«Ойлап тапқан кім бұл қара өлеңді…»
Поэзия патшалығында
Жоқ еді қу дүние, ақша «жыры…»,
Олжастың көкті жарып асқақ үні –
Мына аспан, мынау дала қиыры жоқ,
О кезде Поэзия Патшалығы!
Жақсының жан сүйсінтер сөзіне еріп,
Жаманнан жау көргендей безіп едік.
Шәмшінің вальсіне үйіріліп,
Қадырдың «Ой орманын» кезіп едік.
Тұрсақ та түнде шошып, азан да бұл,
Ескен жел, көшкен жұрт та* назарда жүр.
Бар еді бір-ақ қана кәстөм-шалбар,
Зар еді пасық біткен базарға бір!
Қазтуған шықпай түнде түсімізден,
Айылын жиған көрсе кісі бізден.
Олжастың «Аз И Я»-сын ұрлап оқып,
Қыстығып жүрген кез-ай, ішімізден.
Құдай-ау, осы менің не тірлігім,
Дәл сондай жарық емес бетім бүгін.
Бұл елге басқа белдеу, бөгде жұрттан,
Келген бір эмигрант секілдімін.
Бұл елден мен туған жұрт басқа, мүлдем,
Қайда Олжас бізді оятқан асқақ үнмен?!
…Ғазалды өзегімнен өріп шыққан,
Базарға ауыната бастадым мен…
Бұ жұрттан мен туған ел мүлде бөлек,
Мағжандай қанат қағып Күнге кенет,
Керемет Ғұн елінің сыйқырымен,
Кетейін мұны да жыр, гүлге бөлеп!
Бұ жұрттан мен туған ел, мүлде бөлек…
*Тұран, Алтын Орда империялары.
21.01.2019 ж
***
Басымнан бұлдыр-бұлдыр сағым…
Өтті!
Бұ Дүние – Махаббат һәм Ғаділет-ті.
Хикметін Алланың тәрк қылған,
Пенде деген, қайтейін, лағнетті?!
Хикметіне Алланың қанбас жүрек,
Ғаламзаттың қабағын қан басты кеп.
Адамзаттың алдына бара-бара,
Адастым мен,
Алжастым,
Албасты боп!
Өмірің де – өтірік,
Неге бәрі –
Жалған мына жалғанда өлең әрі?!
Құран алып қолыма, тасбих ұстап,
Мен де Алланың алдына келем әлі.
Енді қайтып бұ жаққа оралмасқа,
Болмау үшін босқа әуре бола алмасқа, –
Кетсем кетем Алланың алдына мен.
Барар жерім қалмады одан басқа.
Басымнан бұлдыр-бұлдыр сағым…
Өтті!
Бұ Дүние – Махаббат һәм Ғаділет-ті.
Хикметін Алланың тәрк қылған,
Пенде деген, қайтейін, лағнетті?!
02.05.2018 ж.
Логика
Маған да ақыл қонбады.
Таңдаулының несібесі-ау ол-дағы?!
«Логика» деп аталатын бір пән бар,
Сорлы басым соны ұға алмай сорлады.
Мен де өзімше несібемді теріп ем,
Ит тірліктің жүріп қия, өрімен.
Ми үнсіз ғап, жүрек сайрап тұрған соң,
Көретұғын көресінді көріп ем?
Түспеген соң басына оны сенбейді ел.
Есебі жоқ есіктерден енбейді ол!
Логикасы жоқ болған соң миында,
Лирикаға кетеді екен мендейлер.
Безем одан, бездім, бездім, бездім мен!
Кеш қалсам да, қайтем, безер мезгілден?!
Лирикадан жетпіс белден асқанда,
Логиканың жақсы екенін сездім мен.
P.S. Әлі де кеш емес, меніңше.
13.04.2021 ж.
***
Ұстамаппын машинаның рөлін,
Рахат қой, жаяу өмір сүремін.
