Бас тақырыпЖаңалықтар

Облыстың ауылдық елді мекендерінде 92 жаңа медициналық нысан пайданалуға берілді

Қарағанды облысында денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Ауылдық елді мекендерде 92 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, оның 51-і арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынған деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігі сайтына сілтеме жасап.

Сурет облыс әкімдігі сайтынан

Өңірде медициналық қызмет сапасын арттыру мен шұғыл көмек көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске асуда. Бұл жұмыстар облыс орталығымен қатар, басқа қалалар мен аудандарда да белсенді жүріп жатыр.

Теміртау қаласында ангиографиялық операциялық бөлімшенің құрылысы толық аяқталды. Балқашта бұрынғы шипажай ғимараты қайта жаңғыртылып, оның негізінде реабилитациялық орталық ашу және көпбейінді аурухананы күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасуда.

– Биыл Үкімет Қарағанды қаласындағы №3 көпбейінді аурухана онкоорталықтың операциялық және реанимациялық блогының құрылысын аяқтап, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге арнайы мемлекеттік қордан 6,2 миллиард теңге бөлді. Бұл облысымыз үшін ең маңызды жобалардың бірі, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Облыста жедел жәрдем қызметінің автопаркі толық жаңартылып, 113 жаңа көлік сатып алынды.

Дәрігер кадрларын тарту және ауылдық денсаулық сақтау мекемелерін мамандармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

– Биыл 67 жас дәрігер ауылдық ауруханаларға жұмысқа келді. Біз оларды көтерме ақы төлеу арқылы қолдаймыз, оның мөлшері 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды, – деп атап өтті өңір басшысы.

Сонымен қатар, тұрғын үй мәселесі де шешілуде: 2023 жылдан бері медициналық қызметкерлерге 250 пәтер берілді.

Материалды әзірлеген Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button