Облыста заманауи модульді ветеринариялық пункттер ашылуда
Қарағанды облысында ауылдық жерлерде ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін жаңа модульді пункттер ашылып жатыр. Бұл жұмыстар 2021–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасы аясында қолға алынған.

2024 жылы облыстың алты елдімекенінде модульді ветеринариялық пункттер салуға 100 миллион теңге бөлінген болатын. Жоспарға сәйкес нысандар Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандарында және Сәкен Сейфуллин кентінде бой көтеруі тиіс еді. Алайда мердігер мекеме – «ПСК Строй Инвест» ЖШС жұмысты уақытылы аяқтамай, құжаттар сотқа жіберілді. Соған қарамастан, Абай ауданының Көксұн ауылында құны 143 миллион теңге болатын үлгілік ветеринариялық пункт салынып, аудандық ветеринариялық станцияның балансына берілді.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Ветеринариялық желіні дамытуға тағы 100 миллион теңге бөлінді. Қаражат есебінен Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра аудандарының бірқатар ауылдарында және Саран қаласында жаңа пункттер салынды. Қазіргі уақытта оларды жергілікті ветеринариялық станцияларға беру рәсімдері жүргізілуде.
Қарағанды облысында модульді ветеринариялық пункттердің ашылуы ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы маңызды қадам болып отыр. Бұл нысандардың жұмысы мал басын аурудан қорғап қана қоймай, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА