Бас тақырыпБасты тақырып
Облыстық бюджет бекітілді
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXVIII сессиясында 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет бекітілді. Сессияны ашқан облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов бюджет өзгерістерінің кең көлемде талқыланып, тиісті органдармен жан-жақты пысықталғанын атап өтті.

–Нақтыланған бюджеттің негізгі сипаттамалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарын көрсетеді: шығыстардың 90,5%-ы сумен, жылумен және газбен жабдықтау салаларындағы инженерлік коммуникацияларды салуға және реконструкциялауға, әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғын үй қоры объектілерін, сондай-ақ жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, жолаушылар тасымалын субсидиялауға және ветеринария саласындағы іс-шараларды іске асыруға ерекше назар аудардық. Түзетілген бюджет қаражатының 4,2%-ы әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын жөндеуге және нығайтуға, сондай-ақ жыл соңына дейін білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және ішкі саясат мекемелерін күтіп ұстауға шоғырландырылған. Қосымша қаражаттың 2,8%-ы ішкі істер органдары мен төтенше жағдайлар департаментіне қолдау көрсетуге бағытталған, – деп атап өтті Нұркен Кобжанов.

Мәслихат төрағасының атап өтуінше, енгізілетін өзгерістер осыған дейін облыстық бюджет комиссиясының, облыс әкімдігінің, Қоғамдық кеңестің отырыстарында, сондай-ақ облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген және бірлескен отырыстарында қаралған.
Сессияда сонымен қатар амбулаториялық емдеу кезінде азаматтардың жекелеген санаттарына тегін медициналық көмектің, оның ішінде дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың кепілдік берілген көлемін қосымша беру туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, облыстық мәслихат депутаттары құрамына енгізілген консультативтік-кеңесші органдардың құрамы бекітілді.
Сессияда қабылданған барлық шешімдер депутаттық корпустың бақылауында болады.
Аяулым СОВЕТ