Аймақта жедел жәрдем қызметі 115 жаңа автокөлікпен толықты
Адам өмірі мен денсаулығы әрдайым мемлекеттік саясаттың басты назарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – ел дамуының маңызды бағыттарының бірі екенін бірнеше мәрте атап өтті. Осы бағытта облыста медициналық инфрақұрылымды нығайту, әсіресе, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс бойынша заманауи реанимациялық және диагностикалық құралдармен жабдықталған 113 жедел жәрдем көлігі медицина ұйымдарына табыстады. Оның ішінде, 8 реанимобиль бар. Сонымен қатар, Саран қаласы мен Топар кентінде екі модульдік жедел жәрдем қосалқы станциясының құрылысы басталды.

– Медициналық көмек «алыс жерде» емес, ең алдымен, тұрғындарға жақын болуы тиіс. Осы мақсатта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 92 медициналық нысан салынды. Оның 51-і қайтарылған активтер есебінен құрылған арнайы мемлекеттік қор қаражатына жүзеге асырылды. Бұл ауыл тұрғындарының аса өзекті қажеттіліктерін жабуға мүмкіндік берді. Биыл Үкімет арнайы мемлекеттік қордан 6,2 млрд теңге бөліп, облыстық онкологиялық орталықтағы операциялық-реанимациялық блоктың құрылысын аяқтауға және оны заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыруға қаржы бағыттады. Бұл – өңір үшін стратегиялық маңызы бар маңызды жоба, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңірде тек бастапқы медициналық көмек қана емес, жоғары технологиялы медициналық қызмет түрлерінің де қолжетімділігі артып келеді. Теміртауда ангиографиялық операциялық блоктың құрылысы аяқталды. Балқашта бұрынғы санаторий ғимаратын оңалту орталығына айналдыру жұмыстары жалғасуда, сондай-ақ, көпбейінді ауруханада күрделі жөндеу жүргізілуде.

Сонымен қатар, өңірде томотерапия орталығы, эксперттік деңгейдегі УДЗ орталығы ашылып, екінші сызықтық үдеткіш іске қосылды. Нейрохирургия саласында алғаш рет медициналық Remebot роботы пайдаланылып, миға күрделі оталар жасалуда. Медицина саласындағы кадр тапшылығын азайту мақсатында ауылдық ауруханаларға 67 жас дәрігер жұмысқа тартылды. Оларға 8,5 млн теңгеге дейін біржолғы қаржылай қолдау көрсетіліп, тұрғын үй мәселесін шешуге де жағдай жасалуда. 2023 жылдан бері медицина қызметкерлеріне 250 пәтер берілді.

– Бұл жолғы жаңа көліктердің келуі арқылы бізге қажетті автопарктің қоры толық жабдықталды. Барлығы 113 жаңа көлік келді. Оның ішінде, заманауи аппараттармен жабдықталған 8 реанимобиль бар. Дефибриллятор, кардиограф, өкпені жасанды желдету аппараттары – бәрі соңғы үлгідегі техника. Бұл құралдар телеметрия арқылы кезекші дәрігермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Мен жедел жәрдем саласында 31 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұрын мұндай деңгейдегі аппаратурамен жұмыс істеген емеспіз. Қазір медицина қызметкерлері үшін де, халық үшін де жағдай әлдеқайда жақсарды, – деді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас фельдшері Оксана Топчий.

Оның айтуынша, жаңа автокөліктер облыстың қалалары мен ауылдарына қажеттілікке қарай бөлінеді. Теміртауда жедел жәрдем автопаркі толықтай жаңартылып, қалаға 13 жаңа көлік беріледі.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



