Спорт

Қола – қолда, алтын – алда

Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында ұлттық құраманың тоғыз бірдей мүшесі финалға өтті. Олардың арасында екі қарағандылық бар.

Сурет Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен

Атап айтсақ, 71 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан Абылайхан Жүсіпов Тәжікстан өкілі Шохобжон Шукуровпен шеберлік байқасып, оны айқын басымдықпен ұтты. Кездесу Абылайханның бақылауымен өтті. Есеп – 5:0.

Абылайхан Жүсіпов осымен екінші рет бокстан Азия чемпионатының финалына шығып отыр. Әуесқой бокстан оралған жерлесіміздің жекпе-жегін қарап отырып, әжептәуір төселгенін байқадық. Қимылы – шапшаң, соққылары – дөп, қорғанысы да мығым.

Бұдан бөлек, тағы бір жерлесіміз Аида Әбікеева ақтық сынға сүрінбей өтіп, Арқа жұртының мерейін тасытты. Аида Әбікеева 63 келіге дейінгі салмақта таиландтық боксшы Тхананя Сомнуекпен жұдырық түйістіріп, шеберлігін көрсетіп, айқын басымдық танытты. Есеп – 4:1.

Сонымен қатар, өзбекстандық қарсыласымен тартысты жекпе-жек көрсете білген Милана Сафронова қола медаль иеленді.

Милана Сафронова 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Навбахор Хамидовамен жұдырықтасты. Жекпе-жек тартысқа толы болды. Алайда, төрешілер кездесу соңында өзбек боксшысы Навбахор Хамидованың қолын көтерді. Осылайша ол финалға жолдама алып, Милана Сафронова 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

– Мен үшін кездесу өте сәтті өтті. Келесі айналымға сенімді түрде әрі жарақатсыз шықтым. Үш раунд бойы рингті жақсы сезініп, соққылар жасадым. Енді сәл тынығып, ақтық сынға дайындықты бастаймын, – деп атап өтті Абылайхан Жүсіпов.

Қолдағы қоланы қанағат тұтып, алдағы финалдық жекпе-жектерден алтын алуға ниеттіміз!

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button