Облыста мүгедектігі бар балаларды қолдау жүйелі түрде кеңейіп келеді
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен, салалық басқармалар басшыларымен, сондай-ақ қала және аудан әкімдерімен өткен кезекті кездесуінде мүгедектігі бар балаларды қолдаудың өзекті мәселелері талқыланды. Кездесудің негізгі бағыттары білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қорғау салаларын қамтыды.

Мұндай форматтағы кездесулер тоқсан сайын өткізіліп, бұрын берілген тапсырмалардың орындалуын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді. Ата-аналардың айтуынша, соңғы уақытта оң өзгерістер нақты сезіле бастады. Егер бұрын күн тәртібінде 30-ға жуық өткір мәселе көтерілсе, бүгінде олардың саны екі есеге қысқарып, көпшілігі бойынша нақты іске асырылатын шешім тетіктері қалыптасты. Балалар мен ата-аналар үшін қызметтер мен мамандарға қолжетімділік кеңейіп, шығармашылық және спорттық бағыттар дамып келеді, ал бірқатар бастамалар республикалық деңгейде қолдау табуда.

Биылғы жылдың маңызды нәтижелерінің бірі – аутистік спектрдегі бұзылыстары және өзге де менталдық ерекшеліктері бар балаларға арналған күндізгі орталықтың ашылуы. Мұндай орталықтың қажеттілігі ата-аналар тарапынан үш жыл бұрын көтерілген еді. Осы уақыт ішінде ғимарат таңдап, күрделі жөндеуден өтті, сондай-ақ білікті мамандардан құралған штат жасақталды. Қазіргі таңда орталық алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдай бастады.

Оң өзгерістер тек облыс орталығында ғана емес, өңірдің өзге қалалары мен аудандарында да байқалуда.
Денсаулық сақтау саласында Қарағанды облысында 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтардың тістерін «Севоран» препараты арқылы емдеу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл бұл қызметті 350 адам пайдаланды. Бағдарлама облыстық бюджет есебінен қаржыландырылады және тұрғындар үшін тегін ұсынылады.

Білім беру саласында да жаңа бастамалар іске қосылды. Атап айтқанда, аутистік спектрдегі бұзылыстары бар балалармен үй жағдайында жұмыс істеу дағдыларына ата-аналарды оқыту ұйымдастырылып, оған 50 адам қатысты. Сонымен қатар Балқаш қаласында түзету кабинеті, ал Қарағандыда №3 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес өз жұмысын бастады.
– Балабақша тәрбиешілері мен дене шынықтыру пәні мұғалімдерін ерекше балалармен жұмыс істеуге оқыту бойынша сұраныс түсті. Келесі жылы 300 тәрбиеші мен 500 мұғалімді бейімделген дене шынықтыру әдістері мен осындай балаларды сүйемелдеу тәсілдеріне үйрету жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, келесі оқу жылынан бастап №4 мектеп зияткерлік бұзылыстары бар балаларға арналған №11 арнайы мектеп-интернат болып қайта құрылады. Бұл мәселе де ата-аналар тарапынан кездесуде көтерілген болатын, – деді білім басқармасының бас маманы Галина Әбішева.
Маңызды әлеуметтік бастамалардың қатарында мүгедектігі бар жасөспірімдердің кәсіби бағдарын дамытуға бағытталған ACET inclusive жобасы бар. Жоба қатысушыларға өз қабілеттеріне сай бағытты анықтауға, бейімделу кезеңінен өтуге және нақты еңбек процесінде өзін сынап көруге мүмкіндік береді. Биыл «Жасыл ел» бағдарламасына алғаш рет мүгедектігі бар жасөспірімдер тартылып, бұл олардың алғашқы еңбек тәжірибесіне айналды.
Кездесу барысында балаларға арналған секциялар мен үйірмелерді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ата-аналар бұрыннан көтеріп келе жатқан иппотерапия – менталдық бұзылыстары бар балалардың физикалық дамуын, қимыл-қозғалыс үйлесімділігін және әлеуметтік бейімделуін жақсартуға бағытталған тиімді әдіс. Биыл бұл қызметтің Теміртау қаласында іске асырылатыны белгілі болды. Бұған дейін иппотерапия шектеулі түрде тек Қарағанды қаласында ғана қолжетімді болған.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі ата-аналардың белсенділігі мен азаматтық ұстанымына алғыс білдірді.
— Көтерілген барлық мәселелер қосымша зерделенеді. Біздің міндет — әрбір сұрақ бойынша нақты әрі тиімді шешім жолдарын табу. Басқармалар тарапынан жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Сіздерді, әсіресе балаларға, оның ішінде мүгедектігі бар балаларға қатысты мәселелер бойынша, осындай кездесулерді жалғастыруға шақырамын. Бұл бізге жұмысты жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесуде айтылған оң өзгерістерді ата-аналар мен қоғамдық ұйым өкілдері де растады.
«Батыл жүрек» қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы Оксана Югай соңғы уақытта мәселелерді шешу тәсілі жүйелі сипат алғанын атап өтті.
— Соңғы бір жылда ауқымды жұмыс атқарылды және оның нәтижесі анық көрініп отыр. Бұрын мәселелер жеке-жеке қаралатын: ата-аналар дербес түрде жүгініп, өтініштерін қалдыратын. Қазір жаңа жобалар іске қосылып, оңалту орталықтары ашылып, білім беру әдістері жетілдіріліп, мүгедектігі бар балалар үшін мүмкіндіктер кеңейіп келеді. Балалар ойын алаңдары, театр үйірмелері, көтергіштердің орнатылуы және өтініштерімізге құлақ асқан қолдау үшін ерекше алғыс білдіреміз, — деді Оксана Югай.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен



