«Заң және Кейс-Times» ойыны құқықтық сауаттылыққа арналды
Қарағанды қаласында қала мектептерінің қатысуымен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң және Кейс-Times» интелектуалды құқықтық ойыны өтті.

Қарағанды қаласының білім бөлімі, Ә.Бөкейхан ауданы полиция бөлімінің қолдауымен, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде қала мектептері арасындағы интеллектуалды құқықтық ойын «Құқық бұзушылықтың алдын алу» жоспарына сәйкес, «Заң және тәртіп» жобасы мен «Құқықтық навигатор» апталығы аясында ұйымдастырылды.
Ойынның негізгі мақсаты – қатысушылардын құқықтық сауаттын арттыру, заң нормаларын күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету, сыни ойлау мен шешім қабылдауға дағдыларын қалыптастыру.
Ойын бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең – Quiz құқықтық сағаты барысында қатысушылар «Қазақстан Республикасы Конституциясы», «Жасөспірімдер құқығы» бағыттары бойынша 100-500 балдық сұрақтардан тұратын ұяшықтарды таңдап, дұрыс жауап үшін ұпай жинады.
Екінші кезең – «Кейс-Times», яғни, жағдайаттарды талдау. Әр командаға 1 кейс берілді. Оқушылар құқық бұзушылыққа қатысты жағдаяттарды топта талдап, заңға сүйене отырып, өз шешімдерін қорғады.
Үшінші кезең – «Ойталқы» да ұлы тұлғалардың нақыл сөздерін өмірмен байланыстырып, өз ойларын ортаға салды.
Сайыс барысында оқушылар өздерінің құқықтық білімдерін ғана емес, ойлау қабілеті мен шешендік шеберліктерін де көрсете білді. Қазылар алқасы командалардың жауаптарын заңды дұрыс қолдануы, дәлелді ой айтуы және сөйлеу мәдениеті бойынша бағалады.
– Әр оқушы құқығын білуге тиіс. Балаларға құқықтық білім берудің ең тиімді жолдардың бірі – интеллектуалды ойындар. Мұндай форматта оқушы берілген тапсырмаларды орындау арқылы ой-өрісін кеңейтіп, өз құқықтары мен міндеттерін де тереңірек ұғынады. Ойын мен білімді ұштастырған шаралар баланың қызығушылығын арттырып, ақпаратты жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді. Осы іс-шараға қатысқан әрбір оқушы бүгін өзіне қажетті көптеген мағлұмат алды деп сеніммен айтуға болады. Алдағы уақытта да осындай мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор игі бастамалар жалғасын тауып, жиі ұйымдастырылса деген ізгі тілек бар, – деді аға инспектор, полиция майоры Айнұр Жошина.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша Жақып Ақбаев атындағы мектептің оқушылары бірінші орын иеленсе, №65 орта мектептен келген команда екінші орынға табан тіреді. Ал, Жұмабек Тәшенов атындағы мектеп оқушылары үшінші орынға лайық деп табылды. №61 мектеп пен №14 мектеп-гимназиясы командаларына сертификаттар табысталды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға Қарағанды қаласының білім бөлімі атынан І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар мен сертификаттар берілді.
Толғанай БЕРМЕНБЕТ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің IV курс студенті



