Бас тақырып

Ойыннан от шықпау үшін…

Еліміздегі, оның ішінде Қара­ғанды облысындағы лудомандардың санын ешкім дөп басып айта ал­майды. Себебі, бұл – көптің көзінен жабық-жасырын құбылыс. Яғ­ни, ешкімнің ойынқұмар екенін жа­рияға жар салып айтпайтыны өз алдына, жақындарының өзі әбден жараның ауызы ушығып, жетер жеріне жеткен кезде ғана біледі. Ал, есепке дәрігерден көмек сұрап, психикалық денсаулық орталықтарына жүгінген кезде ғана алынады. Қазір Қазақстанда ойын бизнесіне Алматы және Ақмола облысында орналасқан екі аумақта ғана қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Бірақ, одан кейін де жағдай түзеле қалды деп айту қиын. Себебі, көзімізге шұқып көрсетпесе де, оффлайн ойнайтындар үшін жасырын казинолардың бар екенін білеміз. Одан бөлек, цифрлық технологиялардың дамуы негізінде ойын онлайнға кө­шіп кеткен. Тіпті, қарапайым компьютерлік ойындарда да құмар ойындардың элементтері бар екенін айтады мамандар. Сондықтан, лудомания алкоголизм мен нашақорлықтан да қорқынышты. Өйткені, мұнда химиялық тәуелділік жоқ. Лудоман ойын ойнауды доғарғанымен, оның миындағы құмарлықты алып тастау мүмкін емес.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Мемлекет басшысы Қасым­Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады» деп айтқан болатын.

Облыстың экономикалық тер­геп-тексеру департаментінің бі­рінші тергеу басқармасының басшысы Ержан Қалиасқаров ойын бизнесі өзекті мәселелердің бірі ретінде елімізге экономикалық қана емес, әлеуметтік қатер төндіріп отырғанын айтады.

– Заңсыз ойын бизнесінен келетін зиян – ауқымды. Экономикалық жағынан айтар болсақ, тіркелмеген ойын операцияларынан мемлекеттік бюджетке қаржы түспейді. Одан бөлек, әлеуметтік жағы да бар. Мәселен, заңсыз казино, ойын автоматтары және онлайн платформалар құмар ойындарына тәуелділіктің өсуіне бірден-бір себепші. Бұл отбасылардың бұзылуына және азаматтардың материалдық жағдайының нашарлауына әкеледі. Заңсыз ойын операцияларын қылмыстық әрекеттерден де бөліп қарай алмаймыз. Яғни, алаяқтық пен заңсыз ақшаның ізін жасыру да көбінесе дәл осы жерден басталады, – деді Ержан Саматұлы.

Ержан Қалиасқаров елімізде заңсыз ойын бизнесімен күресу үшін лицензиялау бойынша қатаң ережелер енгізілгенін айтады. Одан бөлек, интернет провайдерлерімен бірлесіп, заңсыз құмар ойындар ұйымдастыратын сайттарды бұғаттау шаралары жүргізілуде.

– 2023 жылдан ел бойынша «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн-казино қызметтерін ұсынатын 1216 интернет-ресурсты анықтап, оның 795 сілтемесі бұғатталды, қалғандары бойынша жұмыс жүргізілуде. блогерлермен де тиімді жұмыс атқарамыз. Мәселен, іс-қимыл аясында 35 Instagram аккаунтында заңсыз ойын бизнесін әшкерелеудің 8 фактісі жарияланды, – дейді Ержан Қалиасқаров.

Заңсыз ойын бизнесін анық­тау­да, тергеуде және жолын кесуде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің рөлі маңызды. Атап айт­қанда, күдікті және лицензиясыз операцияларды анықтап, басқа да органдармен бірлесе жұмыс атқаратынын айту керек. Нәтижесінде, заңсыз ойын мекемелері мен интернет-платформалар жабылып, осындай қызметке тартылған миллиондаған теңге ұсталып, қаржыландыру арналары тоқтатылады.

Мәселен, 2021-2024 жылдар аралығында Қарағанды облысында 17 заңсыз ойын мекемесі жабылған. Оның біреуі – букмекерлік кеңсе болса, 13-і – жасырын казино және 3 ойын залы. Ал, ұй­ымдас­тырғандар бас бостан­дығынан айырылған. Одан бөлек, 316 ойын терминалы, яғни, бинго лоттары айналымнан шығарылған.

– Биылғы қазан-желтоқсан ай­­лары аралығында облыстың эко­­номикалық тергеп-тексеру де­пар­­таменті интернет ресурстарын мониторингтеу барысында Instagram әлеуметтік желісінде заңсыз лотерея ұтыс ойынын жүзеге асыратын 6 аккаунтты анықтады. Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде осы аккаунт иелерінің жеке басы анықталды. Ал, заңсыз лотереяны ұйымдас­тырушыларға қатысты жиналған материалдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-тармағы бойынша жауапқа тарту үшін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің индустрия және туризм комитетіне жіберілді. Қазіргі уақытта 2 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Ержан Қалиасқаров.

Айта кету керек, Қазақстанның аумағында лотерея ойнату құқығына «Сәтті жұлдыз» акционерлік қоғамы ғана құқылы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button