Қолаға қол созды
Халықаралық аренада Қазақстанның атын асқақтатып жүрген жас дарындар қатары тағы бір жетістікпен толықты. Лондонда өткен шахматтан рапид және блиц түрінен командалық әлем чемпионатында қарағандылық 15 жастағы Даниял Сапенов қола жүлдеге ие болды.

Ұлыбритания астанасында өткен беделді додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте ІІ орын иеленді. Одан бөлек, жекелей 10 медаль жеңіп алды. Ал, оның екеуі – алтын.
– Біз нағыз мықты және біртұтас команданы кіл мықтылардан жинадық. Яғни, бүкіл турнирді абыроймен өткізіп, соңына дейін күрескен тәжірибелі ойыншылардың басын қостық. Осы турнирде әлемнің ең мықты командаларымен тең дәрежеде бәсекеге түсуі – шахматшылардың мықтылығын аңғартады. Ойыншыларымыздың жасы мен амбициясын ескере отырып, біз әлі де үлкен үміт күтеміз, – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Турнир барысында Даниял Сапенов өзінің ойын мәдениетімен, сабырлы тактикасымен ерекшеленді. Жасөспірім бірнеше тәжірибелі қарсыласты жеңіп, табандылықтың үлгісін көрсетті. Ал, осы санатта алтын медальді әйгілі гроссмейстер, әлемдік шахмат элитасының мүшесі Алиреза Фирузжа еншіледі.
Айта кетейік, Қарағанды облысы – спорт пен ғылымда талай мықтыны тәрбиелеген аймақ. Енді сол қатарды Даниял Сапенов жалғастырып отыр. Ол шахмат сүйер қауымға таныла бастады. Тек жергілікті деңгейде емес, халықаралық аренада да өзін дәлелдеп келе жатқан дарын иесіне қолдау білдіріп, кәсіби тұрғыда дамуына жағдай жасау – ортақ міндеті.
Өз тілшімізден