Жаңалықтар

“Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте…”

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының 15 жылдық мерейтойы өтті. Атаулы шараны орталықтың алғашқы мүшелерінің бірі Эльмира САЙЛАУҚЫЗЫ, продюссер Асхат ҚАЖЫТАЙ және Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ бірлесе ұйымдастырып, демеушіні де өздері тапқан. Орталықтың әр мүшесіне номинация тағайындап, сыйлық әзірлепті. Жинақы әрі мағыналы өрбіген мерейтойлық кеште көптен жүздеспеген қаламдас достарымызбен кездесіп, бір жасап қалдық.

«Облыстық кітапханада жас ақындардың поэзия клубы жұмыс істейді» дегенді естіп, жаңылыспасам, алғаш рет 2009 жылы бардым. Ол кезде №4 мектеп-интернатында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі едім. Жақында ғана оқу бітірген жас маманмын. Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығына арналған кеш болды. Онда осы поэзия клубының алғашқы мүшелерінің бірі, ақын Берікбол Тәжібеков баяндама жасап, таң қалғанбыз. Бұл күн бізге жаңа өмірдің есігін ашты. Мұның алдына М.Мақатаев атындағы облыстық байқауда танысқан Панзат Жұмағұлова, Алмаз Мырзахмет сынды талантты қыз-жігіттер осы клубтың мүшесі екен. Клубтың атауы – «Жыр-Жауһар». Қандай тамаша! Ынтыға түстік. Клуб 3 жыл бұрын Мұқағалидың туған күнінде ашылған. Бұл тарихи шараға мұрындық болған Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Дина Аманжолова мен сол кезде кітапхананың абонемент бөлімінің қызметкері болған Гүлмира Аманкелдіқызы. Келе-келе түрлі өнерпаздар мүшелікке қабылданып, клуб үлкен шығармашылық орталыққа айналды. Қазір клуб қабырғасынан түлеп ұшқан жастар республикалық деңгейде түрлі жауапты қызметтер атқарады.

Осындай қызығы мен шыжығы мол «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығы биыл 15 жасқа толып отыр. 15 жылдыққа жан-жақтан түлектер жиналып, өткенді еске алып, өлең оқып, ән шырқап атап өттік.

Түрлі қызықты ойын ойнап, бәріміз бір-бір номинация мөрленген Құрмет грамотасымен естелік сыйлық алып қайттық. Осы жолдардың авторына, яғни маған «Жауһар журналист» деген аталым бұйырды.

Алдыңғы толқын ағалардан республикалық «Қасым» журналының бас редакторы Серік Сағынтай, «Saryarqa aqparat» медиа-холдингінің директоры Қамбар Ахмет, «Saryarqa» телеарнасы директорының орынбасары Жәнібек Садыханов, ақын Нұрлан Әбілдин қытысып, мерейтоймен құттықтады. Шығармашылық табыс тіледі.

Осы орталықтың жұмысын, мүшелерінің шығармашылығын ынталандыру мақсатында биыл Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалымен бірігіп, Алаш арыстарының мерейтойы аясында мүшәйра ұйымдастырмақшымыз. Шамамыз келгенше ақпараттық қолдау көрсетіп, насихаттауға тырысамыз. Қаламдарыңыз қуатты болсын, – деді Қамбар Жұмағалиұлы.

Кітапхана басшысы Дина Базарбайқызы кеш қонақтарына алғысын айтып, орталықтың тарихына тоқталды һәм өзі де орталыққа мүшелікке қабылданып, «Алтын адам» аталымына ие болды. «Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте» деп Серік Сағынтай ағамыз жырлағандай, жастық шағымыз есімізге түсіп, шабыттанып, арқаланып қайттық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button