Қолөнер көрмесі мерекелік көңіл күй сыйлады
Референдум учаскелеріндегі бұқараның көңіл күйі көтеріңкі. Ұйымдастырылған түрлі іс-шара бұл күнге мерекелік сипат бере түскен. Оның бірі – ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, жергілікті шеберлердің туындылары қойылған жәрмеңке. Қолөнер бұйымдары дауыс беруге келгендер назарына ұсынылды. Мұндай бастама тұрғындарға ерекше атмосфера сыйлап, мерекелік реңк үстеді.

«Достық үйіндегі» №100 референдум учаскесінде Қарағанды облысындағы «Жәдігер» қолөнершілер қауымдастығының мүшелері жәрмеңкенің көрігін қыздыруда. Қауымдастық жетекшісі Перизат Тотыбекованың бастамасымен келген шеберлер көрме-жәрмеңкеге тақиялар, түрлі бас киімдер мен әшекей бұйымдар сияқты ұлттық нақыштағы өнімдерді шығарған.
Жәрмеңкені жеті қолөнерші таңғы сағат 7.00-ден бастады. Дауыс беруге келген тұрғындар жәрмеңкені тамашалап, қайсыбір бұйымдарды сатып алуда.

– Бүгін «Достық үйіндегі» референдум учаскесіне халық көптеп келуде. Біз ұлттық нақыштағы бұйымдарды ұсындық. Дауыс беруге келген тұрғындар бұйымдарға қызығып, тіпті, сатып алып та жатыр. Мен зейнетке шыққаннан кейін құрақ құрай бастадым. Биылдан бері таза жүннен түрлі бұйымдар жасауға кірістім. Осындай көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып, туындыларымды ұсынамын. Отбасымда ұлым да зергер, – деді қолөнерші Бағдат Аубакирова.

Референдум учаскесінде ұйымдастырылған жәрмеңке тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады. Мұндай бастамалар бір жағынан ұлттық қолөнерді насихаттаса, екінші жағынан қоғамда ұлттық құндылықтарға деген құрметті еселей түсетіні даусыз.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



