Бас тақырып

Облыстағы 6 мектеп онлайн оқуға көшірілді

Қарағанды облысында эпидемиологиялық ахуал өршіп тұр. Тұрғындар арасында ЖРВИ мен тұмау жұқтырғандар көбейді. Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, биылғы 1 қазан мен 20 қараша аралығында ЖРВИ-мен ауырғандардың 75 мың 859 жағдайы тіркелді. Науқасқа шалдыққандар арасында 14 жасқа дейінгі балалар да бар. Олардың үлесі 57 пайызды құрап отыр. Тіпті, тұмаумен ауырған оқушылар саны күрт өскен облыстағы алты бірдей мектеп онлайн оқуға ауыстырылды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Вирус, әдетте, жыл сайын күзгі-қысқы кезеңде өршиді. Бұл кезеңдегі маусымдық вирустың, яғни А (H3N2) типті тұмаудың 61 жағдайы тіркелді. 14 жасқа дейінгі балалар оның 80% құрайды, барлығының себебі ортақ – вакцинацияланбаған. Қаулыға сәйкес, бір сыныпта оқушылардың 30 пайызы немесе одан да көп үлесі ЖРВИ-мен ауырса, сынып онлайн оқуға көшеді. Бүгінде ауырған оқушылардың көптігіне байланысты облыстағы 6 мектептің 29 сыныбы онлайн оқу форматына ауысты.

– Бұл вирус жаңа штамм емес, аурудың көріністері тұмаудың клиникалық көрінісіне сәйкес келеді – олар дене қызуының күрт көтерілуі, бастың және бұлшықеттің ауруы, қалтырау, дененің ауыруы. Тұмаудан басқа, аймақта басқа вирустар да айналымда бар. Зерттелген 492 үлгінің ішінде тұмау емес вирустар 44% құрады, олардың ішінде риновирус (44%), парагрипп (25%), боковирус (12%), аденовирус (9,5%), РС вирусы (1,3%) басым және басқалары бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, биылғы эпидемиялық маусымда тұмау вирусының үш штамы өзекті болады – A (H1N1), A (H3N2) және B. Олардың барлығы тұмауға қарсы вакцинаның құрамына кіреді, бұл аурудың ауыр түрлерінен қорғауды қамтамасыз етеді, – деді Қарағанды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин. 

Бүгінгі күні 164 249 адам тұмауға қарсы вакцинациядан өткен. Егу А(H3N2) қоса алғанда, айналымдағы өзекті штаммдардан қорғауды қамтамасыз етеді.

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастыруда және тұрғындарды тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу шараларын сақтауға шақырады.

Атап айтқанда, адамдар көп жиналатын жерлерде, әсіресе жабық үй-жайларда көп жүрмеуге үндейді. Түшкіру немесе жөтелу сияқты ауру белгілері бар адамдармен байланысты мүмкіндігінше шектеу қажет. Қолды сабынмен жиі және мұқият жуу, дымқыл гигиеналық және дезинфекциялық құралдарды үнемі пайдалану керек. Бөлмені жиі желдетіп, үнемі таза ауамен жаңарту, құрамында С дәрумені бар тағамдарды мүмкіндігінше көп жеу, аурудың алғашқы белгілерінде өзін-өзі емдемеу, уақтылы медициналық көмекке жүгіну де маңызды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button