Менің оған шыдамайды нервім мен
Жүрегім!
Ішіп алған біреу сыра, бозаны,
Қайтсе де бір мені басып, озады.
Алатаяқ тоқтатады, сол кезде,
Ұйықтап жатқан кәрі жыным қозады…
Жалған дүние қызыл-жасыл жасанып,
Жүру-дағы қиын боп тұр бас алып.
Әлем қазір мүлде бөлек, қауіпті,
Әйелзаты бара жатыр жасарып!
Бұдан да әрі жасарады ол әлі,
Сонда арқаңа күнде аруақ қонады!
Жолды кесіп кетпегей сол арулар,
Өтсе-ақ бітті, авария болады.
Ұстамай-ақ, сол пәленің рөлін,
Жаяу Мұса құсап өмір сүремін.
Менің оған шыдамайды нервім мен
Жүрегім…
13.04.2021 ж.
Аға
Қуанышбай Құрманғалиға
-1-
Мағынасы өмірдің, мәні осында.
Зәмзәмға емес, тәнті боп қара суға,
Менің күллі ғұмырым өтіп жатыр,
Шыбындар мен араның арасында.
Ділді қайтсін?
Діні де тілге қонып,
Біреу жүрсе, үлде мен бүлде болып,
Қуанышбай дейтұғын бір көкем бар,
Жүретұғын арадай гүлге қонып!
Мен сорлыға қияда Қырымдағы,
«Құлыным!» деп қаншама шырылдады?
Гүлге қонып, шырыннан бал сорады
Боққа қонып жатқанда шыбындары.
Шыбын-шіркейлермен сол алыса алмай,
Тек бер жақта, аржаққа барыса алмай,
Ара болып туған соң арып-аршып,
Бал сормаса, басынан бақ ұшардай!
Мағынасы өмірдің, мәні осында,
Зәмзәмға емес, тәнті боп қара суға,
Менің күллі ғұмырым өтіп жатыр,
Шыбындар мен араның арасында…
-2-
Мен де арамын гүлді іздеп сарынаған,
Тағына алаң, гүл дейтін бағына алаң.
Балсырап бір жүргенде жыныма кеп,
Біреу келіп тисе егер шағып алам!
Бал сорғанда арадай желігіп ем,
Мәжүніндей ынтығып, беріліп ем.
Жақсылардың жанынан сордым балды,
Сұлулардың шиедей ерінінен!
Муза маған жолығып күнде келіп,
Үсті-басы үлде мен бүлде болып;
Баладайын балқимын неге осы мен,
Арадайын мәз болған гүлге қонып?
Күнде болған бұ қызық, түнде болған,
Қарғадайын кірге Һәм күлге қонған,
Қарқ-қарқ етіп жүргенше біреулердей,
Арадайын ғажап қой гүлге қонған!
Гүлмен бірге түнде һәм күнде болып,
Көзім алды үлде мен бүлде болып,
Қайтып келіп, қара өлең, саған берем,
Жинап алған балымды гүлге қонып!
Жоламасын со кезде жаныма адам,
Шағып алам!
Омартаның маңында ойбайлаған,
Түсінікті араның халі маған…
13.04.2021 ж.
Пір
Д.Б.
Ей, Дәурен-ай…
Ит-тіршілік талаған!
Атадан – алтау, бесеу едім анадан.
Тыр-жалаңаш шешіндіріп бір кезде,
Мені-дағы ол сабаған…
Қара өлең бұл – қара тағдыр, қыстаған,
Қасынан – шер, басынан – сор ұшпаған.
Мен де, жаным, Мұқағали дейтұғын,
Пірдің қолын ұстағам!
Халық қайда, тобыр неге құтырды,
Құтырды да құртты-ау, күллі құтымды.
…Өксігіңді өлеңге төк, бауырым,
Мұқағали дейтін Пірің сықылды.
