Облыста зардап шеккен азаматтардың Anti-Fraud арқылы 23 миллион теңгесі қайтарылған
Қазіргі таңда тек технология түлеп қана қоймай, сонымен қатар, тұтас өмір салты өзгерді. Әйткенмен, ғаламтор кеңістігіне еніп, қолымыздағы ұялы телефон қаржы мен ақпарат алмасудың кілтіне айналған сайын, қауіптің де жаңа түрі пайда бола бастады. Ол – көзге көрінбейтін онлайн алаяқтық.

Соңғы жылдар мұғдарында елімізде интернет арқылы жасалатын қаржылық қылмыстар күрт көбейді. Бір сәттік бейқамдық кей азаматты миллиондарынан, кейбірін бар жиғанынан айырды.
Мемлекет үшін қауіпсіздік ұғымы тек шекара мен қорғаныс шебімен шектелмейді. Қазіргі заманда қауіптің бір ұшы ғаламтордың өзінен өріп шықты. Соңғы жылдары онлайн алаяқтықтың түрлері мен тәсілдері күрделене түсті. Бірі өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, тұрғынның сеніміне кірсе, енді бірі жалған инвестициялық платформалар арқылы жеке тұлғаның қаржысын иемденеді. Алаяқтық әрекет көбіне қашықтан, байланыс желісі мен әлеуметтік желілер арқылы жасалады.
Осыған байланысты Үкімет тапсырмасымен елімізде Anti- Fraud орталығы құрылды. Бұл – банктер, құқық қорғау органдары және байланыс операторларының бірыңғай ақпараттық алаңы. Жүйе қаржылық операцияларды талдап, күдікті транзакцияларды автоматты түрде анықтайды. Жалпақ тілмен айтқанда, ол онлайн кеңістіктегі «ақылды күзетші». Anti-Fraud орталығының жұмыс істеу принципі – нақты уақыт режимінде банктер арасындағы күмәнді аударымдарды тоқтатып, қаражатты бұғаттау. Яғни, алаяқтың әрекеті әлі толық аяқталмай тұрып-ақ, жүйе оны байқап қояды. Мемлекет басшысы Жолда- уында атап өткендей, бұл орталықтың қызметі қаржы институттарының жауапкершілігімен қатар жүруі тиіс. Сондықтан, банктер мен микроқаржы ұйымдары клиенттердің жеке деректерін қорғауға және бейтаныс операцияларды бақылауға міндеттеледі.
Қазірдің өзінде Anti-Fraud жүйесі арқылы елімізде миллиондаған теңге көлеміндегі қаражат азаматтарға кері қайтарылып, жүздеген алаяқтық әрекеттердің жолы кесілген. Цифрлық кеңістік – шексіз мүмкіндік пен шектеусіз қатердің тоғысқан тұсы. Соңғы жылдары аймағымызда да интернет арқылы жасалатын алаяқтық оқиғалары жиілей түскен. Облыстық поли-ция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бері аймақ көлемінде 2 мыңнан астам тұрғын онлайн-алаяқтардың құрбанына айналып, жалпы шығын көлемі 2,8 миллиард теңгеден асқан.
Қылмыстардың басым бөлігі – банктік және инвестициялық алаяқтық. Яғни, өздерін «банк қызметкері», «полиция өкілі» немесе «мемлекеттік органның қызметкері» ретінде таныстыратын күдіктілер бейнебайланыс арқылы хабарласып, тұрғынды қауіпсіздік мақсатында өз атына несие рәсім- деп, оны «қауіпсіз шотқа» аударуға үгіттейді. Бір қарағанда қисынсыз көрінетін мұндай әрекеттерге сеніп қалатындар аз емес. Ал, облыс полицейлері соңғы айларда 7 SIM-бокс құрылғысын анықтап, олар арқылы жалған нөмірлерден қоңырау шалуға мүмкіндік жасаған 5 күдіктіні ұстаған. Сонымен қатар, Ұлттық банктің Anti-Fraud орталығы арқылы облыс аумағында зардап шеккен азаматтарға 23 миллион теңге қайтарылып, тағы 30 миллион теңгеден астам сома бұғатталған.
