Қолайлы орта, оңтайлы орта бизнес
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастағанын атап өтті. «Алайда, орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені, оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек», – деді Президент.

Кәсіпке көмек, экономикаға екпін
Жолдаудан соң арада екі жыл өтті. Ол кезде елдің жаңа экономикалық моделін құрудағы негізгі буын ретінде орта бизнесті жедел дамыту қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Бұл тұрғыда жеткен нәтижелер өңірлік деңгейде, атап айтқанда, Қарағанды облысында қалай іске асырылатынын қарастыру маңызды. Үңіліп көрелік. Қарап отырсақ, аймақтық экономика әлі де ірі де трансұлттық корпорациялардың қызметіне сүйеніп келеді. Орта бизнес қосалқы мердігер, яки, қосалқы функциялардан тыс ойыншы ретінде төбе көрсетеді. Бұған дейін орта бизнес ұзақ мерзімді әрі арзан қаржы иемденуде бірқатар қиындықтарға тап болатын еді. Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға қарамастан іс жүзінде пайдалану кепілге қойылатын жоғары талаптарға байланысты өрбитін еді.
Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі «Даму» қоры арқылы екі жаңа қолдау құралын іске қосты. Қос тиімді тетік кез келген ауқымдағы компанияға, мейлі ол кіші болсын, мейлі ірі болсын, кепіл жеткіліксіз болған күнде де қаржы алуға мүмкіндік береді. Жекелей тоқталар болсақ, алғы тетігі құны 7 млрд теңгеден басталатын ауқымды жобаға есептелген. Өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым мен экспортты қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларын қамтиды. Мемлекет тарабы қарызға кепілдік бергендіктен, бұл банк үшін тәуекелді мейілінше азайтады. Осылайша, бизнестің несие алуы едәуір жеңілдейді.
Ал, екінші қолдау тегершігі шағын және орта кәсіпорынға жасалады. Таза құны 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға тиесілі. Яғни, кәсіпкерлер қажетті қаржыны кепілсіз алады. Бүгінде бес банкпен келісімге қол қойылса, тағы екеуі жұмыс үстінде.
Әріптестер тізімін кеңейту жұмысы жүріп жатыр. Байыпты бағдарламаның алғашқы нәтижесі де белгілі. Жалпы сомасы 3,3 млрд теңгеге 34 жоба қолдау тапқан. Кепілдік беру рәсімі жеңілдетіліп, екі жұмыс күні ішінде орындалады. Мұны алушы – өндіріс, көлік, білім беру секілді түрлі сала өкілі. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін 10 мың жоба қолдау таппақ. 2028 жылға қарай кепілдік портфелінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткізіледі. Сәйкесінше, жыл сайын бизнестің 50 мыңнан астам бастамасына қомақты қолдау көрсетіледі. Даму қорының әріптестері Банк ЦентрКредит, Halyk Bank, Freedom Bank, Fortebank, Bank RBK, Bereke Bank пен Қазақстан-Зираат Интернешнл Банк. Кәсіпкерге несие сомасының 85%-ына дейін қордың кепілдігі берілгендіктен, қарызды оңай ала алады.
Мінекей, осындай үр жаңа тетіктердің арқасында қаржылық инфрақұрылым тұрақты түрде дамып, банктердің тәуекелі азаяды, отандық бизнестің өсу мүмкіндігіне сүбелі үлес қосылады. Бұл бірегей бастамалар экономикалық өсуді жеделдету шаралары шеңберінде іске асырылуда. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге ұлғайту жоспарланғаны хабарланған еді. Осының арқасында, 8 трлн теңгеге дейінгі қаражатты жаңа жобаларды іске қосуға арнап, өндірістің қуатын ұлғайтуға, жоғары өнімді жұмыс орнын құруға мүмкіндік артады.
Кенді өлкеге кең мүмкіндік
Әлбетте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан кейін екі жыл ішінде оң ілгерілеушілік байқалды. Алайда, Қарағанды облысында орта бизнесті дамыту әлі де жүйелі тәсілді талап ететіндей. Институционалдық кедергілерді жою, кооперация арқылы өсуді ынталандыру және қаржыландыруға қол жеткізу аймақтық экономикалық саясаттың басымдықтары болмағы шарт.
