АймақБас тақырыпҚарағанды

Облыста қыстау маусымына дайындық толық аяқталды

Қарағанды облысында мал қыстатуға арналған 952 қыстау бар. Олардың негізгі бөлігі Қарқаралы, Шет және Ақтоғай аудандарында орналасқан. Қыс маусымына дайындық толық аяқталып, өңірлерде жағдайды бақылау үшін арнайы мониторинг штабтары жұмыс істеп тұр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте егін жинау науқанының қорытындылары мен қыстаулардың дайындығы қаралды.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Төлеубековтің мәліметінше, биыл облыста 1,1 млн тонна астық, 303,7 мың тонна картоп, 38 мың тонна көкөніс және 65,3 мың тонна майлы дақыл жиналды. Өнімді сақтауда қиындық жоқ: өңірде жеті астық қабылдау кәсіпорны, 598 астық қоймасы және 138 көкөніс-картоп сақтау қоймасы жұмыс істеуде.

Аграрлар келесі егіс маусымына дайындықты бастап кеткен: тұқым сапасы тексеріліп, минералды тыңайтқыштарды сатып алуға келісімшарттар жасалып жатыр.

Мемлекеттік қолдау көлемі де айтарлықтай. Биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 5,7 млрд теңге бөлінсе, «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары бойынша қаржыландыру 15,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техника паркі жаңартылып, соңғы бір жылда 1000-нан астам бірлік техника сатып алынған.

Кеңесте мал шаруашылығының қазіргі жағдайы да айтылды: облыста 428 мың бас сиыр, 686 мың қой-ешкі, 380 мың жылқы және 1351 түйе бар.

– Барлық қыстаулар ауыз сумен қамтамасыз етілген. 79,8%-ы электр желісіне қосылған, қалғандарында баламалы қуат көздері бар. Ұялы және стационарлық байланыс толық қолжетімді, – деді Әнуар Төлеубеков.

Қажетті мал азығы қоры жеткілікті. Қар түсе бастаған кезеңде жолдарды тазарту үшін арнайы техника алдын ала әзірленген.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қысқы кезеңнен қауіпсіз өту және алдағы егіс науқанына сапалы дайындалу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button