Қолөнерге де қолдау керек
Қолөнердің кенжелеп қалмағаны жақсы. Егер құлшыныс пен қолдау болмаса, ынталандыру да жоқ деп есептей беріңіз. «Қолөнерде ұлттың үні бар» дейді есімі көпке таныс Амантай Акишев. Шебердің 5 жыл бұрын Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына жасаған «Бағаналы орда – басты орда» атты туындысын дүйім жұрт ерекше толқыныспен қабылдады. Қолөнер шеберінің тосынсыйларын тамашалап, жаңалығын білмекке шеберханасына бардық.
Көрмеге қойылған қолөнер
Қазіргі таңда дөңгелек әрі бедерлі мүсіндер жасап жүр екен. Тасқа нақыштап ойып сурет салуды (гравировка) да қолға алыпты. Әрине шеберханаға ат басын бұрғандар алдымен білімнен ілімге, бітімгерлікке шақырған баба мүсінін сұрайды. Бұқар жырау Қалқаманұлының өміріне шолу жасаған һас шебер баба мүсініне тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев жоғары баға бергенін айтады. Жақында Бұқар жырау ауданы атынан қасиетті Түркістан шаһарында орналасқан Шаммет ишан музейіне (медресесіне) өзі мұрындық болып орнатқан мемориалдық тақтаның ашылуына барған.
Амантай шебердің қолынан шыққан ғасыр ғұламасы Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына жасаған «12 мүшең сау болса» атты инсталляциясы да көпшіліктің көңілінен шыққан. Оны Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің өлкетану мұражайына сыйлапты. Бұған дейін Амантай Акишев туындыларының бірқатарын Қарағандының жас суретшілері көрмесінен көзіміз шалған. Қолдан шыққан дүниелердің басым көпшілігін Көкшетау, Павлодар, Түркістан, Ақтау қалаларындағы қайтарымсыз мұражайларға табыстапты. Шеберханада жүріп, жасаған туындыларының нақты есебін жүргізе алмадық. Үлкен-кішісі бар шамамен 40-50-ден асады. Көңіл білдіріп, қалап алған елге сыйланғандарды есептемедік.
«Кәсіп көзіне айналып келеді»
Амантайдың айтуынша, мүсін жасау адамды шыдамдылық пен шығармашылыққа тәрбиелейді. Тарихтың терең қойнауына ой жүгіртуге тура келеді. Мүсінді көненің көзіндей әрі тарихтың өзіндей істеу үшін. Шеберге қазіргі таңда оңтайлысы тарихты тереңнен зерделеуге мүмкіндіктің көптігі. Академик, профессорлармен тілдесіп, тікелей байланысқа шыға алу – үлкен олжа. Оған қоса, кез келген дамыған мемлекетте туризмді дамыту жолы – ежелден осы күнге дейін жеткен құнды жәдігерлердің көптігіне байланысты.
– Мүсіннің композициялық шешіміне қарай орындалу уақыты да әрқилы. Бір аптадан айға дейін уақыт алатын жұмыстар бар. Көбінесе көрмеге ұсынған туындыларды тамашалағандар тарапынан тапсырыстар жиі түседі. Бір жағынан кәсіп көзіне айналып келе жатқандай. Кейбір жағдайда монументалды реставрациялық бағытта тапсырыстар болады. «Көз көргенге, көңіл барады» демекші, сол заманнан жеткен мұраға адам ынтық болады. Іргетас қасында, табиғат аясында суретке түсіп, әп-сәтте бірегей жобаға айналдыратын сол турист, – дейді ол.
Туындыларына шетелдіктер көп қызығатынын айтқан ол «Талды әлемдік өркениеттер тоғысында» шарасында шетелдік аудиторияға арнап бірер жоспар түйген.
– Қолөнерге де қолдау керек. Ұлттық мұраны ұлықтап, насихаттауда қолөнердің көмегі көп. Өкініштісі сол – қолөнермен айналысатын орталықтардың саны аз. Бәріміз бірігіп қолөнерге бағытталған шеберхана жұмысын жүргізуді қолға алсақ, көне өнерді, құндылықты қайта жаңғыртамыз, – дейді Амантай Нұртайұлы.
Көңілден шыққан туынды
Мүсіншіге жұртшылық алғыс жаудырған туынды – «Үш таған».
– Дау бетке біліктіні, жау бетке білектіні, жарастыққа жақсылықты жұмсай білген үш нар тұлғаның басын бір жерге жинай алғаныма қуанамын. Алғашқысы – Абылай ханның ақылшысына айналған Бұқар жырау Қалқаманұлы. Сондай-ақ, бабаның жатқан жерін тапқан Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) және баба жатқан жерге кесене тұрғызуға мұрындық болған Ұлы Отан соғысының ардагері, қайраткер Шопанай Әмірханұлының бейнелері сомдалған композиция, – деді ол. «Үш тағанды» жасаған шебер осылайша үлкен міндетті еңсерген.
Биыл – қараңғы қазақ көгіне күн болуды армандаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығы. Берекелі істің басы және соңы алқалы жиындарда бітеді дейтін азамат «мұздаған елдің жүрегін» жібіткен бабаға арнап туынды жасауды бұрыннан ойластырыпты.
– Бала кезімде сүйіспеншілікпен жаттап, айтып жүретін Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдерінің бірі «Шәкірт ойына» туынды жасау ойда еді. Инсталляцияның түпкі мақсаты – жалындап өткен жас ғұмырдың барлық қырын толық тани алмай қалғандығымыз. Десек те, қазақтың білімге алғырлығын, өркениетке құштарлығын аңғару арқылы ақын бейнесі шыға келді. Тағы бір ерекшелігі – есімнің автор бейнесінің үстіне жазылуы. Күн болып шығып, ұрпаққа нұр болып шашылғандығы, – дейді автор.
Шебердің пікірінше, «бiр әрiп үйреткенге – қырық жыл сәлем бер» деп өмірге оң көзқарас қалыптастырған зиялылар тұлғасы мен мұрасын насихаттау жалғаса береді.
Бүгінде Руханият Юнеско клубында ұстаз әрі Бұқар жырау аудандық мәслихатының 7-8 шақырылымның депутаты атанған Амантай Акишевтің жоспары – Өзбекстандағы Бұқара қаласында орналасқан Көкілташ медресесінде мұражай ашу. Келер жаздың жоспары – тарихи мұражайға сапар.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz