүгінгі таңда оны жүргізу үшін барлық шаралар қабылданды. Облыста 13-18 жас аралығында 43 669 бала бар десек, оның 500-і сауалнамаға қатысады. Алты мектеп пен екі колледж анықталды. Жоба қорытындысы келесі жылы шығады. Оның нәтижесінен ел өңірлерінде психоактивті заттардың таралуы туралы тың деректер алуға болады, – деді Динара Мажитова.

Мамандардың айтуынша, қолға алынған зерттеу жұмыстары психоактивті заттардың таралуына қатысты эпидемиологиялық ахуалды нақтылауға мүмкіндік береді.

Орталықтың маңызды қызметтерінің бірі – медициналық-әлеуметтік оңалту. Психотропты заттарға тәуелді адамдарды оңалту науқастың психоәлеуметтік жағдайын талдауға, бейімдеп, дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұндағы оңалту үш кезеңде жүзеге асырылады. Алғашқы екеуі – стационарда, соңғысы амбулаторлық жағдайда өтеді.

Былтыр 128 адам оңалтудан өтті. Оның ішінде, ішімдікке тәуелді – 107 адам, есірткіге тәуелді 21 адам бар. Бұдан бөлек, топтық жұмыстар, отбасылық психотерапия, әлеуметтік бейімдеу, психодиагностика қызметтері 128 адамға көрсетіліпті.

Орталықтағы оңалту қызметін Қадиша Оспанова бастаған депутаттар тобы – Гамаль Тоқсамбаев, Зара Шалабаева, Сейфул-Мәлік Казитов көздерімен көрді. Орталық директорының айтуынша, медициналық-әлеуметтік оңалту қызметі үшін жекелеген тариф жоқ.

– Бүгінгі таңда орталықта есепте тұрған адамдар үшін бюджеттен 16 мың теңге төленеді. Оған диагностика, емдеу, диспансердегі күнделікті тамағы кіреді. Ол медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында төленеді. Өткен жылғы қаржыландыру көлемі – 4 636 475 теңге. Біз тарифті көтеруді ұсынамыз, – деді орталық директоры.

Қадиша Базарбайқызы тиісті ұсыныс болса, депутаттар жеткізуге дайын екендігін алға тартты.
Қазіргі таңда орталықтың медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімінде 20-дан астам науқас жатыр. Олар толықтай ем алып, оңалғанға дейін осында болады.

– Психикалық аурулардың профилактикасы мен реабилитациясы – маңызды міндеттер. Оңалту қызметі үшін жағдай жасау қажет. Бізде көпшілік «психиатрия­лық клиника» деген атаудан-ақ қорқады. Мәселесін айтпай, қоғамнан оқшауланады. Негізі, олардың барлығының емі бар, тиісті ем-шаралардан кейін қалпына келеді. Стационарда ғана емес, консультативтік-диагностикалық көмек те берілгені дұрыс. Қала емханаларында бастап­қы психикалық денсаулық орталықтары ашылып жатыр. Депутаттар мұны қолдайды, қаржыландыру бойынша көмектесуге дайын. Емханаларда кеңес алып, тереңірек анықтау үшін орталықтардың болғаны жақсы бастама. Бүгінде Қарағандыда төрт, Теміртауда – екі, Балқашта бір орталық бар. Тағы екеуі биыл Оңтүстік-Шығыс ауданы мен Майқұдықта ашылады. Бұл халықтың психиатриялық көмек алуға қолжетімділігін арттырады, – дейді Қадиша Оспанова.

Сонымен қатар, бұл маман тапшы­лығын да шешуге сеп. Орталыққа қазіргі есеп бойынша он маман қажет. Орта медициналық персоналға қажеттілік жоқ. Болашақта бастапқы психикалық денсаулық орталықтары барлық қалалар мен аудандарда ашылса, психиатр-наркологтардың қажеттілігі артады. Мәлім болғандай, осы мамандық бойынша бес маман резидентурада білім алып жатыр.

Екі жыл бұрын алынған газды хроматограф кейбір даулы мәселелерде таптыр­мас құралға айналған. Оның көмегімен адам бойында психоактивті заттардың бар-жоғын тексеруге болады. Аппарат психоактивті заттардың халықаралық базасында бар барлық затқа талдау жасап, анықтап бере алады. Егер жаңа түрлері анықталса, базаны толықтырады.

Мамандардың айтуынша, зерттеу адам­ның зәрі арқылы жасалады. Кейде жас­өспірімдердің ата-аналары ақылы түрде жүгінеді екен. Аппарат құны 171 млн теңгеден асады.
Денсаулық сақтау мекемесінің жағ­дайы да депутаттардың назарынан тыс қалған жоқ. Орталық директорының айтуынша, жөндеу жұмыстары 2029-2030 жылдарға жоспарланған.

– Жүргізілген зерттеулер облыстық психикалық денсаулық орталығының жал­пы жабдықталуы 92% десе, тозғанын есептемегенде 75,05%-ды құрайды. Медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында 2024 жылдың сәуір айынан бастап, Қарағанды ​​қаласы, Мұқанов көшесі 35 мекенжайында орналасқан наркологиялық пунктке күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Алайда, мердігердің жауапсыздығынан жұмыс тоқтап қалды. Сапасыз орындалған жұмысты қабылдаған жоқпыз. Қазіргі уақытта мердігерді мемлекеттік сатып алудың «жосықсыз қатысушысы» деп тану және үлгілік шартты бұзу бойынша сот өндірісі жүргізілуде, – деді ол.

Бұл ретте Қадиша Базарбайқызы орталыққа күрделі жөндеу жұмыстарын көрсетілген мерзімінен бұрынырақ бастауға мүмкіндік бар екенін айтты.

– Маусым айында бюджетті нақтылау­ға байланысты облыстық мәслихат депутаттарының отырысы өтеді. Сіздер сол уақыта дейін жобалық-сметалық құжаттарын дайындасаңыздар, қаржыландыру жағынан көмектесуге әзірміз. Себебі, науқастарға жайлы жағдай жасалуы қажет. Кейбір палаталарда алты-жеті адамға дейін жатыр, міне. Наркологиялық орталықтың жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Аурулар қатары көбеюде.
Бұл мұнша ұзаққа созатын мәселе емес деп ойлаймын. Синтетикалық есірткі мен психотропты заттардың таралуы, әсіресе, өскелең ұрпақты олардан сақтандыру туралы ел Президенті үнемі айтып жүр. Сондықтан, бұл мәселенің шешімі көп күттірмеуі керек. Сонымен қатар, міндетті медициналық сақтандыруға қатысты нормативтік-құқықтық базаны өзгерту мәселесін де түртіп алдық. Қазіргі уақыттағы басымдық – орталықтың жөндеу жұмыстарын кешіктірмей науқастардың жағдайын жақсарту. Профилактика да естен шықпауы тиіс. Себебі, мұнда айтылғандай, есірткі қолданатындардың орташа жасы – 18-35 аралығында. Бұл – еңбек етіп, отбасын құрып, ел дамуына үлес қосатын нағыз жалындаған шақ. Жастарды өз өмірін қор қылмай, тыйым салынған заттардан алыстату – тұтас қоғам міндеті. Сондықтан, бүгін облыстық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, құқық қорғау, прокуратура қызметкерлері, мемлекеттік ұйымдар бас қос­ты. Айтылған мәселелердің сөз күйінде қалып қоймай, іс жүзінде шешімін табуына көмектесеміз, – деді тұрақты комиссия төрағасы.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button