Қолданбаған жеделсаты, қордаланған мәселе
Лифт жоқ, шот бар: қарағандылықтар 600 мың теңгеге жуық төлем «қақпанына» түсіп қалды.

Әріптесіміз Ирина Вабищевичтің 5 арнадағы тосын бейнесюжеті бізді де бейжай қалдырмады. Майқұдықтағы бірқатар тұрғындар жаңғырту орталығынан түбіртек алғанымен, лифтке қол жеткізе алмай отыр. Зейнеткер Бибігүл апа сияқты қарттар ең төменгі зейнетақысынан жұмыс істемей тұрған жеделсаты үшін ақша төлеуге мәжбүр. Ортақ мүлікке салынған бұл күдікті төлем шынайы қажеттілікке сай ма, әлде қисынсыз жайт па? Тұрғындар әлі күнге білмей дал. «Лифт бізге жеткен жоқ, ал шоттар жетті» дейді олар жүзі қабарып. Жағымсыз жағдаятқа шағымданған олар лифтіні ешқашан пайдаланбаған, әрі алдағы уақытта да пайдалана қоюы екіталай.
Тұрғындар қолданбайтын лифтіге қандай негізде қаражат төлеу қажеттігін білмей әуре-сарсаңға түскен. Мұндай шешімді кім қабылдайды? Әрі тығырықтан шығар жол бар ма? Майқұдық тұрғыны Бибігүл Ілиясова – зейнет жасындағы ана.
– 76 жастамын. Өмір бойы еңбек етіп, ел қатарлы салық та төледім. Зейнет жасына жеткен соң тыныш та берекелі қарттық кешемін деп ойлаған едім. Осы күні ең төменгі мөлшердегі шағын зейнетақымен күн көрудің өзі оңай емес. Дәрі-дәрмек, коммуналдық төлем, азықтүлік бәрі дерлік қымбаттап жатыр. Енді жарытып жұмыс істемей тұрған, әрі өзім пайдаланбайтын жеделсатыға не үшін ақша төлеуім керек? – деп қынжылады Бибігүл апа.
– Мен лифтке мінбеймін, жоғарғы қабатқа шыға қоймаймын. Ал, ай сайынғы түбіртекте «лифт қызметі» деген жолақ менмұндалап тұр. Бұл қаншалықты әділ? Зейнеткердің әр теңгесі санаулы.
Бибігүл апа мәселенің тек өзіне ғана емес, көпшілік зейнеткерлерге ортақ екенін айтады. Оның сөзінше, заң мен тәртіп тұрғындардың мүддесін тең қорғауы тиіс. Егер қызмет көрсетілмесе, немесе пайдаланылмаса, төлемнің де әділдігі қарастырылуы керек.
– Біз артықшылық сұрамаймыз. Тек әділдік керек. Жасы келген адамның қалтасына салмақ салмай, нақты пайдаланылған қызмет үшін ғана ақы алынса дейміз. Әр тиын – біз үшін еңбекпен келген адал бейнетіміздің зейнеті, – дейді кейуана.
Алғашында қолына түбіртегін алған ол басында бұл бір қателік болар деп, мән бермеген көрінеді. Тұрғынға 589 мың теңге сомасындағы қаражатты төлеу ұсынылған. Бұл – жаңғырту жұмыстары үшін төлем. Оны пәтердің шаршы метрі бойынша есептеп, жеті жылға бөліп қойған. Бір қызығы, атаулы үйдегі жеделсаты үшінші қабаттан бастап көтеріледі екен. Ал, Бибігүл апа сол үшінші қабаттың тұрғыны. Бұған сол қабаттағы үш көршісін қосып қоялық.
Восток-2 шағынауданы, бесінші үй тұрғыны Ольга Касолапова мұндағы үйде тұрғын пәтерлер үшінші қабаттан басталатындығын тілге тиек етті.
– Лифт менің қабатымнан басталады. Енді өзіміз қолданбайтын лифтіге қаражат шығындаудың не қажеті бар? – дейді Ольга ханым.
Оның сөзінше қолданылмас игілік үшін түбіртек жолдап жатқан құзырлы мекемелерге өкпесі қара қазандай өзге тұрғындардың да. Олар мұны ортақ үй мүлкі деп танып, заңға сүйеніп отыр. Қисынына келсек, ортақ мүлік атаулысы барлығына дерлік қолжетімді болмағы ләзім. Мұндағы тұрғындар үйдің оңдалуына қаражат жиналса бірсәрі дейді. Мұндай әділетсіз шешімге тұрғындар наразы.
