Жаңалықтар

Қой баққан қоңыр белде, құлын ғұмыр… (Этнографиялық өлеңдер циклінен)

Қойлыбайдың қобызы

Мен туғанда жапан дала, жалғыз үй,
Қоңыр белден естіліпті, зарлы күй…
Бұл мекенде ғұмыр кешкен деседі,
Небір батыр, сөзге шешен арлы Би.

Шаңырақтан шықпаса да шалқып ән,
Қайран әкем ат үстінде толқыған!
Ана әлдиі қуат беріп жаныма,
Жөргегімде жусан исі аңқыған.

Қойлы ауылдың тіршілігі қоңыр күн,
Қоңыр үйде киесі бар Тәңірдің!
Керегенің іргесінен керімсал,
Сар даланың ұмытады сәнін кім.

Жастық қалды боз көделі белесте,
Өткен күндер, бұла дәурен – бәрі есте.
Көз жетпейтін кеңістікті бетке алып,
Өмір дейтін араластым егеске…

Туған жердің түсінгенге нұры құт,
Содан әркез сезуші едім жылылық,
Жалқы сәуле жүрегімде қалса егер,
Ол даламнан жұққан кие, ұлылық.

Ұша бердім қанаттарым талғанша,
Үміт өшіп, азап шекті Ар қанша…
Ала құйын, арпалыспен күн өтті,
Сол киеден сынық сүйем қалғанша!

Мейірімсіз қара тастай кескіні,
Өтер-кетер бұл жалғанның бес күні…
Бақыт деген пенделердің күлкісі,
Өмір деген адамзаттың өксігі…

Күйін кешіп, күңіренген жоқшының,
Соңына ердім Ақсұңқардай* жақсының!
Бірақ менде кереметі болған жоқ,
Қойлыбайдай құдіретті бақсының!

Қанша Ойшыл сарп етсе де ақылын,
Дүниенің кім болжаған ақырын…
Қобыз қылып, қолымдағы қаламды,
Өлеңменен жеткізейін Хақ үнін…

*Серік Ақсұңқарұлы – ақын,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері

 

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ошақ

Енді-енді қауыз жарған сайдың гүлі,
Жайлауға ерте көштік қайбір жылы.
Апанда қар жататын ерімеген,
Түн суық, бозымықтау айдың нұры.

Жалғыз үй жапандағы, ой қуалап…
Ойыншығы балалардың қой құмалақ.
Бауырына тығыламыз Анамыздың,
Жабықтан жалғыз көзді Ай сығалап.

Бала едік көңіліміз тоқ болатын,
Арманның көкке ұшырған ақ қанатын.
Ертемен Анам, біздер тоңбасын деп,
Сиырдың жапасымен от жағатын.

Ошақтың оты маздап, қозданатын,
Бой жылып, кез еді ғой мәз болатын.
Қараша үй түңілігін түрген кезде,
Қағатын көк жүзінде қаз қанатын.

Нәр алған ілкі заман ілімінен,
Ұрпақтың дәстүр жайлы білуі кем.
Жапанда жапа теріп, қиял кезіп,
Ошақтың өсіп едік жылуымен.

Көкте күн, жерде сәби күлімдеген,
Қарлығаш ұя салса ырым көрем…
Қой баққан, қоңыр белде құлын ғұмыр,
Жалғыздық, ой екен ғой – ілім деген.

Бұл тағдыр кез қылмады қай дауылға?!
Бір соқсам қайта айналып, қойлы ауылға.
Ошақтың қызуынан қуат алып,
Уақыт табар едім ойлануға….

***

Қайда екен, балалық шақ… баяғы әнім,
Өшірмей үмітімді аяла мұң…
Ошақтың маздап жанған отын аңсап,
Кей күні тәнім мұздап оянамын.

 

Ықтырма

«Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзекте отырар бай».

Абай.

Бір тұяғы мен едім көшпендінің,
Әлі есімде күзекке көшкен күнім.
Қой айдадым, Қужалдың адырына,
Бұл да болса жігіт боп өскендігім.

Он үштегі бозбала, бұла керім,
Сұрап мінгем әкемнің құлагерін.
Құба жонның үстінде, құрығына –
Хан Кенедей сүйеніп тұрады ерің!

Байтағымды Тәңірім құт қылғасын,
Құпиясын қалайша ұқтырмасын.
Күзекке кеп тіккенде қараша үйді,
Анам бірден құратын ықтырмасын.

«Қазағыңның құлыным данасы бол»,
дейтін Анам жан еді, тобасы мол.
Содан кейін есімде қалған сөзі:
«Ықтырмасы бар үйдің панасы мол».

Күздің желі үзікті сабалаған,
Шекпен киген мән бермес адам оған.
Кенже туған қозы-лақ бүрсең қағып,
Ықтырманың ық жағын паналаған.

Желі босап, жердің де сәні кетіп,
Қара бұлттар жөңкиді, төніп өтіп,
Соның бәрін сезгендей, Қуаң дала –
Құлазиды дүниені тәрік етіп…

Күн қысқарып, уақыт түн ауғанша,
Есімде жоқ еріді қырау қанша.
Ықтырмамен күзекте отырушы ек,
Көбік қары Арқаның бір жауғанша.

***

Тура сөйлер табылмай, таза Биі,
Болмай тұр-ау Алаштың маза, күйі.
Күн батыстан… соққан жел, ойран салды,
Ықтырмасыз қалған соң қазақ үйі…

 

Қозы айыру

Таңғы ұйқының кім қисын тәттілігін,
Қозы бөліп, жаз дәурен өтті күнім.
Таң сәріде әкеміз, оятатын,
Сынға түсер күн сайын ептілігің.

