Қолөнершілер байқауы өтті
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған «Наурыз өрнегі — жүрек тілегі» атты қолөнершілер байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – халқымыздың бай мұрасын насихаттау, ұлттық қолөнерге деген қызығушылықты арттыру және шеберлердің шығармашылығын қолдау болды.

Аталған байқауға барлығы 8 жұмыс ұсынылып, қатысушылар өз туындылары арқылы қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдени құндылықтарын шебер бейнелей білді. Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Ю.Гагарин атындағы орта мектептің «Жеті ата» композициясы иеленді. Бірінші орын аудандық мәдениет үйінің «Кәрі жілік» композициясына бұйырды. Екінші орынды Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінің «Қазақтың киіз үйі» туындысы мен Ю.Гагарин атындағы орта мектептің «Шаңырақ» композициясы бөлісті. Ал үшінші орынды аудандық кітапхананың «Наурыз» шығармасы мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Тайқазан» жұмысы қанжығасына байлады.

Бұл байқау ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ата-баба мұрасын жаңғыртуға үлкен үлес қосты. Қолөнер арқылы халқымыздың рухани байлығы мен эстетикалық талғамы кеңінен насихатталып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Осындай тағылымы мол шаралар ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық мәдениетіміздің дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



