Облыстық бюджет: әлеуметтік саланың әлеуеті үшін
Көптің көкейіндегі мәселені қозғап, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізіп жүрген облыстық Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында өңірдің 2024 жылдарға арналған бюджет жобасы қаралды. Отырыс тізгінен кеңес төрағасы Жәнібек Садыханов ұстады.
Облыстың қаржы басқармасының басшысы Людмила Башаринаның айтуынша, 2024 жылы бюджеттің негізгі бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі. Яғни, жалпы бюджет 470,1 млрд. теңге десек, оның 303,5 млрд. теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған. Қаржы материалдық-техникалық базаны нығайтуға, әлеуметтік сала нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады. Одан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-4 сынып оқушылары мен мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілерін тамақтандыру да осы 303,5 млрд. теңгенің ішінде.
– Бюджеттен бөлінетін қаржыға жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша науқастар тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етіліп, ауылдық жерге жұмыс істеуге жіберілетін медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Одан бөлек, жан басына шаққанда спорттық және шығармашылық тапсырыстарды қаржыландыру, жас мамандарға тұрғын үй қарыздарын беру, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау да бар, – дейді Людмила Викторовна.
Бюджеттің әлеуметтік саладан кейінгі қомақты бөлігі экономиканың нақты секторына бөлінеді. Людмила Башарина бұл салаға 101,6 млрд. теңге жіберілетінін айтып отыр. Атап айтсақ, аталған бағыт бойынша шағын және орта бизнеске, агроөнеркәсіптік кешенге қолдау көрсетіледі. «Отбасы банк» арқылы кеншілер мен металлургтердің ипотекалық бағдарламасын іске асыру да экономиканың нақты секторының еншісінде.
Людмила Башарина «Ауыл – ел бесігі» жобасы да бюджеттен тыс қалмайтынын айтып отыр. Ол үшін ауылдық елді мекендерде тұрғын үйлерді, әлеуметтік сала нысандары және инженерлік инфрақұрылымды салу және реконструкциялауға қаржы бөлінеді.
Ал, мемлекеттік шығыстарға 2024 жылы 38,9 млрд. теңге бөлінеді. Ол үшін аудандар мен қалаларға нақты бір мақсаттарға қаржы бөлініп, жергілікті атқарушы органның республикалық бюджетке борышы өтеледі. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен төтенше жағдайлардың алдын алуға 22,5 млрд. теңге қарастырылғанын айтып отыр басқарма басшысы.
Қоғамдық кеңес мүшелері Ақтоғай ауданына трансферт арқылы бөлінген қаржыны бағдарламаларды көрсете отырып, нақты көрсетуді сұрады. Басқарма басшысының айтуынша, 2024 жылы Ақтоғай ауданына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінетін трансферттік қаржы – 3,2 млрд. теңге. Оның 841,5 миллионы – республикалық бюджеттен, ал, 2,3 млрд. теңгесі облыстық бюджеттен. Қаржының біраз бөлігі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына жұмсалмақ.
Қоғамдық кеңес мүшесі Ниқанбай Омарханов Ақтоғай ауданындағы «Балқаш-9» радиолокациялық станциясына тоқталды. Айтуынша, станцияны бірнеше жыл қатарынан Экология және табиғи ресурстар министрлігіне беру туралы сөз қозғалып келе жатқанымен, әлі ешқандай нәтиже бермеген. Қарағанды облысы бойынша экология департаменті өкілінің айтуынша, бұл – тарихи экологиялық ахуал. Бүгінде департамент қызметкерлері қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттарды дайындап, мемлекеттік сараптамаға тапсырған.
Одан бөлек, Қоғамдық кеңес мүшелері облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы арқылы «бұлтты сервистерге» бөлінетін 8 млрд. теңгеге қатысты да сұрады. Басқарма басшысы Константин Ильницскийдің айтуынша, бұл қаржы 4056 бейнекамераның 3 жылғы қызметіне жоспарланған.
– Әр құрылғы үшін абоненттік төлем орта есеппен 56 мың теңге. Сұралған қаражат үш жылға жоспарланған. Осыған ұқсас жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Бұл ретте камералар сатып алынбайды. Біз тек қызметті ғана сатып аламыз. Ал, пайдаланылғаннан кейін камералар мен байланыс құралдары қызмет ұсынушының өзінде қалады. Камераларды өзіміздің сатып алмауымыздың себебі – 4 мың құрылғыны бір ғана басқарманың бақылауы мүмкін емес. Оған қызметкерлердің жалақысын қосыңыз. Камера мен серверлік қуатты толық қамтитын штатты ұстап тұра алмаймыз, – дейді Константин Ильницский.
Облыстық бюджет бөлінісінде Қоғамдық кеңес мүшелері Қарағанды қаласындағы №3 көпбейінді ауруханасы ғимаратының жөндеу жұмыстарына неліктен қаржы қарастырылмағанын да назардан қалдырған жоқ. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Сүртібаеваның айтуынша, 2018-2022 жылдары облыстық бюджет есебінен 160 млн. теңге бөлініп, аурухананың қасбетті және эндоскопиялық бөлімшесі жөнделген. Одан бөлек, облыстың денсаулық сақтау басқармасымен келісе отырып, көпбейінді аурухана ғимаратында кәсіпорындар қаражаты есебінен шаруашылық үй-жайларға кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, бұрынғы облыстық балалар клиникалық ауруханасының емханасы 2024 жылдың қаңтарында ашылатын 100 төсектік химиотерапия бөлімшесіне қайта жабдықталады. Жобаның жалпы құны – 570 млн. теңге. Жалпы бюджеттің әр тиыны шашау шықпай, мақсатты жұмсалуы үшін кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың қызметін қырағы бақылауда ұстайды.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz