Олқылыққа орын жоқ
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Облыстағы барлық білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы – ауқымды әрі маңызды жұмыс. Өйткені, білім саласы – мемлекеттің қозғаушы күші, негізі саналады. Бүгінде мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ісі жалғасуда. Білім беру сапасын арттыруға бағытталған дайындық шаралары жөнінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықов айтып берді.

Төрт мектеп төр ұсынады
Облыста 39 мыңнан аса баланы қамтитын 413 мектепке дейінгі ұйым бар. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 88,7% құрайды. Қазіргі таңда кезекте 5 752 бала тұр.
– Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен сапалы қамту мақсатында жыл басынан бері 5 балабақша ашылып, 851 орынға кеңейтілді. Жыл соңына дейін 4 мың орын ашу жоспарлануда. 2025 жыл аяқталғанша 90,9 % қамту қажет, – деді Мейіржан Сыздықов.
1 наурыздан бастап Қарағанды қаласының мектепке дейінгі ұйымдары толығымен ваучерлік қаржыландыруға көшті. Жобаға 20 мыңнан астам баланы қамтитын 120 мектепке дейінгі ұйым қатысады. Жазғы жинақтау қорытындысы бойынша 12 мыңнан аса ваучер беріліп, балабақшаға 6 145 бала қабылданған.
Орта білім беруге ойыссақ, аймақта биыл 402 мемлекеттік мектепте 175 оқушы үшін жаңа оқу жылы басталады. Ал, 15 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды, олар 100% оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Бүгінде тек 13 мыңнан аса өтініш қабылданған.
Өңірде төрт бірдей жаңа мектеп есігін айқара ашады. Оның бірі – апатты жағдайдағы мектептің орнына салынған Талды ауылындағы 200 орынға арналған білім ошағы. Қалғандары – «Келешек мектебі» жобасы аясында бой көтерген Қарағанды қаласындағы Гүлдер шағын ауданында 300 орынды, Томирис шағын ауданында 1200 орынды және Балқаш қаласында 900 орынды қамтитын мектептер жұмысын бастайды.
Қарағанды қаласындағы бір мектеп, сондай-ақ, Бұқар жырау ауданындағы үш және Шет ауданындағы екі мектеп «Келешек мектебі» жобасы бойынша кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Аталған мектептер бойынша оқушыларды қабылдау және педагогтермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Биыл 265 білім беру объектісіне жөндеу жүргізілуде. Оған 180 мектеп, 64 балабақша, 14 қосымша білім беру, 6 колледж, 1 ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығы кіреді.
Оның ішінде 29 білім беру ұйымы мектептерді жаңарту жоспары шеңберінде қамтылған. Сонымен қатар, 35 ауылдық мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Химия, физика, биология, STEM, робот техникасы пәндерінің заманауи кабинеттерімен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Жаңа оқу жылында 77 жаңа модификацияланған кабинет жарақтандырылады. Нәтижесінде қазіргі заманғы кабинеттермен жарақтандыру көрсеткіші облыс бойынша 80%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды.
Балаларға ыстық тамақ – бақылауда
Жалпыға бірдей білім беру қоры бойынша қаражат бөлуді, ыстық тамақ пен мектеп тасымалын ұйымдастыруды қамтитын және оқушыларды әлеуметтік қолдау жұмыстары жалғасуда. Қор есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 10 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен және кеңсе керек-жарақтарымен қамтамасыз етіледі. 2025 жылы ақшалай көмек мөлшері 46 228 теңге болып бекітілді. Бүгінгі таңда 3 329 адамға материалдық көмек берілген.
Жаңа оқу жылында облыстың барлық мектептерінде тегін ыстық тамақ беру ұйымдастырылады. 67 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылған, оның ішінде 5 мыңға жуығы – жалпыға білім беру қорынан қолдау алатын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап, мектепте тамақтандырудың жаңа стандарты енгізіледі, ас мәзірін ұйымдастыруда елеулі өзгерістерді көздейді. Жаңа стандарт аясында қант, тұз және май мөлшерін азайту, бірқатар зиянды өнімдерді алып тастау, сондай-ақ, жаңа піскен көкөністер, жемістер мен табиғи өнімдердің үлесін арттыру жоспарлануда.
Бүгінгі таңда мектептерде ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметі «Әлеуметтік әмиян» арқылы іске асырылады. Жоспарланған 167 мектептің барлығына аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) орнатылып, «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграциялау толық көлемде аяқталған. Контингенті аз 212 мектепте тегін «Бизнес әмиян» мобильді қосымшасы енгізілді.
Ортақ жауапкершілік
Жаңа оқу жылына дайындық көрсеткіштерінің бірі – кадрлармен қамту. Облыстың білім беру ұйымдарында 24 мыңнан аса педагог жұмыс істейді. 1 қыркүйектен бастап, облыс мектептерінде 350 педагог-кәсіби бағдар беруші жұмыс істейтін болады.
Жаңа оқу жылында дайындық – білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың маңызды кезеңі. Осы орайда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев білім беру ұйымдарын 1 қыркүйекке дейін толыққанды дайын болуын қамтамасыз ету – ортақ мақсат екенін айтты.
– Мемлекет басшысы «Адам капиталын дамыту – елдің тұрақты дамуы, негізі» екенін бірнеше мәрте атап өтті. Бүгінде мемлекет тарапынан қолайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Мектептерді жөндеу, оқу құралдарымен қамтамасыз ету, жылыту маусымына дайындық және қауіпсіз жағдай жасау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Саланы қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді, ал басты күш-жігер – білім сапасын арттыру мен педагогтерді қолдау, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылы басталғанша толыққанды, кідіріссіз дайын болуын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі органдардың бірлескен үйлесімді және тиімді жұмысы қажет. Ермағанбет Бөлекпаев осы жауапкершіліктің негізгі бөлігі жергілікті әкімдерге жүктелетінін айтты.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»