АймақБас тақырыпҚарағанды

Облыстың су ресурстарын басқаруға француз технологиялары енгізіледі

Қарағанды облысында су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытында озық технологиялар енгізіле бастады. Бұл бастама Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғырту міндеттерін орындауға арналған. Аймақта француздың SUEZ компаниясымен әріптестік орнатылып, су шығынын азайту, тиімділікті арттыру және қызмет сапасын жақсарту бойынша бірлескен жобалар қолға алынды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Бірнеше ай бұрын біз SUEZ атты ірі француз компаниясымен келісімге қол қойдық. Бұл – су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы әлемдік көшбасшы. Қазіргі таңда жұмыс басталып кетті. Компания мамандары келіп, қазір талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Amanat партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында. – Су және су ресурстарына қатысты мәселелер ауқымды. Біз бұл саланы ретке келтіретін боламыз.

Айта кетейік, үшжақты ынтымақтастық туралы келісімге SUEZ International SAS, Қарағанды облысының әкімдігі және Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы қол қойды. Бұл әріптестік аясында озық технологияларды енгізу, сумен жабдықтау тиімділігін арттыру, су шығындарын азайту және қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шешімдер әзірленеді.

Amanat партиясының облыстық филиалында өткен отырыста Мемлекет басшысының «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауын іске асырудың негізгі мәселелері талқыланды. АӨК, ТКШ, жастар саясаты және басқа да бағыттар қамтылды.

– Бүгінгі таңда мемлекет ауыл шаруашылығына көп қаражат құйып жатыр, алайда нәтижесін де күтеді – біз шынымен де экспорт үшін жұмыс істеуіміз керек. Мен әрдайым айтып жүремін: ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері болуы тиіс. Алдымызда үлкен міндеттер тұр – оларды орындауымыз керек. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі сенімді қолда болуы үшін, өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге тиіспіз, – деді облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан фермерлер одағы филиалының төрағасы Игорь Жабяк.

Кездесуде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру және өңірлік Жол картасының тармақтарын орындау мәселелеріне де назар аударылды.

Ермағанбет Бөлекпаев облыста экономиканың өсімі жалғасып жатқанын, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын айтты. Сегіз айда өнеркәсіптік өнім көлемі 7%-ға артып, 3 трлн теңгені құрады. Негізгі капиталға 644,7 млрд теңге инвестиция салынды, өсім – 11,1%. Жыл соңына дейін 2000-нан астам жұмыс орнын ашумен 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жұмыссыздық деңгейі 4% – бұл ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Amanat партиясының облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков партиялық жұмыстың тиімділігі халықпен өзара байланысқа тікелей тәуелді екенін атап өтті.

– Amanat – бұл тек саяси институт қана емес, нақты істердің қозғаушы күші. Біздің міндетіміз – халыққа жақын болу, олардың сұраныстарына жедел әрекет ету, кері байланысты күшейту және әлеуметтік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету, – деді ол.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button