Қола дәуірінің қорымы табылды
Шет ауданы Өспен ауылдық округінде археологиялық қазба жұмыстары аяқталды. Археолог ғалымдар қола дәуірінің Ақбәйбіше қорымына тиесілі бес жерлеу орындарын тапты. Табылған жәдігерлердің бәрі қола дәуіріне жататындығын радиокөміртекті талдау растап отыр.
Табылған бес қорымның үшеуі ауыл арасындағы жолда болса, қалған екеуі ен далада орналасқан. Барлық жерлеу орындары тоналған. Бірақ, ғалымдар әлі де қызықты артефактілердің табылып қалу мүмкіндігін айтады. Олардың ішінде, сол кезеңдегі өте сапалы керамика бөлшектері бар.
Бір айта кетерлігі, оның құрамындағы саз қазіргі Өспен ауылдық округіне тән, бірақ, керамикалық бұйымдарды өндіру технологиясының өзі Орталық Қазақстанның шеберлеріне тиесілі. Бұдан «Әр түрлі аймақтардан келген қолөнершілер тәжірибе алмасып, бір-бірінен үйренді» деген қорытынды шығаруға болады.
Сонымен қатар, археологтар эмбрион позасында бассыз көмілген адамның қаңқасын тапты. Бұл сол дәуірде өмір сүрген адамдардың күрделі рухани-мәдени идеялары мен дәстүрлерінен хабар береді.
– Барлық жәдігерді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығына тапсырдық. Сол жерден артефактілер Өспен ауылының мұражай қорына бағытталды. Енді оларды сол жақтан көруге мүмкіндік бар, – дейді экспедиция жетекшісі, «EcoProf KZ» ЖШС ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекші археологы Александр Кнутов.
Қазіргі таңда табылған жерлеу орындары қоршауға алынған. Бұл келешекте жәдігерлерді сақтау үшін аса маңызды.
Бұдан бөлек, ғалымдар ХХ ғасырдың басында британдық инженер-конструктор Джон Уилфорд Уорделл салған Сарысу байыту фабрикасының қирандыларын әуеден түрлі ракурстан бейнеге, суретке түсіріп алды.
– Бұл зауыттың қирандылары облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, кейбір жергілікті тұрғындарға, ақпаратты мақсатты түрде зерттеген туристерге белгілі болды. Алайда, нысан танымал болмағандықтан, назар аударылмаған. Біз түсірген суреттер бойынша зауытты қайта құруға, оның архитектурасын іс жүзінде қалпына келтіруге болады, – дейді Александр Кнутов.
Ғалымдар одан бөлек, Сарысу өзенінің бассейні аймағында археологиялық барлау жүргізіп, олар қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне, орта ғасырларға және қазіргі заманға жататын жаңа нысандарды тапты.
Олардың арасында «мұртты» үлкен тас қорған – тасмола археологиялық мәдениеті ерекше мәнге ие. Ол ерте темір дәуіріне жатады және Орталық Қазақстанға тән екенін атап өткен жөн.
Ғалымдар аталған нысандарды зерттеуді әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр.
Өз тілшімізден.