Жырқ-жырқ етіп көппен бірге күле алмай,
Сүйе алмай һәм қасында оның жүре алмай,
«А» дегенде жалын шығып аузымнан,
Айхой, дәурен сүре алмай!
Содан көктеп, өстім бе?
Өкінгенмен енді, әрине, кеш, мүлде.
Өксігіңді өлеңге төк, бауырым,
Керегі жоқ одан басқа ешкімге.
12.04.2021 ж.
***
Жып-жылмағай түр-өңі,
Миы бар да, жоқ сықылды жүрегі.
Бірін-бірі жек көретін екі адам,
Бір-біріне асық құсап жүреді.
Бір-біріне ғашық құсап жүреді.
Мен осы елдің түсінбеймін тірлігін,
Мойындайтын бір-бірінің ірілігін.
Екі ақын бар бірін-бірі сүйетін,
Һәм иттей боп жек көреді бір-бірін!
Бірін-бірі түсінеді күллі жұрт,
Бірін-бірі түсінеді күллі қырт…
Тек мен ғана түсінбеймін ешкімді,
…Мені көрсе кетед неге ел дүрлігіп?
Түсініксіз…
12.04.2021 ж.
Ебіней Бөкетовтің аруағы
(Нұрлан Дулатбековке)
Рухы Бөкетовтің, асып көкті,
Түңіліп түрімізден, басып бетті.
Арқадан сайғақ құрлы сая таппай,
Қашып кетті!
Біреулер кетіп жатса, бірі келіп,
Орыны тұрған-ды ұзақ үңірейіп.
Атырау-Арқа-Алатау-Алтайда да,
Сол Рух жүруші еді күңіреніп…
Мұндағы біз түгілі, Құдайға анық,
Алаш та, аруақ та былай қалып,
Өзінің құт дарыған ұясына,
Қона алмай қаншама ұшты шыр айналып.
Қаншама ел келді, кетті, түскен із жоқ,
(Рухы өзімен ұшты егіз боп!).
Мен сені қаншама уақыт күттім мұнда,
Кел, қоншы үйірімен үш тоғыз боп!
Алдыңнан шығып айхой, алқара көк,
Құшақта Сарыарқаңды айқара кеп!
Ел күтті, бел де күткен көзі талып,
Кел, қоншы, о, Аруақ, арқама кеп!
Құдайға сенбегендер «зорға»* сенер,
Жалп етіп жарқ еткен соң ол да сөнер.
Не болар бұ Алаштың көрген күні,
Арқада аруағы болмаса егер?!
07.10.2020 ж.
Зүбайра ару
(хикая)
Ақсұңқардың Аққуы еді Зүбайра,
Әйелзаттың пәктігі еді Зүбайра!
Сол Аққудың бұ Алашқа бейтаныс,
Естілмеген гәккуі еді Зүбайра!
Аталары бай болған һәм паң болған,
Совет өкіметі келіп сандалған…
Содан қалған тұяқ еді, кейінде,
Ақсұңқар да қарадан шығып, хан болған.
Ақсораңда мекені!
Түсініксіз неге бұлай екені.
Бәрі кетіп жалғыз қалды осында,
Танабастан туған осы екеуі.
Көрген күні сор болып,
Үгітілген сүйегі де бор болып.
Бір еркекке көз салмаған Зүбайра,
Қайтып келді бір жаманға қор болып.
Іші – қобыз сарыны.
Жалғыз қара көзіндегі, әрі іні,
Төркініне қайтып келді жер сүзіп,
Бауырында екі қыз бен бауыры.
Аң-таң қалып іштен тынса ауылы,
Ең сұмдығы, ауыры –
Жалтақ-жалтақ қарайды бұл байғұсқа,
Төрт жасында жетім қалған бауыры…
Бұлтқа батып, шықпастай боп бара ма Ай,
Жалғыз бауыр – бұ да оған баладай!
Талай жігіт сөз салды оған ғашық боп,
Біреуіне қойды соның қарамай!
