Қолөнер – зор өнер
Қарағанды қаласында қолөнершілердің жәрмеңкесі «JADIGER» қолөнершілер қауымдастығының қолдауы аясында ұйымдастырылып, оған 350 шебер мен 30-ға жуық кәсіпкер қатысты.
Олар ұлттық нақыштағы киімдер, сөмкелер, керамикалық бұйымдар, ойыншықтар, косметика сынды өнімдерді келушілер назарына ұсынды. Шеберлер этностильдегі киімдер мен тұрмыстық бұйымдарын саудаға шығара алды.
Бұл туралы «JADIGER» қолөнершілер қауымдастығының жетекшісі Перизат Құлымбетова былай дейді:
– Көпбалалы, үйде отырған, жұмыссыз аналар болғандықтан, оларда сатып алу мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, біз мемлекет тарапынан ұсынылған жәрмеңкелерге жиі қатысып, қолөнершілермен көрме-жәрмеңкелер ұйымдастыруға тырысамыз. Бұл жөнінде «Сарыжайлау» кинотеатрының әкімшілігі ұсынысымызды қабыл алып, 3 күнге созылған қолөнершілер жәрмеңкесін өткізуге тілектестік білдірді, – дейді Перизат Құлымбетова.
Отбасын қолдауда көпбалалы аналарға көмек қолын созып жүрген қоғам жанашыры, «Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығы» КММ директоры Ләззат Қожахметова да өз ойымен бөліскен еді.
– Біздің ұлттық қолөнер бұйымдарымыз бен жәдігерлерміз тек қана қабырғада, сөрелерде тұрмауы керек. Ол кез келген анаға табыс әкелуі қажет. Өйткені, осымен айналысатын аналардың көбі үйде, баласының тәрбиесімен отырған аналар. Сонымен қатар, ұлттық өнерді дамытуда. Сол себепті аналардың, қыз-келіншектердің табыс тапқанын қалаймын, – дейді Ләззат Қожахметова.
Жәрмеңкеге келушілердің қатары қалың. Олар бұйымдарды көріп қана қоймай, өзіне ұнағанын сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Біраз өнім сатылып, табыс тапқан шеберлер дән риза.
Аружан СЕРІКБАЙ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің журналистика бөлімінің III курс студенті.