«Ойын» опық жегізеді
Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үшінші рет Ұлттық Құрылтай өткені мәлім. Құрылтай мүшелері ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салып, өз ойларымен бөлісті. Негізгі мәселелер мен шешімдер осы Құрылтайда айтылды. Президент Үкіметке құмар ойындар мен нашақорлыққа қарсы күреске қатысты кешенді жоспар қабылдауды тапсырды.
«Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіші. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай отбасының шырқы бұзылды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жастардың көрсеткіші күн сайын артуда. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналды. 4 мыңнан астам сайтты бұғаттап үлгердік. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі таңда елімізде құмар ойындарынан келетін қауіп-қатер үлкен мәселеге айналып отыр. Құмар ойын күннен-күнге түрленіп, қоғамға келтіретін зияны ұлғайып барады. Жеңіл жолмен табыс табуға үйренген адам әртүрлі қиындықтарға тап болып, қоршаған ортадан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, даму секілді адами қасиеттерінен айырыла бастайды. Мұндай ойын адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату секілді жағдайларға жеткізуде.
Психологтардың айтуынша, 17-38 жас аралығындағы азаматтар құмар ойынға жиі әуес келеді. Дәл осы жастағы азаматтар елдің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесі жоғары екенін ескерсек, бұл қоғам үшін қауіпті жағдай.
Мамандар ойынқұмарлықтың нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиян екенін ескертеді. Себебі құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Тіпті, есінен адасып, қылмыстық жағдайларға барып жатады. Осы мәселені тудыртпау үшін жауапты мамандар ойын құмарларға республикалық арнайы орталықтарға жүгініп, қауіптен тегін арылуға кеңес береді. Медицина мамандары құмар ойын тәуелділігінен арылу емделушінің ерік-жігеріне тікелей байланысты дейді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші Ұлттық Құрылтайда «Біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек» деді. Сол бір кеселдің бірі – нашақорлық.
«Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде, синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды», – деп ақпарат берген болатын.
Нашақорлық та қоғамның ең ауқымды мәселесіне айналып отыр. Есірткілерді тұтыну психикалық және тәндік тәуелділікке, адам тұлғасының кейде азғындалуға дейін өзгеруіне, денсаулығының нашарлауына әкеліп соғады және өміріне қауіп төндіреді.
Ашық дерекке сүйенсек, биыл Қарағанды облысында заңсыз айналымнан 185 кг түрлі есірткі заттары тәркіленді, 65 сайт пен аккаунт бұғатталды, олар арқылы есірткі таратылып, жарнамаланған болатын. Президенттің бұйрығы бойынша Қазақстанда 2024-2026 жылдарға арналған заңсыз құмар ойын бизнесімен және күрес жұмыстарына бағытталған кешенді жоспар қабылдау жоспарлануда.
Гүлім ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің ІІ курс студенті.