Жаңалықтар

Қолайлы қаладағы оң қадам

Қарағандыда ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмірін жеңілдетуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастама жүзеге аса бастады. Енді көпқабатты үйлердің жоғарғы қабатында тұратын арбаға таңылған жандар далаға кедергісіз шығып, жұмыстарымен айналыса алады. Бұл – инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадам.

Сурет lifeglobe.net

Нақтырақ айтсақ, Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жаңа әлеуметтік жоба пилоттық режимде іске қосылды. Аталған бастаманың облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасымен қолға алынған маңызды әлеуметтік қолдау тетігі екенін атап айту керек.

Жоба аясында заманауи Sano PTR 160 маркалы шынжыр табанды көтергіштер қолданысқа берілді. Бұл құрылғылар арбаға таңылған жандарды көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарынан оңай әрі қауіпсіз түсіріп, қайта көтеруге арналған. Бұған дейін тұрғындар күнделікті серуенге шығу, дүкенге бару немесе дәрігерге көріну үшін туыстарының немесе көршілерінің көмегіне мұқтаж болатын. Кей кездері, тіпті, жедел жәрдем шақыру мүмкін болмай, төтенше жағдайлар қызметінің көмегіне жүгінуге тура келген жағдайлар да болған.

Облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиевтің айтуынша, бұл мәселе қала тұрғындарымен кездесулерде бірнеше мәрте көтерілген. Соның нәтижесінде нақты шешім қабылданып, алғашқы құрылғылар орнатылды.

– Біреу сыртқа шығып, жай серуендегісі келсе, енді біреу жұмысқа немесе ауруханаға баруы мүмкін. Ең бастысы – әр азаматтың қозғалу құқығы мен қала өміріне толыққанды араласу мүмкіндігі болуы керек, – дейді Нияз Сүндеталиев.

Көтергіштер әмбебап, арбаның әр түріне бейімделе алады. Құрылғыларды арнайы дайындықтан өткен екі қыз­меткер басқарады. Бұл – қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету үшін маңызды. Қызметті пайдалану үшін кемінде бір күн бұрын +7-771-981-68-11 нөміріне хабарласып, өтінім беру қажет. Өтінімде мекенжай, байланыс нөмірі және нақты уақыты көрсетілуі тиіс.

Қазір жоба пилоттық кезеңде, мамандар тұрғындар тарапынан сұранысты, қажетті уақыт аралығын және қай аудандарда аса қажет екенін зерттеп жатыр. Бұл деректер жобаны кеңейтуге, қажет болған жағдайда қосымша құрылғылар алуға негіз болмақ.

Кеншілер астанасында басталған жобаны мамандар техникалық шешім ғана емес, үлкен әлеуметтік серпіліс екенін айтады. Қоғамның барша мүшесіне тең мүмкіндік беру жолындағы нақты әрі маңызды қадам. Алдағы жылдары мұндай көтергіштер облыстың өзге қалаларына да жетіп, мыңдаған адамның өмір сапасын жақсартуға ықпал етпек.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button