Бас тақырып

«Қолдан жасалған проблеманың» шешімі бар ма?

МӘМС – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген үш жылда оған қатысты сын көбеймесе, азайған жоқ. Ауырып тұрғанда керек көмекті апталап, айлап күтесің деп халық зар илейді. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып жүр. Мәселен, былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында «міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады» деп мәлімдеген еді. Арада жыл өтсе де «баяғы жартас – сол жартас».

Өткен аптада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте бұл мәселе тағы айтылды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде сөз қозғаған Президент сегіз бағытты саралап, ұлттың дені сау және сауатты болуы мемлекеттің міндеті екенін баса айтты. «Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деп үміттенеміз. Алайда, бұл жүйедегі қаржы айналымына бақылау жасалмайды», – деді Мемлекет басшысы.

Медициналық сақтандыру жүйесінің жүйесіз жұмысы ең әуелі халыққа кесірін тигізіп жатыр. Халық әлі де дәрігердің қабылдауын күтіп ұзын-сонар кезекте жүр. Дәл қазір ауырып тұрған адам бір ай қайдан күтсін? Медициналық көмекті ақысын төлеп ала салады. Сөйтіп, екі шығындалады. Медициналық сақтандыру бойынша міндетті жарнаны бір төлесе, қысылғанда ақылы қызметке жүгініп екі төлейді. Әлбетте, оған қаражаты болса деңіз.

Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов те айтты. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында ол МӘМС жүйесі арқылы қаралғысы келетін қарапайым халық бірнеше айлап кезек күтуге мәжбүр екенін және бұл қолдан жасалып отырған мәселе екенін алға тартты.

– Қазір азаматтар ауруханаға барып, тексерістен тегін өтемін десе, онда бір ай немесе үш ай күту керек. Ал, егер сол адамдар сол тексерістен ақылы өтемін десе, дәл сол уақытта немесе үш минутта өтуіне болады. Сондықтан, еріксізден ақылы қызметті алуға мәжбүр болады. Онда біз не үшін ай сайын өзіміздің жалақымыздан төлейміз дейді. Бұл негізінен қолдан жасалған проблема. Өйткені, енгізілген қаржыландыру жүйесіне де байланысты болып тұр, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Депутат бұл мәселені шешу үшін МӘМС жүйесі арқылы ұсынылатын қызметтердің ақысы факт бойынша бөлінуі керек дейді.

«Қазір емханалар іс жүзінде ай сайын квота арқылы қаражат алады. Мысалы, бір айға КТ жасауға он квота, МРТ жасауға бес квота беріледі. Ал, егер науқастар саны бұдан көп болса, онда дәрігер науқасты келесі айға жазуға мәжбүр. Осыны ескерсек, ай сайынғы қаржыландырудан бас тарту керек. Көрсетілген қызметтердің ақысы факт бойынша төленуі керек. Науқастарға медициналық ұйымды таңдауда еркіндік беріп, түсініспеушілік болмау үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен медициналық сақтандыру пакетін нақтылауды ұсынамын», – деді депутат.

Медициналық сақтандыру қо­рына ай сайын облыс тұрғындары­нан орташа 4,3 млрд. теңге түседі. Ор­таша есеппен бір адамнан 4,5 мың теңге жарна түседі. Қордың деректеріне сәйкес, 2017 жыл­ғы 1 шілдеден бастап қазіргі уақыт­қа дейінгі кезеңде медициналық сақ­тандыру қорына облыс төлеушілерінен 133,5 млрд. теңге түскен. Былтыр – 51,4 млрд. теңге. Оның 29,2 млрд. теңгесі – жұмыс берушілердің аударымдары, қалғаны жеке кәсіпкерлер, жеке құрылымдар мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін адамдардың жарналары.

Биылғы жылғы наурыздың басындағы дерекке сәйкес, облыста 950 117 адам сақтандырылған. Жүйеден тыс қалған 184 756 адам бар. Бұл халықтың жалпы санының 16,3%-ын құрайды. «Saqtandyry» ақпараттық жүйенің деректері бойынша сақтандырылмағандардың жұмыскерлер – 23%, азаматтық-қоғамдық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер – 2,6%, ЖК/ТЖ – 2,1%, БЖТ төлеушілер – 2,2%, дербес төлеуші – 2,4%, соңғы 12 айда төлемдері жоқ адамдардың үлесі 67,7%-ды құрайды.

– Сақтандырылмағандардың ба­­сы­м бөлігін МӘМС үшін жарналар мен аударымдарды ешқашан төлемеген азаматтар құрайды. Екінші орында – жұмыс берушілерден жарналар мен аударымдар тұрақты емес түскен немесе жұмысқа орналасуға дейін қарызы бар жалдамалы жұмысшылар, – дейді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.

Оның айтуынша, жұмысты ұй­ым­­дастырудағы кемшіліктерді тұрғындардан түсетін өтініштер арқылы бақылап отыруға болады.

– Қорға келіп түсетін өтініштерді талдасақ, азаматтар бірінші кезекте емханаларда медициналық көмектің сапасыз көрсетілуіне шағымданатынын көреміз. Бұл учаскелік дәрігердің қабылдауы, дәрігерді үйге шақыру, мобильді бригадалар, балаларды патронаждау және басқа да қызметтердің сапасы нашар дегенді білдіреді. Екінші орында кеңес беру, диагностикалық қызметтерден бас тарту және ұзақ күту болса, үшінші орында стационарлық көмектің сапасыз көрсетілуі және ауруханаға жатқызудан бас тарту жатады. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің этика мен деонтология­ны бұзу жағдайларына қатысты өтініштерді де айтуға болады, – дейді Ф.Копобаев.

Былтыр облыс тұрғындарынан жалпы саны 1400-ден астам өтініш түскен. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында пациенттерден 326 шағым айтылған. Қор мамандары барлық өтініштер қаралып, расталса, пациенттердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы шешімдер қабылданатынын айтты. Әрине, халықпен кері байланыс орнату – жұмысты жандандыра түсудің бір амалы. Десек те, нақты әрекет етпей, сақтандыру жүйесіне қандай да бір өзгерістер енгізбей өтініш жинап алғаннан кемшілік жойылмасы анық. Халық сол баяғыдай кезегін күтіп жүре береді…

Жансая ОМАРБЕК,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button