Тәнті қылған өзіне осы бір елді,
Қайран ару тұйыққа кеп тірелді.
Махаббаттың қызығы мен байды да,
Бауырына айырбастап жіберді!
Бар тілеуі сол жалғыздың жолында,
Бойжеткен соң танып оңы, солын да,
Жат жұрттық боп қыздар кетті, қайтеді,
Қалып қойды бауырының қолында.
Жапырағын мейіріміне бөлеген,
Шөгіп бара жатты, қайран сол емен.
Тексіз жерден келген «келін – келісап!»
Төмпештеген сайын күнде төбеден.
«Шаңырағым енді кімге қалады,
Осы ма еді көрер тағдыр-таланы?»
Одан туған күшік қоса ырылдап,
Талады…
Ақсұңқар жоқ, болар дейтін ұл тұлға,
Ағайын бар, бір қан, бір май ұртында.
Қызыларайдан біз көшкенде дауыс сап,
Жылап қалды біздің үйдің жұртында!
Онда мен де қыршындайын төл едім,
Қоса боздап, көшке ілесе жөнелдім.
…Сол арудың соңында ешкім қалмаған,
Жоқшысы боп, боздашы бір, өлеңім!
16.04.2021 ж.
Азанама
-1-
Мені ылғи өрт пенен дерт айналған,
Меніңше, оған өзім де әбден сай болғам.
Жиырма жаста айырылып әкеден,
Бұ жүрекке шемен содан байланған.
Мына дүние неткен бұлдыр түс еді,
Қай-қайдағы қайдан еске түседі?!
Содан кейін бауырлардан айырылғам,
Біреу емес,
Екеу емес,
Үшеуі.
Қанатымнан қайырылдым,
Қайран да қайран, шешемнен де айырылдым.
Көздің жасын селдетіп бір төктім кеп,
Ол жоқ болса, мен де енді жоқпын деп.
Тастап қатын, баланы осы дүниеге,
Сонымен бір аржаққа өтіп кеткім кеп.
Содан кейін Тұмағамнан* айырылғам,
Нұрағамнан** айырылғам…
Қанатымнан түк те қалмай барады,
Ұша-ұша тасқа тиіп, майырылған.
-2-
Бүгін, тіпті, қанатымнан қайырылдым,
Есенғалидан*** айырылдым!
Терісіне тер сіңбей,
О да кетті мына жерді жерсінбей.
Біздің ел де қызық ел ғой жүретін
Жетесізі жетелісін теңсінбей.
Кетті ол…
Құсын талай қимай ұзатқан,
Қар жастанып, түскен не бір мұзарттан.
Жүре бермей көрінгенмен ұстасып,
Жолы болғай кетіп бұ жақтан.
Сонда отыр ғой Алашыңның асылы,
Алшысынан түсіп күнде асығы.
Онда миын ашытатын ешкім жоқ,
Осында ғой дүниенің пасығы.
Сасығы…
Сыңғырлаған сиқырлы оның күй іші,
Періште мен періштенің сүйісі!
Келмейді ғой біздің мына мұрынға,
О жақтағы ұжмақтың иісі.
Мағжандарын өз қолымен ұзатқан,
Көп ел бізде дәмелі сол жұмақтан.
…Жүре бермей бір иісті иіскеп,
Меніңше, тез кету керек бұ жақтан.
* Тұманбай Молдағалиев.
**Нұрмахан Оразбек.
***Есенғали Раушан.
16.04.2021 ж.
***
Анасымен қатар қойған өлеңді,
Ақын анау дүниеге жөнелді.
Жүріп жатыр талай «ақын» бұ жақта,
Айырмайтын тақпақ пенен өлеңді.
Жүрегін ап кескендейін арамен,
Өмірі – өлең,
Көңілі – өлең,
Ары – өлең!
Ол қазақты қара өлең деп ойлады,
Басқаларға көр-жеріңнің бәрі өлең…
Есенғали жоқ қой,
Сонда мен енді,
Неменеге жазамын сұм өлеңді?!
Соқпа дертті шәйір көп қой бұ жақта,
Содан ғана еңсем еншік, төмен-ді.
Жазды ол бір-ақ том болатын өлеңді,
Соның өзі деді ол өте көлемді.
… Алла менен Абай ғана түсінген,
Ойлап тапқан кім бұл қара өлеңді?
Біреу керауызға
эпиграмма
Қасиет те кетті бізден, құндылық,
Жас Алаш-ау, енді сенде күллі үміт.
«Ұлтым» дейді неге мынау керауыз,
Елдің ішін алатайдай бүлдіріп?
18.04.2021 ж.
Алтын балық
(Пушкиннің әуенімен)
Түс ауған кез, су-дағы салқынданып,
Ұстап алдым мен де бір алтын балық:
Құтқар дедім аюдан батыстағы,
Тулап жатқан мұңлықты алқымға алып!
Тұрғанда біз жыландай арбасып-ақ,
Сонда сорлы басына сауға сұрап:
Баяғыда-ақ құтқарғам деді сені,
«Кетпей жүрген өзің ғой жармасып ап».
Су тына ғап, жағада қамыс ұлып,
Басым лағты, бойдағы қан ысынып:
«Шығыстағы Жыланнан құтқар онда»,
Дедім алтын балыққа жан ұшырып!
Оған да ол көз жасын, көнді бұлап,
Ләм дей алмай мен қалдым,
(Өрлігі ұнап!):
«Оны Құдай біледі, ол да кетер,
Сен Құдайға сенбейсің жөнді, бірақ…
21.04.2021 ж.
Селф-мейд-мен*
(Маралтайға)
Туа сала алып еді мазаны,
Тәңірінің түсті осыған назары.
Бесігінде тербетті оны, емірентті,
Әулие-Ата-Ғайша Бибі ғазалы.
Қалай болса, солай жүріп, албаты,
Аңыз болып көр-жерде оның қалды аты.
Арқасына өлең қонған баланы,
Арбап, тартып тұрады екен Алматы!
Қар жастанып қияда, мұз бүркеніп,
(Қасіретті – Қара өлеңмен бір көріп!)
Алматыға жетіп келді бір күні,
Кеңсай дейтін «кварталға» тіркеліп!
Сағаламай мынаны, не ананы,
Кісі болса, бұ да тағдыр-таланы.
…Жақсы көрем сарайда өскен мырзадан,
Кеңсайда өскен осы шерлі баланы…
*Бәрін нөлден бастап, тірі жанның көмегінсіз, өзі адам болған кісі (ағл.).
23.04.2021 ж.
Қасым – 100
(Қарағанды. 2011 ж. Қасым ескерткіші ашылғанда).
Ақындардың осы тағдыр-таланы,
Сәби еді туғанда ол,
Бала әлі.
Қасым тұрды гүл құшақтап ортада.
Қарағанды – Гүлстанның Алаңы!
Гүл ұсынып кезек-кезек жампаңдап,
Келіп жатты, кетіп жатты ел
Талтаңдап…
Бір пендеден гүл алмаған өмірі,
Ақын қарап тұрды сонда аң-таң ғап.
Жатты оқылып жыр жатқа.
Халық қалды ырғап та бір, жырғап та.
Үш күннен соң гүлдің бәрін артып ап,
Алып кетті біреулер кеп бір жаққа.
Дәл сол күні дүрліктіріп бір елді,
Жасын ойнап, күн де боздап жіберді!
Меніңше, оны лақтырды олар бір жаққа,
Не бір жерде жағып, өртеп жіберді!
…Болдым бүгін сол ескерткіш басында,
Қасқайып тұр Қасым ұқсап жасынға.
Қала – сұп-сұр.
Алаң – иесіз.
Ақынның,
Гүл түгілі, бір қазақ жоқ қасында?
P.S. Неге?
23.04.2021 ж.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты