«Офицерлер үйі» қайтарылады
13 мыңнан астам халқы бар Приозерск қаласында осы уақытқа дейін Мәдениет үйі болмаған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметов мәлімдеді. Тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес мәдениет үйі есебінде бұрынғы «Офицерлер үйінің» ғимараты қалаға қайтарылмақшы.

Қала басшысының айтуынша, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен келіссөздер жүргізілген. Нысанды Приозерск қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы уағдаластыққа қол жеткізген. Қазіргі уақытта жер учаскесін бөлу және техникалық құжаттаманы дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Ғимарат апат алдындағы жағдайда және күрделі жөндеуді қажет етеді. Барлық құжаттарды рәсімдеп, қала балансына бергеннен кейін біз қайта қалпына келтіруді бастаймыз. Екі жылдың ішінде бұл мәселені толығымен шешеміз деп ойлаймын, – деп атап өтті Мансұр Ахметов.
Бұдан бөлек, тұрғындар көтерген мәселелер өзектілігіне қарай біртіндеп шешіліп жатыр деген қала басшысы шағын шаһарда алдағы уақытта атқарылатын жоспарлармен де бөлісті.
Спикердің мәлімдеуінше, сәуір айында 210 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы толығымен аяқталады. Сондай-ақ, бүгінгі күні қалада 320 орындық балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, биыл құрылысын бастау жоспарда тұрғанын жеткізді. Құрылысты қаржыландыру күтілуде.
Мансұр Ахметов биыл Приозерск қаласын дамыту үшін көп жұмыс жасалатындығына тоқталды. Атап айтқанда, ұзындығы 1,86 шақырым жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін ағымдағы жөндеу жоспарланған. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымын үздіксіз өткізу үшін қуаты 1 МВт дизельді генератор сатып алынған. Сондай-ақ, №2 су жинағыштың шатырын, ғимаратын және жабдықтарын жөндеу жоспарланған. Қалада әлеуметтік осал топтарының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. Биыл жергілікті билік төрт қабатты үйді жөндеумен айналысатын кәсіпкерден 20-ға жуық пәтер алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Б.Момышұлы көшесіндегі екі үй күрделі жөндеуден өтеді. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл жобалардың барлығы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Қала басшысы Президент тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қала бойынша таза бейсенбіліктер мен сенбіліктер тұрақты өткізіліп тұратындығын атады.
– Қаламызда санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 1 300 тонна қоқыс және 2 500 тонна құрылыс қалдықтары шығарылды. 600 мың гектардан астам жер мен жағалау тазартылды. Сондай-ақ, 20 мың шаршы метрден астам газон шөптерін күтіп-ұстау, 800 дана ағаш отырғызу, 500 дана қураған ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары жүргізілді. Аталған санитарлық тазалау жұмыстарына мекеме қызметкерлерінен басқа, бизнес өкілдері, қала тұрғындары мен оқушылар да қатысты, – деді қала әкімі Мансұр Ахметов.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»