«Құрғай, бөлек», – дауысымыз қырға кетіп,
Қозы айырдық, есейдік, тұлға бекіп.
Қой қайырған, момақан мұңсыз бала,
Ақын болды өзінше жырға жетік.

Өмір жолы бұралаң, тайғақ екен,
Қалай ғана кез болдық жайға бөтен…
Қозы айырған кездерім еске түсіп,
Кейбір кезде тұңғиық ойға кетем…

Самал желмен жарысып тел өскесін,
Қойлы ауылдың іздеймін елес көшін.
Көкек Ана көргенде күрсінемін,
Күресінге тастаған нәрестесін.

Имансыздық кез қылып иірімді,
Неге Тәңір тарылттың пейілімді.
Маң далада маңырап қозы іздеген,
Болмадық-ау қой құрлы мейірімді.

***

Қозы айырып, жүгіріп жан ұшырған,
Әл-дәрменім айғайдан тауысылған.
Әлі күнге оянам кейде шошып,
Азан-қазан қойлардың дауысынан…

 

Ауыздық

Шілде ауып, қарсы алдық тамыз күнін,
Көкпар үшін қолайлы нағыз бүгін.
Айлы, тартпа, құйысқан бәрін қарап,
Күрең аттың салды әкем ауыздығын.

Қойшы ауылдың бірінде төмендегі,
Нәрестенің бесікке бөленгені,
Шілдехана тойына көкпар бермек,
Бала біткен бел буып елеңдеді.

Ер тұрманын тексеріп, үзеңгісін,
Әкем бүгін сынамақ күрең күшін.
Ауыздықпен алысқан күлігім-ай,
Сай болса ғой өзіңе мінер кісің!

Он төрт асқан ол кезде өрен едім,
Атқа отырдым, мен болып сенер Ерің.
Алдымдағы екі ағам, жолын беріп,
Кезім келді! Білмеймін неге менің.

Балғын едім, әлсіздеу білек күшім,
Лүпілдейді дегенмен жүрек тұсым!
Әкем қалды сыйынып дұғасына,
Ұшырғандай қияға түлек құсын!

Шаңға көміп Арқаның шексіз белін,
Сол көкпарды қызықсыз өткізбедім.
Қалды есімде әйтеуір, күш сарқылып,
Қозы көш жер серкені жеткізгенім.

Көз алдымда көлбеңдеп сағым жалын,
Содан кейін күн өтіп ауырғаным…
Сандырақтап сөйлеппін «Ауыздық» деп,
Үрейленіп қарапты бауырларым.

***

Ел мен жердің өзгерді, сәні мүлде,
Марғау күнмен алыстап мәні бірге.
Алагеуім шақта мен «Ауыздықты»,
Неге айттым деп ойлаймын әлі күнге…

Адам бірге туған жоқ жауыздықпен,
Адалдықты жыр етті Абыз біткен…
Баяны жоқ, бейпіл сөз естігенде,
Келіп тұрад тоқтатқым… Ауыздықпен!

Итаяқ

Бала едік… шана тепкен тау басында,
Үйірміз аяқ асты дауласуға.
Жұмажан етек жақтан айғай салды:
«Қасқыр тұр Кәдірсіздің ауласында».

Ұлардай шуға басып, құйын перен,
Қасқырды деп келеміз бұрын көрем.
Малтығып күрте қарға, өкпе өшкен,
Қалайша ұмытайын күнімді ерен!

Бөрінің ұлы мекен, даласы ұлық,
Адамға сыр бермейді, санасы ұлып.
Қанталап екі көзі оттай жанған,
Көк шулан темір торда аласұрып.

Қараймыз, қорқақтаймыз, ептеп анық,
«Апырым-ай» деп қоямыз неткен алып!
Сол кезде сезбеппіз-ау, Көк бөрінің –
жүрегін тұрғандығын кекке малып.

Бас тартқан баһадүрдей сый табақтан,
Санамды көк бөрінің кейпі оятқан.
Аш құрсақ қайран арлан қасарысып,
Жемеді ет берсе де итаяқтан.

О, Тоба! Қасқыр етті жемеді деп,
Басталды бос әңгіме дерегі жоқ.
Түйіні көбік сөздің былай болды:
«Бұл қасқыр қолға үйренбейд, өледі тек».

Ауылда бір қария кере қабақ,
Күреңін астындағы желе, сабап.
Келді де, болған гәпке көз жеткізіп,
«Әкеңдер үйден, – деді, төре табақ».

Табаққа етті салды үйемелеп,
Қазақта ырым менен кие бөлек.
«Тектілер қолын салған ыдыс ед», – деп,
Шырылдап әйел байғұс күйе беред.

Дегенмен Ақсақалдан аса алмады,
Сонымен істі қара, хош алдағы:
Көк бөрі семіз етті қылғытқанда,
Таң қалып, қалың тымақ шошаңдады.

Запыран зарын ішкен заманадан,
Бөріге – қалың иттер абалаған.
Сол қасқыр аңыз болды ауылыма,
Жуынды итаяқтан жаламаған…

***

Тірлікте бәрін Тәңір хош көрген бе?!
Барамыз жылдар салып өскен жерге.
Көк бөрі көз алдыма елестейді,
Алдыма алтын табақ ас келгенде…

Қойлыбай АСАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button