Облыстық тілдерді дамыту басқармасының жаңа басшысы тағайындалды
Енді Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасын Алма Қабыкенқызы Шалабаева басқарады. Бұған дейін ол Қарағанды облысының білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

Алма Қабыкенқызы «қазақ тілі және әдебиеті», «құқықтану» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын Осакаров ауданы Николаевка ауылындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады.
Мемлекеттік қызметте 1999 жылдан бері табысты еңбек етіп келеді. Осакаров ауданы әкімі аппаратының бас маманы, Осакаров кентінің әкімі, Осакаров ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарды. Осы ауданда ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерін басқарған, аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
2025 жылдың қаңтарынан бастап осы тағайындауға дейін Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Басқарманың бұрынғы басшысы Салтанат Әбеуова зейнеткерлік жасына жеткеннен кейін еңбек демалысына кетті.