– Қарағанды өңірі еліміздегі ең ірі өндіріс пен технологиялық әлеуетке ие аймақ болғадықтан, мұндағы ақпараттық инфрақұрылым да көлемді. Демек, қауіптің ауқымы да кең. Сол себепті өңірде киберқауіпсіздік пен цифрлық қорғанды күшейту бағытында кешенді шаралар жүзеге асып келеді. Біз тек алаяқтар- ды ұстаумен шектелмейміз. Басты мақсат – қылмыстың алдын алу. Қазір әрбір күдікті аударым неме-се күмәнді хабарлама Anti-Fraud орталығының фильтрінен өтеді. Бұл жүйе – қарағандылық тұрғын- дардың қаржылық қауіпсіздігін қорғаудағы ең тиімді құралдардың бірі, – дейді облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі Дінмұхамед Ғалиұлы.
Қауіптің алдын алу – күрестің ең ұтымды жолы. Сол мақсатта облыста онлайн-алаяқтықтың алдын алу мақсатында кешенді ақпараттық және ағартушылық науқан жүйелі. Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы, Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, тұрғындар арасында цифрлық сауаттылықты арттыру бағытында түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Қоғамдық орындарда, базар мен сауда орталықтарында, оқу орындары мен кәсіпорындарда, әсіресе, халық көп жиналатын жерлерде түсіндіру жұмыстарыжүріп жатыр. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ақпараттық парақшалар таратылып, волонтер-лердің қатысуымен профилактикалық акциялар өтуде. Аға жедел уәкіл Дінмұхамед Ғалиұлының айтуынша, әрбір түсіндіру науқанының нәтижесі нақты статистикамен көрініс табуда.
– Соңғы айларда тұрғындар тарапынан күдікті хабарламаларға байланысты жедел желіге түсетін хабарламалар саны артты. Бұл арқылы халықтың ақпаратқа бейілдігі мен сақтығының артқанын көре аламыз. Біз үшін басты нәтиже – қылмыстың азаюы ғана емес, азаматтардың саналы түрде сақтығының қалыптасуы, – дейді ол.
Мәселен, биылғы тоғыз айда облыс аумағында интернет ала- яқтық фактілерінің бір бөлігі алдын ала ескертіліп, бұғатталған. Anti-Fraud орталығының техникалық жүйесі күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтап, банктермен бірлесе отырып, қаржыны қаттап тастаған. Соның арқасында жәбірленушілерге 23 миллион теңге қайтарылып, 30 миллион теңге бұғатталған. Қазір түсіндіру жұмыстары- ның ауқымы кеңейді. Әсіресе,жастар мен зейнеткерлер арасында онлайн-алаяқтықтың белгілерін тануға бағытталған бейнероликтер мен әлеуметтік баннерлер жиі көрсетілуде. Оқу орындарында «Цифрлық қорған» атты дәрістер өтіп, жұмыс берушілер мен банктер өз қызметкерлерінің ки- берқауіпсіздік дағдыларын жетілдіріп жатыр.
Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген 232-1-бап бойынша – өз банк картасын үшінші тұлғаға пайдалануға бергендерге («дроперлерге») түсіндіру жұмысы күшейтілді.
Аймақта қолға алынған кешенді жобалар мен Anti-Fraud жүйесінің іске қосылуы – осы бағыт- тағы нақты нәтиженің айғағы. Бүгінде бұл жүйе банк операциялары мен интернет төлемдерін автоматты түрде бақылап, күмәнді әрекеттерді бірден тоқтатып отыр. Ал, полиция мен банктердің, бай- ланыс операторлары мен жер-гілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы өңір тұрғындарының сенімін арттыра түсуде. Қауіп көзге көрінбейді. Бірақ,оның салдары ауқымды. Сол себепті, өз дерегіңізді, өз уақытыңызды, өз қаржыңызды қорғау жолында – тек жеке мүдде емес, азаматтық жауапкершілікті танытқан абзал!
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



