Аймақта облыстық прокуратураның бастамасымен «Құқықтық тәртіп әліпбиі» атты ауқымды акция өтіп, өңір жұртшылығы құқық қорғау органдарының жұмысымен етене танысты. Акция қоғам арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мен азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін күшейтуді мақсат тұтты.

Акция аясында облыс пен аудан прокуратуралары өз жұмыс кабинеттерін қоғам өкілдеріне айқара ашты. Депутаттар, журналистер, блогерлер, жастар ұйымдары мен азаматтық қоғам белсенділері прокуратура органдарының күнделікті қызметін бақылап көрді. Қатысушылар қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істерді қарау тәртібімен, сот процестеріне прокурорлардың қатысуымен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекетін жүргізу ерекшеліктерімен және кезекші прокурорлардың жұмысымен танысты.
– Акцияның басты мақсаты – прокуратура қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету. Азаматтар сот процесін, оның қалай жүретінін өз көзімен көрсе, құқық қорғау жүйесіне деген сенімі артады. Прокуратура – адам құқықтарын қорғаудағы шешуші орган екенін әр тұрғын айқын түсінуі керек. Өкініштісі, бүгінде әлеуметтік желіде біз көбіне тек көңіл көтеретін контентке үңіліп, пайдалы құқықтық ақпаратқа ден қоймаймыз. Ал, бізге керек білімнің бәрі – ғаламтордың өзінде тұр, – деді облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.
Әрі қарай қонақтар тақырыптар бойынша топтарға бөлініп, азаматтардың өтініштерін қабылдау, процестік бақылау, құжаттық тексеріс және салалық бөлімшелердің жұмысын бақылады.
– Біз прокуратура, киберқадағалау қызметі, тергеу изоляторларының жұмысымен жан-жақты таныстық. Өкінішке қарай, интернеттегі әккі алаяқтардың «жеңіл табыс» туралы уәдесіне алданып қалатын жастар аз емес. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Жеңіл жолмен келетін ақшаның да ақыры жақсылыққа әкелмесі кәдік. Қандай да бір қылмыстық әрекет түптің түбінде адамды заң алдында жауапқа әкелетіні анық, – деді облыстық азаматтық альянстың төрағасы Дмитрий Полторенко.
Акция соңында қатысушылар қоғам мен прокуратура арасындағы өзара іс-қимылды күшейту бағытында ұсыныстарын ортаға салды. Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда тұрғындардың да, мемлекеттік органдардың да ортақ мүддесі бар екені анық. Сондай-ақ, облыстық жобалау офисі алдағы уақытта профилактикалық іс-шараларды кеңейтіп, құқықтық білімді насихаттайтын жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



