Бас тақырып

Облыста полиция 600-ден астам көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті

Қарағанды облысында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Соның салдарынан Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Қарағанды бағыттарында көктайғаққа байланысты 600-ден астам автокөлік жолда қалып қойды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық Полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны мен аумақтық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері жедел түрде жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары жолда қалған көлік құралдарын ұйымдасқан түрде ілесіп алып жүріп, қауіпсіз аймақтарға жеткізді.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, қазіргі уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда.

– Басты міндетіміз – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау және олардың діттеген жеріне аман-есен жетуін қамтамасыз ету. Осы мақсатта барлық қажетті шаралар қабылдануда, – деді ол.

Жол қозғалысына шектеу енгізілген кезеңде кейбір азаматтар тарапынан наразылық та байқалды. Алайда полиция қызметкерлері қабылданып жатқан шаралар жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін қолға алынғанын түсіндірді.

– Қойылған шектеулерге қарамастан жолға шығуға тырысқан жағдайлар болды. Мұндай әрекеттер адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан жүргізушілерден қолайсыз ауа райы кезінде жолға шықпауды және полицияның ескертулеріне түсіністікпен қарауды сұраймыз, – деді Жасқайрат Қайыров.

Айта кетейік, демалыс күндері жол жабық екеніне қарамастан ескертулерді елемей жолға шыққан төрт жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция департаменті мұндай жағдайда жауапкершілік шаралары қатаңдатылатынын ескертеді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button