Облыстық «Бұқарекең жырлайды» байқауы өтті
Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдық округінің Мәдениет үйінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Бұқарекең жырлайды» атты облыстық байқау өтті. Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқау. Биыл он сегізінші рет ұйымдастырылған өнер додасына өңірдің аудандары мен қалаларынан жүз шақты үміткер қатысты.

Ұйымдастырушылардың бірі – айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов «Бұқарекең жырлайды» атты байқаудың негізгі мақсаты мен міндетіне тоқталды.
– Байқаудың мақсаты – ел бірлігі мен сөз шындығын ту еткен әйгілі Бұқар жырау Қалқаманұлының жалынды жырларын, асыл мұрасын дәріптеу. Сонымен қатар, жыршылық, жыраулық дәстүрді жаңғыртып, насихаттау, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру. Жыл сайын қатысушылардың саны көбейіп келеді. Бұқар жыраудың елуден астам жырын жаттаған оқушылар бар. Бұның барлығы әлбетте көңілге зор қуаныш ұялатады. Ұйымдастырудағы үмітіміз ақталуда. Келешекте осы балалар халқымыздың ұлы мұраларын ұрпаққа жеткізетін алтын көпірге айналатынына сенімдімін. Ақпарат ағынында, жалпы цифрлық дәуірде ұрпаққа осындай байқаулар ұйымдастыру маңызды, – деді Айтбай Жұмағұлов.
Байқау төрт номинация бойынша өтті. «Бұқар жырауша» номинациясында ақындар жыраулық стильде жазылған авторлық туындыларын ұсынды. Жыраулар поэзиясы үлгісінде жаза отырып, қоғамның күрделі мәселелерін өз толғауына арқау етті. «Бұқар жырау оқуларында» Бұқар жыраудың шығармашылығын, яғни, жыр-толғауларын жатқа, мәнерлеп оқыды. «Жыршы-жыраулар сайысында» әнші-жыршылар Бұқар жырау Қалқаманұлының жыр-толғауларын белгілі бір музыкалық аспапта мақамға салып орындады. «Әлемді түгел білсе де…» өзге ұлт өкілдері арасында Бұқар жыраудың жыр-толғауларын қазақша, орысша және өз тілінде жатқа, мәнерлеп оқыды.
Алаш баласына есімі мәшһүр жыршы-термеші, өнер зерттеушісі Елдос Еміл қазылар алқасының төрағасы болды. Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сержан Мұсайын мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бағдат Мүбарак және филология ғылымдарының кандидаты Саржан Такиров, айтыскер ақын Нұрмұхамед Байсүгіров қазылық етті.
Сайыстың қорытындысы бойынша, қатысушылар әр номинациядан жүлделі орындарға, алғыс хаттар мен Доскей Әлімбайұлы, Абай Құнанбайұлы, Мәди Бәпиұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Маясар Жапақұлы, Әбдиман Игенсартов, Қайып Айнабеков, Жәкен Байтуов атындағы арнайы жүлделерге ие болды.
«Бұқар жырауша» номинациясында қазылардың шешімімен I ші орынға ешкім лайық деп танылмады. Ал, II орын Мәмәли Тоқтамұрат пен Ернат Кемаловқа бұйырды. III орын Жайнагүл Мұратбектің және Айтуар Бекежановтың қанжығасында. Алтынбек Абзалбеков арнайы жүлде алды.
«Бұқар жырау оқулары» номинациясында Марат Алтынай топ жарды. II орын Асылжан Кошеғұлова мен Аяулым Мейіржановаға берілді. III орын Сезім Дүйсенбай мен Камиль Тілеуқабыл, Аружан Берікбаеваға табысталды. Дараға Кенжеғалиға, Арман Айтбекке, Айбота Сияға арнайы жүлде берілді.
«Жыршы-жыраулар» номинациясында Әділ Дәулен қара үзді. II орын Сардар Абдуллаға бұйырды. IIІ орын Дарын Даулен мен Виктория Аленинаға тиесілі болды.
Арнайы жүлде – Жайнагүл Мұратбек пен Айсері Молдағалида.
«Әлемді түгел білсе де…» номинациясында Екатерина Шержанова үздік атанды. II орынға Бугинова Влада лайық болды. III орын Зиёда Абдикаримовада. Арнайы жүлде Константин Разливановтың еншісінде.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»



