АймақБас тақырыпҚарағанды

Облыста қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары жалғасуда

Соңғы үш жылда Қарағанды қаласында қоғамдық көлік жүйесі айтарлықтай жаңарды. Автобустар саны бір жарым есеге артты, қозғалыс тұрақтылығы жақсарып, бұрын қоғамдық көлік қатынамаған аудандар жаңа бағыттармен қамтылды. Облыс орталығында қоғамдық көлікті жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

– ONAY! жүйесінің енгізілуі жолаушылар ағынын толық бақылауға мүмкіндік беріп, түсім жоспарын алып тастауға жол ашты. Бұл, өз кезегінде, кондукторлардан бас тартуға мүмкіндік берді. Енді жүргізушілер кесте бойынша жұмыс істейді, өзара жарыспайды. 18 жасқа дейінгі балалар үшін жол жүру тегін, – дейді Қарағанды қаласының ТКШ бөлімінің жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Темірлан Талдыбаев.

ONAY! жүйесі арқылы алынған мәліметтер негізінде жолаушылар ағынына байланысты мемлекеттік субсидиялар тиімді бөлініп келеді. Бұл тасымалдаушылардың шығындарының бір бөлігін жабуға және автопарктерді жаңартуға мүмкіндік береді.

Қалада ең көп тасымал көлемін қамтамасыз етіп отырған – №3 автобус паркі. Мұнда қала ішіне және қала маңына қатынайтын 448 автобус қызмет көрсетеді. Кәсіпорында мыңнан астам адам жұмыс істейді, олардың 600-ден астамы – жүргізушілер. 2023 жылы парк 146 жаңа автобуспен толықтырылды, ал биыл тағы 70 автобус жеткізіледі деп жоспарлануда.

– Біз жүйелі түрде дамып келеміз: жылжымалы құрамды жаңартып, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасап жатырмыз, – дейді кәсіпорын директоры Артур Григорян. – Биыл автожуу және қазандық жаңғыртылды, қызметкерлерге арналған спорттық-сауықтыру кешені салынды. Сондай-ақ, жүргізушілердің артық жұмыс істемеуі үшін кестелерді қайта қарап, бағыттардағы қауіпсіздікті арттырудамыз.

«Таксокомбинат-1» кәсіпорны қала маңындағы бір бағытты қоса алғанда, барлығы жеті бағытқа қызмет көрсетеді. Мұндағы 115 автобустың 64-і – отандық QazTehna маркалы жаңа көліктер. Автопарк бүгінде жөндеу базасын кеңейтіп, аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

– Бұрын бізде тек жеңіл автокөліктерге арналған база болған, енді үлкен автобустарға қызмет көрсету қажет. Осыған байланысты жөндеу бокстарын кеңейтіп, автожууды жаңартып, жөндеу аймағын қайта жабдықтап жатырмыз. Алдағы уақытта №28 және №31 бағыттарды күшейтіп, ескі автобустарды ауыстыру үшін 20-ға жуық жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр, – дейді кәсіпорын директоры Алексей Пен.

Қарағандыда тек көлік қана емес, сонымен қатар инфрақұрылым да жаңартылуда. Қала бойынша 73 аялдама жаңғыртылып, жаңа аялдамалар абаттандырылды.

Маршруттық желі кеңейіп келеді: соңғы жылдары алты жаңа бағыт іске қосылып, тұрғындар өтініштеріне сәйкес қозғалыс сызбалары қайта қаралды. Мысалы, №012 маршрут енді Пришахтинск пен Михайловканы байланыстырады, ал №66 бағыт Майқұдықтың жоғарғы шағын аудандарының тұрғындары үшін қарбалас уақытта үлкен көмек болып отыр. Жақын арада жаңа маршрут – Пришахтинск – Майқұдық – Оңтүстік-Шығыс бағыты іске қосылмақ.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button