Ұлттық экономика министрлігі мен «Даму» қоры іске қосқан екі жаңа қаржылық қолдау тетігі – Қазақстандағы, соның ішінде, орталық облыстағы кәсіпкерлікті сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам. Аталған құралдар кепілсіз немесе жеткіліксіз кепілмен қаржыландыру мәселесін оңтайлы шешуге тың мүмкіндік беріп отыр. «Қос тиімді тетік облысқа не береді?» дейтін болсақ, алдымен қаржыландыру қолжетімділігі артатынын баса аңғарамыз. Ресми деректерге сүйенсек, облыста 60 мыңнан астам тіркелген шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оның кемінде 30-40%-ы несиеге кепіл мүлкінің жоқтығынан қаржыландыруға жете алмай отырғаны тағы аян. «Іздегенге – сұраған». Кепілсіз қаржыландыру (7 млрд теңгеге дейінгі жобалар үшін) аймақтағы 20 мыңнан астам кәсіпкер үшін жаңа мүмкіндік. Ал, ірі жобалар үшін (7 млрд теңгеден жоғары) тиімді тегершік қазыналы Қарағандының индустриялық-инновациялық жобаларына, әсіресе, Саран, Теміртау, Жезқазған сияқты қалалардағы өндіріс нысандарына даңғыл жол ашады.
Енді дүрбі салып тұжырып көрелік. Жыл соңына дейін республикамыз бойынша 10 000 жоба қолдау тапса, оның шамамен 8-10%-ы өндірісті өңірге тиесілі болуы мүмкін. Яғни, ол дегеніміз: 800-1000 жоба. Жалпы сомасы: 80-100 млрд теңге көлемінде кепілдендірілген несие. 2028 жылға дейін – 4-5 мың жоба, жалпы 400-500 млрд теңге айналым деген сөз. Кепілдікпен несиеленген кәсіпорындардың басым бағыты – өндіріс, көлік, инфрақұрылым, білім беру, қызмет көрсету және экспорт. Қарағандының салалық құрылымын ескере отырсақ, өндіріс пен қайта өңдеу салаларында аймақтың металлургия, машина жасау және көмір-химия кешендері жаңа жобаларды ашуға, жабдықтарды жаңартуға соны мүмкіндік алады. Агроөнеркәсіп албарында Абай, Бұқар жырау аудандарында мал шаруашылығы мен егін шаруашылығындағы кооперативтер едәуір қаржыға қол жеткізе алады. Көлік және логистика аясында жағырапиялық жағынан орталықта орналасқан облыс үшін бұл сала – экспорттық күретамыр. Білім беру және қызмет көрсетуде жеке оқу орындары мен оқу орталықтары, медклиникалар, IT-компаниялар несиеге жабдық алып, қызмет ауқымын кеңейте алады.
Иә, «Даму» қорының кепілдік беру тетігі – кенішті өлкенің экономикасын әртараптандыру мен орта бизнесті күшейту үшін тарихи мүмкіндік десек қателеспесіміз анық.
Еркін қаржыландыру аясында
– Мемлекет ұсынып отырған қос қаржылық тетік – орта бизнестің жаңа тынысы. Бұрын шағын бизнеске бағытталған қолдаулар болғанымен, орта кәсіпкерлік көбіне назардан тыс қалып жататын. Ал енді кепілсіз немесе жеткіліксіз кепілмен қаржыландыру мүмкіндігі – бизнес үшін нақты серпіліс. Қарағанды облысы контекстінде бұл өте өзекті. Аймақ индустриалды әлеуетке ие болғанымен, орта деңгейдегі ойыншылар әлі де қосалқы рөлде. Осы тетік арқылы жаңашыл бастамалар жүзеге асады, өндірістік қуаттар жаңғыртылады, кооперациялық байланыстар нығаяды. Болашақта бұл бастама аймақ экономикасын әртараптандырып, бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Орта бизнес – бұл тек экономикалық өсім ғана емес, жұмыс орындары, салық түсімі, әлеуметтік тұрақтылық. Сондықтан жаңа қолдау құралдарын тек қаржылық мүмкіндік деп емес, стратегиялық даму құралы деп қарастыру қажет, – деп санайды экономист, консалтингтік компания жетекшісі Нұржан Әбдіқалықов.
Қош, сонымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында орта бизнестің әлеуетін ояту – жаңа экономикалық үлгінің басты міндеттерінің бірі екенін атап көрсеткен еді. Осы бағытта қабылданған нақты шаралар, соның ішінде, «Даму» қоры арқылы ұсынылған кепілсіз қаржыландыру құралдары – Президент тапсырмасының тікелей орындалып жатқанын айқын көрсетеді. Екі жыл ішінде орта бизнесті алға бастыру жолында нақты істер мен пәрменді бастамалар қолға алынды. Кәсіпкерлікті қолдау бұрынғыдай тек сөз жүзінде емес, қаржылық тетіктер, заңнамалық өзгерістер және инфрақұрылымдық қолдаулар арқылы жүзеге асып жатыр. Бүгінде Қарағанды өңіріндегі кәсіпкерлер үшін бұрын қол жеткізу мүмкін болмаған қаржыландыру есігі ашылды. Бұл – Президент Тоқаев айтқан тұжырымдаманың шынайы іске асуы. Осылайша, әділетті экономикалық жүйе құру жолында орта бизнеске нақты қолдау көрсету – Мемлекет басшысының Жолдауындағы басым бағыттардың бірі ретінде дәйекті орындалып келеді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»