Спорт

Теміртаулық спортшы Болгарияда бес белдесу өткізіп, қола медаль жеңіп алды

Болгария астанасы Софияда дзюдодан кадеттер арасында өткен әлем чемпионатында теміртаулық Әділжан Жаудинов бес белдесу өткізіп, қола медаль жеңіп алды. Байрақты бәсекеге 71 елдің спортшылары қатысқан болатын.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Әділжан – 16 жаста. Ол Теміртау қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжінің филиалында білім алады.

– Бізге ол үлкен әлеуетпен, яғни, спорт шеберлігіне үміткер мәртебесінде қабылданды. Бұған дейін облыстық және рес­публикалық жарыстарда бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. Әлем чемпионатына жолдама алу үшін Әділжан Еуропа және Азия кубоктары секілді ірі турнирлерде бақ сынап, жеңіс жолын жалғап келеді, – деді мектеп-интернат-колледжінің директоры Мәрия Сәбитова.

Әділжанның салмақ дәрежесі – 90 келіге дейін. Бұл санатта әлемнің 30 үздік дзюдошысы бақ сынады. Әділжан алғашқы белдесуде Франция өкілімен кездессе, екінші жекпе-жегінде Мысыр спортшысын арқадан асыра лақтыру әдісімен ұтты. Үшінші кездесуде жапон дзюдошысынан жеңілгенімен, келесі белдесуде Венгрия спортшысына тізерлей отырып, арқадан асыра лақтыру әдісін қолданып, үштікке таласуға мүмкіндік алды. Қола медаль үшін соңғы айқаста ол Чехия спортшысымен кездесіп, айқын басым түсті.

– Әлбетте, бұл нәтижеге біз қуаныштымыз. Соңғы жылдары дзюдошыларымыз­дан әлем чемпионатында жүлдеге жеткендер жоқ еді. Сондықтан, бұл жүлденің құны жоғары. Оның үстіне, Әділжан – болашағынан зор үміт күттіретін спортшы, алдағы уақытта бірінші орынға да таласа алады, – деп атап өтті Мәрия Сәбитова.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button