Қарағанды қаласының тұрғын үй инспекциясының басшысы Тамерлан Абылкасымов болса, Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 2-бабына сәйкес, кондоминиум нысаны – ортақ мүлік болып табылатындығын алға тартады. Шешім тұрғындар жиналысында, кворум қамтамасыз етілген жағдайда ғана қабылдануы тиіс екендігін назарға алды. Өз кезегінде мәселенің мәнісіне үңілген сарапшылар тарабы қолға түбіртек келіп жеткен болса, жалпы механизм қосылды дегенді білдіретінін атап өтті. Демек, түйткілдің ақ-қарасына көз жеткізбек үшін жалпы жиын хаттамасын тексеру қажеттігіне мән берілді. Тұрғындар жиналыс хаттамасын сұрауға құқылы. Үдеріс бұзылған жағдайда, шешімді сот арқылы жарамсыз деп тануға болады.
Тұрғындардың алдағы жоспарына оралсақ, олар мәселені әлеуметтік желіде талқылап қоюмен шектелмей, ресми түрде наразылық білдіріп, сотқа арыз түсіруге дайындалып жатыр. Өйткені, әңгіме ауаны принципті мәселе – әділдік пен заңдылық турасында болып отыр. Олардың айтуынша, дәл жанындағы қапталдас подъездегі көршілері осындай жағдайға тап болып, ортақ жиналыс өткізіп, тиісті органдарға шағымданып, нәтижесінде лифт үшін алынатын төлемді алып тастауға қол жеткізген. Бұл жарқын мысал қазіргі талаптың құр қиял емес, заң аясында шешілуі мүмкін мәселе екенін көрсетеді. Сондықтан, олар да өз құқықтарын қорғауға бел буып отыр.
Алайда, осы жайт бірқатар күрделі сұрақтарды алға тартты. Бір үйдің ішінде, бір мекенжайда орналасқан подъездер арасында төлем тәртібінің әртүрлі болуы құқықтық олқылықтардың барын аңғартады. Қолданыстағы заңнамада ортақ мүлікке қатысты нормалар болғанымен, нақты пайдаланылмайтын қызмет үшін төлем алу мәселесі түсініксіз тұстарға тіреледі. Нәтижесінде бірінші қабатта тұратын, лифтіні мүлде қолданбайтын адамдар да, жоғары қабаттағы белсенді пайдаланушылармен бірдей ақы төлеуге міндеттеліп отыр.
Бұл жағдай қабаттар мүддесінің қайшылығын да айқын көрсетті. Жоғары қабат тұрғындары лифтінің үздіксіз жұмысын өмірлік қажеттілік деп санайды. Ал, төменгі қабаттағылар өздері пайдаланбайтын қызмет үшін төлеуді әділетсіздік деп қабылдайды. Ортақ мүлік ортақ жауапкершілік жүктейді деген қағида бар болғанымен, ол қағида тұрғындардың әлеуметтік жағдайын, жас ерекшелігін, нақты пайдалану фактісін ескермей қолданылғанда, қоғам ішінде түсінбеушілік туғызады.
Сайып келгенде, адамдар нақты көрсетілмеген немесе пайдаланылмаған қызмет үшін ақша төлеуге мәжбүр болып қалғандай әсерде. Олардың сөзінше, бұл – «ауаға ақша шашумен» тең. Сондықтан, мәселе тек бір түбіртектегі жол туралы емес, заңдағы тепе-теңдік пен әділдік тетіктерін қайта қарау қажеттігі туралы болып отыр. Тұрғындар сот арқылы осы түйінді тарқатып, болашақта мұндай даулардың алдын алатын нақты құқықтық айқындық орнатуды көздейді.
Бұл – тұрғын үй саласындағы жүздеген түйткілдің бір жұпыны мысалы ғана. Келер күндерде де атаулы мәселеге ат ізін салып, сараптауды құп көреміз. Қарапайым бір түбіртек кейде тұтас қоғамның жүйкесін қозғайтын үлкен сұраққа айналады. Ол «ортақ мүлік» деген ұғымның мәнін, «ортақ жауапкершілік» деген қағиданың шегін қайта таразылауға мәжбүр етті. Заң бар жерде – тәртіп болуға тиіс. Ал, тәртіп бар жерде – әділдік салтанат құруы керек. Әйтпесе, үнсіз төленген әр теңге сенімнің жұқаруына айналуы бек мүмкін.
Бәлкім, сот шешімі бір күнде шыға қоймас. Бәлкім, заңның әр тармағы тағы бір мәрте сүзгіден өтер. Бірақ, осы оқиға бір ақиқатты айқын көрсетті: қоғам үнсіз қалмайды. Қарапайым тұрғын да өз құқығын талап ете алады. Лифт іске қосылар, не төлем тәртібі өзгерер. Уақыт өз шешімін табар. Ал бүгінгі таңда маңыздысы – адамдардың бейжай қалмай, заң аясында шындық іздеуі. Өйткені, әділетке бастар жол кейде үшінші қабаттан да басталуы кәдік.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



